20 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2023 жылғы 20 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік ауызша тарих айту күні

Алғаш рет Швецияда 1990 жылдардың басында Барлық жыршылар күні ретінде аталып өтілді. Мереке ауыз әдебиетін (фольклор) насихаттайтындарға арналған. 1997 жылы оны түрлі атаумен Аустралия мен Латын Америкасында атап өтті. 2001 жылы Интернеттің арқасында бұл мереке Скандинавияға таралды. Кейін Швециядан Норвегияға, Данияға, Финляндия мен Эстонияға, Канадаға жайылды. 2005 жылдан бері мереке Дүниежүзілік тарих айту күні ретінде рәсімделді.

Бүкіләлемдік ауыз қуысының саулығы күні

Жыл сайын атап өтіледі, әлемдегі миллионнан астам тіс дәрігерлері өкілдерінен тұратын 130 елдегі 200-ден астам стоматологиялық одақтарды біріктіретін Женевада орналасқан коммерциялық емес ұйым Дүниежүзілік стоматологтар қауымдастығы 2013 жылы құрған. Дүниежүзілік стоматологтар қауымдастығы үкіметтердің, денсаулық сақтау ұйымдарының және жалпы қоғамның назарын ауыз қуысының саулығын сақтаудың маңыздылығына аударуды мақсат етеді. Әлем халқының шамамен 90% -ы өмір бойы ауыз қуысының белгілі бір ауруларына тап болады, бірақ гигиенаны сақтау арқылы олардың көпшілігінің алдын алуға болады.

Халықаралық бақыт күні

БҰҰ бастамасымен аталып өтетін мереке. 2012 жылы бұл күнді Бутан корольдігі ұсынды. Ұйымның Бас Ассамблеясы өзінің резолюциясында бақытқа ұмтылу адамзаттың негізін қалаушы күш екенін атап өтіп, бұл күні көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын шараларды жүзеге асыру қажеттігін алға тартқан.

Бүкіләлемдік астрология күні

Астрология (грек тілінде astron - «жұлдыз» және logos - «сөз, ілім») - жер шарына және адамға жұлдыздардың әсер етуі туралы ілім. XX ғасыр аяғында батыс жұлдызшылары астрология күнін наурыздың 20-ында, астрономиялық және астрологиялық жыл басталған уақытта атап өтуді ұсынды. Күн бұл кезде тоқты белгісіне енеді (көктемгі күн мен түннің теңесу күні 20-21 наурызға сәйкес келеді).

Жер күні

1971 жылы БҰҰ шешімімен наурыздың 20 күні көктемгі күн мен түннің теңелуіне байланысты Жер күнін атап өту ресми түрде бекітілді. Дегенмен, халықаралық мерекелер күнтүзбесінде Жер күні мерекесі екі рет рәсімделген. Яғни, көктемнің күн мен түннің теңелуіне байланысты бүгін өтеді. Ал, екінші дата - 22 сәуірге бекітілген. Бұл датаның негізін қалаған американың қоғам қайраткері Джон Мортон. 1840 жылдары ол табиғатты қорғау және оған күтім жасау бағдарламасы аясында әр адамды аймақты көгалдандыруға шақырады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1935 жылы «Төте оқу» деген атпен апталық газеттің алғашқы саны жарық көрді. Газеттің алға қойған мақсаты мектептерге, мұғалімдерге, өз беттерінше сауат ашушы адамдарға іс жүзінде көмек беру болды. 1939 жылдан «Сауатты болуға көмекші» деген атпен, латыншадан орыс графикасына көшуге байланысты 1940 жылдан «Жаңа жазу» деген атпен шықты. 1952 жылдың қараша айынан «Қазақстан мұғалімі» деген атпен жарық көрді. Бастауыш және орта мектептердің мұғалімдері мен педагогикалық жоғары оку орындарының студенттеріне арналған.

1961 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Президиумның Жарлығымен Ақмола қаласының (1830-1961) атауы Целиноград (1961-1992) деп өзгертілді. Тәуелсіздік жылдары Ақмола атауы қайтарылды. 1998 жылғы 6 мамырда Елбасының жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласы болып аталды, ал 20 мамырда «Казақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

1991 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Жамбыл облысы «Фурманов» ұжымшарына Жазылбек Қуанышбаевтың атын беру туралы» Қаулысы қабылданды.

