20 мыңнан астам кәсіпкер «Даму» қоры арқылы өз бизнесін қаржыландырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы қор есебінен жалпы сомасы 473,3 млрд теңгенің 21 072 жобасы қаржыландырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылы қор бағдарламалары арқылы қаржыландырылған жобалардың жалпы сомасы 473,3 млрд теңгені құрайды. Барлығы - 21 072 жоба. Екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы бойынша өткен жылы 17 690 жобаға 248,5 млрд теңге несие берілді. Одан бөлек, несиесін субсидиялаған жобалар саны 1 432 болса, оған жұмсалған сома 173,2 млрд теңгені құрайды. Банк алдында кепілзаты жетпеген жағдайда кепілдік алған жобалар саны 48%-ға артып, несиелер бойынша 1950 кепілдік берілді», - деді «Даму» қоры басқарма төрағасының орынбасары Гауһар Бөрібаева ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.null

Оның айтуынша, бүгінде қор шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөліп, аталған салада бірқатар жұмыстар атқарған.

«Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау құралдарын оңайлату мақсатында біз бағдарлама талаптарына өзгерістер енгіздік. Ол өзгерістер бойынша несиеге еркін мөлшерлеме бекітіліп, жобаларды қарау уақыты қысқарды. Шағын жобаларды өңірлік үйлестіру кеңесінің қатысуынсыз қарау мүмкін болды. Сонымен қатар, несие өтінімдерін қараудың бірыңғай стандарты енгізіліп, несиелеу шаралары мен құжат жинау процестері оңтайландырылды. Сол сияқты ШОБ қолдаудың шетелде жемісті жүзеге асқан жаңа құралдары енгізілді. Ол құралдар ішкі нарықтағы бизнес пен Қазақстанның шет елдегі инвестициясы, тауарлары мен қызметтері экспансиясына қосымша мүмкіндік береді», - деді ол.

Одан бөлек, Г.Бөрібаева мәлім еткендей, елімізде шағын және орта кәсіпті екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендіруде Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.

Соңғы жаңалықтар