20 наурыз Қазақстан қаһармандарының күні болуы керек - Бақытжан Ертаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілуіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат Астананың атауын Нұрсұлтан деп өзгерту бастамасы 2015 жылы көтерілгенін еске салды.

«Бірақ Елбасы салмақтылық танытып, бұған қолдау білдірмеді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен лайықты бастамаға қолдау жасалды», - деді Б. Ертаев «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар депутат жастардың патриоттық тәрбиесінде 20 наурыз Қазақстан қаһармандарының күні болуы керек деген ұсынысын айтты.

«Нұрсұлтан Әбішұлы президенттік өкілеттігін тоқтатса да, біз үшін Елбасы болып қала береді. Елордаға Елбасының есімін беру бастамасына қолдау жасалғанына барша Қазақстан халқына құттықтауымды айтқым келеді. Маған кезінде Елбасы «Халық қаһарманы» атағын берген уақытта, барлық жауынгер сарбаздардың атынан алғысымды айтқан едім. Осы орайда кеше Нұрсұлтан Назарбаевқа осы атақ берілген сәтте қатты сүйсіндім. Елбасы нөмір бірінші «Халық қаһарманы» атанды. Менің ойымша, жастардың патриоттың тәрбиесі жолында 20 наурыз Қазақстан қаһармандарының күні болуы керек», - деді Ертаев.

Естеріңізге сала кетейік, 20 наурыз күні Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын берді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент міндетін уақытша атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы ұсыныс жасаған болатын.

Парламент Астананың атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы құжатты қабылдады.

Соңғы жаңалықтар