1992 жылы республика тәуелсiздiгiнiң символына айналған «Алтын Сарбаз» атты Қазақстанның алғашқы пошта маркасы шығарылды. Дәл осы кезден қазақстандық маркалар дүниежүзi пошта тізбелеріндегі пошта миниатюралары арасында және филателистер каталогтарында өз орнын тапты. Қазiргi күнге дейін 300 жуық марка мен блок шығарылды.

1994 жылы Алматыда Польша Елшілігі ашылды.

2009 жылы «Қазпошта» АҚ көктем мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы аумағында «Наурыз» сериялы пошталық марканы айналымға шығарды. Маркаларда Наурыз мейрамын тойлауға байланысты көріністер бейнеленген. Ол төрт түспен безендірілген офсеттік тәсілмен басылған. Өлшемі - 50 х 38 мм, тиражы - 30 000 дана. Маркалар Бейжің пошталық төлем белгілер фабрикасында басылды. Безендіруші - Николай Соколов.

2010 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тоныкөк және Теркін атты байырғы түркі ескерткіштерінің ашылу салтанаты өтті. Түркі қағанатының бас қолбасшысы болған Тоныкөктің ерлік істері туралы баяндайтын екі тас ұстыны Күлтегін ескерткішінің жанында орналасса, Біріккен түркі қағанатын құрған Ел-етміш Білге Тұр-айын есіміне арналған Теркін ұстынының бірінші ескерткіші Еуразия ұлттық университетінің «Жазу тарихы» мұражайында қойылды.

Тоныкөк (646 - 738 ж.ж.) - Елтеріс Құтлұғ қағанмен бірге 679 жылы Таң патшалығына қарсы көтеріліп, II Түркі қағанатын орнатқан тұлға. Ол үш бірдей қағанның - Елтеріс Құтлұғ, Қапаған және Білге қағанның кеңесшісі әрі қағанат әскерінің бас қолбасшысы болған. Зиялы қайраткер «ел абызы» атанған. Тоныкөк - шығыста Таң патшалығының солтүстігіндегі Шандунға, ал батыста Темір қақпаға (Дербент) дейінгі аралықта 10 мың шықырымдық жорық жасап, 22 мәрте алапат соғысқа қатысып, атақ-даңққа бөленген қаһарман сардар. Аталған ескерткіш қазіргі Моңғол жеріндегі Туул дариясының бойында 739 жылы орнатылған. Ескерткіштерді жасанды тастан қашап шығарған алматылық шебер - Қырым Алтынбекұлы. Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін ұлы қолбасшы, түркі тарихының жарқын тұлғасы Күлтегін батырдың өміріне арналған деректі фильм көрсетілді.

2014 жылы Алматыда ҚР халық жазушысы, алғашқы қазақстандық гимн авторларының бірі Тұманбай Молдағалиевтің құрметіне соңғы жылдары тұрған үйінде мемориалдық тақта орнатылды.

2015 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы және Тонга Корольдігінің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері Қайрат Әбдірахманов пен Махи Улиули Сандхарст Тупоюниюа екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылуы туралы бірлескен коммюникеге қол қойды.

2015 жылы София университеті Шығыс тілдері және мәдениеті орталығында қазақ тілі мен тарихы және Қазақстан мәдениеті кабинетінің ресми ашылымы өтті.

2015 жылы Алматыда Орталық Азиядағы алғашқы АҚШ микробиологиялық қоғамдастығы биоресурс орталығы (ASM) ашылды.

2017 жылы Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығында Юнус Эмре атындағы жаңа саябақ ашылды.

2019 жылы 12 сағат 00 минутта ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президентінің міндетін уақытша атқарушы ретінде Қазақстан халқына ант берді.

2020 жылы профессор Наум Шафер негізін қалаған Павлодар музейінде түрлі жылдардағы ең танымал және сүйікті әншілердің орындауындағы әндері бар компакт-диск ұсынылды.

«Қазақстанның алтын дауыстары» - «Ерлер вокалы» дискісінде әр жылдардағы ең танымал және сүйікті әншілердің әндері ұсынылған. Қаптамасынан осы үй-мұражайдың негізін қалаушы, коллекционер, музыкатанушы және әдебиеттанушы, композитор, филология ғылымдарының докторы, профессор Наум Шафердің «Қазақстанның ерлер вокалының жауһарлары» атты мақаласын оқуға болады.


Соңғы жаңалықтар