Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 382.38 EUR 428.30
RUB 5.97 CNY 55.39

20 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 20 мамыр 07:00
Поделиться:

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2019 жылғы 20 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік метрология күні

Метрология (грек тілінде metron - өлшем және logos - сөз, ілім) - өлшеудің бірлігі мен қажетті дәлдікке жету тәсілдері жөніндегі ғылым. Қазақстанда алғашқы метрологиялық мекеме 1923 жылы Семей қаласында ұйымдастырылды. Ол 1925 жылы Семей және Жетісу губернияларындағы таразыларды, гірді, ұзындық пен көлем өлшемдерін тексеруді жүзеге асыратын өз алдына жеке палата болды. Оның бөлімдері Петропавл, Ақтөбе, Алматы қалаларында жұмыс істеді. 1930 жылы палата Алматыға көшірілді. 1974 жылы Алматы қаласында арнайы эталондар сақтайтын ғимарат салынды.

Республиканың метрологиялық қызметінде тексеру жұмыстарын жүргізу үшін 20 жұмыс эталоны (қысым, температура, масса, ұзындық, электрлік сыйымдылық, электрлік кедергі, түзу, түзу сызық, т.б.) қолданылады. 2000 жылы Қазақстанда мемлекеттік уақыт және жиілік эталоны пайдалануға енгізілді.

Дүниежүзілік аралар күні

БҰҰ халықаралық күндер жүйесінде аталып өтіледі. Аралар популяциясының қысқару мәселесі және осы жәндіктерді қорғаудың маңыздылығына назар аудару үшін бекітілген. БҰҰ Бас ассамблеясы Дүниежүзілік аралар күнінің датасы ретінде 20 мамырды таңдаған. Бұл күні танымал словен ара өсірушісі Антон Янши дүниеге келген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1994 жылы құрамында «Азия», «Казахстанская правда» газеттері, «Азия-пресс» ақпарат агенттігі, сондай-ақ ерікті түрде кірген басқа да кәсіпорындар мен ұйымдары бар «Еуразия-пресс» республикалық редакциялық-баспа корпорациясы құрылды.

1998 жылы «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР Заңы қабылданды. Осы Заң Қазақстан Республикасы астанасының құқықтық мәртебесін, жұмыс істеуінің ұйымдық-саяси және экономикалық негіздерін айқындайды.

2001 жылы Астанада алғаш рет Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған шахматтан халықаралық супертурнир өтті. Турнирге шахмат спортының жұлдыздары - әлем чемпионы Владимир Крамник пен ФИДЕ рейтингінде көш бастап тұрған экс-чемпион Гарри Каспаров қатысты.

2006 жылы Сочиде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің төрағасы болып сайланды.

2010 жылы ИТАР-ТАСС агенттігінің кеңсесінде ағылшын жазушысы  Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның жасампаздығы» кітабының орыс тіліндегі аудармасының тұсаукесері өтті.

2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында өткен ғасырдың 30-жылдарында ашаршылық құрбандары мен зұлмат кезеңді көзі көріп, аман қалғандарға ескерткіш орнатылды.

2014 жылы Халықаралық банкнот қоғамдастығы (IBNS) ҚР Ұлттық банкін 2013 жылдың қорытындысы бойынша «Күлтегін» көне түркі жазбасына арналған 1000 теңгелік естелік банкноты үшін  «Жылдың үздік банкноты» номинациясымен кезекті рет марапаттады.

2015 жылы РФ Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің жалпы отырысында Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Федерация Кеңесі. 20 жыл» естелік медалін табыс етті.

2016 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген толықметражды «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты деректі фильмі Севастопольде 14-19 мамыр аралығында өткен деректі фильмдер мен телебағдарламалардың «Бірге жеңдік»  ХІІ  халықаралық кинофестивалінде жүлделі болды. Туынды Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералының өмірінен сыр шертеді.

2017 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «АҚШ - Ислам әлемі» саммитіне қатысу үшін Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласына барды. Саммитке мәртебелі мейман ретін­де шақырылған Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев жиын бары­сында бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, ша­­ғын келіссөздер жүргіз­ді.

2018 жылы актриса Самал Еслямова ресейлік режиссер Сергей Дворцевтің «Айка» фильміндегі басты әйел рөлі үшін 71-ші Канн кинофестивалінің марапатына ие болды. 

Бөлісіңіз:
MURAǴAT