20 наурыз. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 20 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

172 жыл бұрын (1851-1914) Түркі әлемінің қоғам қайраткері, саясаткер, ағартушы, қаламгер, газет редакторы, баспагер, түркінің ортақ ойшылы, жәдитшілдіктің негізін салушы Ысмайыл ГАСПЫРАЛЫдүниеге келген.

Ол Бақшасарай медресесінде бастауыш білім алды. 1861 жылы Ақмешіттің орыс мектебіне түскен. Кейінгі үш жыл ішінде, 1867 жылға дейін Воронеждегі әскери училищеде және Мәскеудегі 2-ші әскери гимназияда оқыған. Гимназияда білім алған кезде ол Михаил Катковтың үйінде тұрды. 1868-1871 жылдары Бақшасарайдағы Зінжірлі медресесінде және Ялтадағы Дерекөй медресесінде дәріс берген. Балаларды оқытқан кезде білім берудің жаңа тәсілін жетілдірді. Бұл оқиға жәдидизм қоғамдық-саяси қозғалысының бастауы еді. 1871-1873 жылдары Парижде тұрған, журнал-жарнама агенттігінде жұмыс істеген. Орыс жазушысы Иван Тургеневтің жеке хатшысы болды. Орыс газеттері үшін мақалаларын жазуды бастады. 1873-1875 жылдары Ыстанбұлда тұрған. 1878 жылы наурыз айында Бақшасарай қалалық думасының басшысы болып сайланады, ал қараша айында қала әкімшілігінің басшысының орынбасары болып тағайындалады. 1879-1884 жылдарында Бақшасарай қаласының басшысы болып істейді. Қарапайым халық үшін аурухана ашқан, қалада көшелерге электр шамын орнатты. 1905 жылы Ресей Мемлекеттік Думасының бірінші шақырылымының депутаты болып сайланды, Думада мұсылмандардың «Иттифак-и-мүслимин» деген депутат тобын ұйымдастырған. 1883 жылдан бастап Бақшасарайда «Тәржіман» газетін шығарды. Бұл газет көптеген адамдардың санасын оятып, татар, қазақ, өзбек, тағы басқа халықтардың зиялы қауымының ойларына әсер еткен еді. Көп жылдар «Миллет» («Ұлт») апталық газетін, «Ха-Ха» сатиралық журналын, діни күнтізбелерді шығарған.

154 жыл бұрын (1869-1936) музыка сыншысы, этнограф, композитор Александр Викторович ЗАТАЕВИЧ дүниеге келді.

Ресейдің Орел облысында туған. Ресейдің Орел қаласындағы әскери гимназияны бітіріп, Варшавадағы (Польша) «Варшавский дневник» атты үкіметтік газеттің музыка және театр бөлімін басқарды.

1920 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынборға көшіп келді. Осы кезеңнен бастап ол ғасырлар бойы ауызша таралып келген қазақ халқының музыка мұрасын нотаға түсіріп, ұлттық ән-күйлердің сақталып қалуына зор мүмкіндік жасады. Халықтың кәсіби әнші-күйшілерінің шығармашылық қызметін, орындаушылық шеберліктерін зерттеп, өте құнды мағлұматтар жинады. Ақан сері, Біржан сал, Абай, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Құрманғазы, Мұхит, Дәулеткерей, Тәттімбет, т.б. шығармаларын алғаш рет жарыққа шығарды. Этнографтың «Қазақ халқының 1000 әні» кітабының 1-ші басылымы 1925 жылы, 2-ші басылымы 1963 жылы шықты. 1931 жылы «Қазақтың 500 ән-күйі», 1971 жылы «Песни разных народов», жарияланбаған «Қазақ музыкасының 3-томы» деп аталатын жинақтарында қазақ халқының классикалық ән, күйлерінің үлгілері мол орын алған. Мұнда қазақ музыкасының көптеген теориялық және тарихи мәселелерінің беті ашылды. Ол қазақтың кәсіби музыкасының («Қазақ музыкасы» атты фортепьяналық шығармасы) негізін салушылардың бірі. 1925-1927 жылдары фортепьяналық пьесалар циклін, 1925 жылы «Халық тақырыбына жазылған миниатюралар», 1927 жылы «Қазақтың халық әндері тақырыбы бойынша фортепьяноға арналған пьсалар» жазды. 3атаевич қазақ музыкалық фольклорының жиналу дәстүрін қалыптастырып, одан әрі А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Б.Ерзакович, М.Төлебаев, Л.Хамиди, т.б. жалғастырды.

108 жыл бұрын (1915-1986) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы ТӘШЕНОВ дүниеге келді.

Ақмола облысы Аршалы ауданы Бабатай ауылында туған. Ақмола құрылыс техникумын (1932), КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін (1955) бітірген. Экономика ғылымының кандидаты.

1934- 1939 жылдары Бейнетқор ауданы атқару комитетінің хатшысы, аудан жер бөлімінің меңгерушісі, 1939 - 1943 жылдары Ақмола облысы жер бөлімі бастығының орынбасары, 1944 - 1947 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары, мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 1947 - 1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы (1948 - 1952), 1952 - 1955 жылдары Ақтөбе облысы партия комитетінің 1-хатшысы, 1955-1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, 1960-1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.

Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталды. «Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. «Ұлтшыл» деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. 1961 - 1975 жылдары Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Өмірінің соңғы кезеңінде «Қаракөл» ғылыми-зертханалық институтында, Оңтүстік Қазақстан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

88 жыл бұрын (1935-2011) Қазақстан халық жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Алматы облысы Енбекшіқазақ ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. «Пионер» журналының әдеби қызметкері, «Жазушы» баспасының редакторы, аға редакторы, «Балдырған» журналының жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. «Балдырған» журналының бас редакторы болды.

Тұңғыш өлеңдер жинағы 1957 жылы «Студент дәптері» деген атпен жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде ақынның қырықтан астам кітабы басылды. Бірнеше жинақтары орыс тілінде Мәскеу, Алматы баспаларынан шықты. Орыс және батыс классиктерінің, сондай-ақ туысқан республикалар ақындарының өлендерін қазақшалаған.

Н.Тілендиевтің, Ш.Қалдаяқовтың, Ә.Бейсеуовтың көптеген әндеріне өлең жазған («Құстар қайтып барады», «Әнім сен едің», «Ертіс вальсі», «Шақырады көктем», т.б).

«Парасат» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған. Республика Комсомолы сыйлығының, Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының Физули атындағы Халықаралық сыйлығының иегері.

73 жыл бұрын (1950) «Табиғат» Қазақстанның кәсіпорындары мен қауымдастықтары экологиялық одағының төрағасы Мэлс Хамзаұлы ЕЛЕУСІЗОВдүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Алматы біріккен авиажасағында бортсерігі, комсомол комитетінің хатшысы, Алматы қаласының Октябрь ауданында жедел комсомол жасағының командирі болды, 1978 жылдан «Жетісу» аяқ киім фабрикасында, Алматы теміржолының байланыс дистансасында жасады. 1982 жылдан - «Зергер» бірлестігі бас директорының орынбасары. 1984 жылдан «Алматы» кеңшарының бас инженері, «Қазгипроводхоз» институты директорының орынбасары.

Қазіргі қызметінде - 1989 жылдан бері.

Қоғамдық конструкторлық бюро құрды, «Идея бар» деген журнал шығарды. Кен орындарында экологиялық сараптамалар жүргізуге қатысты. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ЮНЕП (БҰҰ) сыйлығының лауреаты. Копенгагенде және Канкунда өткен жаһандық климат жылынуы жөніндегі Бүкіләлемдік саммиттердің қатысушы.

60 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әлібек Ибатуллаұлы НӘУТИЕВ дүниеге келді.

Гурьев (қазіргі - Атырау) облысында дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын зоотехник (1994); Х. Досмұхамедова атындағы Атырау университетін қаржы және несие (2001); «Қайнар» Орталық Азия университетін заңгер (2003) мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: Махамбет ауданының «Бахсай» совхозындағы ветеринарлық дәрігер (1986-1987); Бақсай» совхозындағы комсомол ұйымының хатшысы (1987-1989); Комсомол комитетінің хатшысы және Махамбет ауданының жастар комитетінің төрағасы (1989-1992); Махамбет ауданы әкімдігіндегі экономика комитетінің төрағасы (1992-1993); Махамбет ауданы әкімінің орынбасары (1993-1997); Қызылқоға ауданының әкімі (1997-2003); Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі (2003-2008); Атырау облысы әлеуметтік қорғау Департаментінің директоры (02.2008-11.2008); Атырау облысы Индер ауданының әкімі (01.2009-09.2009); «АИНА» компаниясы директорының орынбасары, NCPOC қоғамдық компаниясымен байланыс жөніндегі маман (2009-2014); Атырау облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы (2014-2015); Атырау облысы Махамбет ауданының әкімі (2015-2016); Атырау облысы әкімінің орынбасары (2016-2021); Атырау облыстық мәслихатының хатшысы (2021-2023).

Қазіргі қызметінде – 2023 жылдың қаңтарынан бастап.

«Құрмет» орденімен (2005); «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

56 жыл бұрын (1967) ҚР Литва Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Бибитәлиұлы УРАЗАЕВ өмірге келді.

Ақтөбе облысында туған. Ақтөбе педагогикалық институтын бітірген, ағылшын және неміс тілі оқытушысы (1991); Ресей Федерациясы СІМ халықаралық дипломатиялық курстарын бітірген (1999).

Еңбек қызметі: Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің консулы (1993-2003); ҚР СІМ ТМД істері жөніндегі комитетінің бөлім бастығы, ҚР СІМ ТМД істері жөніндегі комитетінің Ресеймен ынтымақтастық басқармасының бастығы (2003-2004); Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы уақытша сенімді өкілі (2004-2008); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ТМД департаментінің директоры (2008-2011); ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі (Ауғанстан жөніндегі арнайы өкіл) (2011-2016); Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2016-2021). ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей, Кавказ және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы еуропалық елдері департаментінің директоры (2021-2022).

Қазіргі қызметінде - 2021 жылғы ақпаннан бастап.


Соңғы жаңалықтар