20 қыркүйек. Туған күн иелері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 20 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

null
ЕСІМДЕР

127 жыл бұрын (1891-1938) қазақтың алғашқы биолог ғалымдарының бірі, қоғам қайраткері КҮДЕРИН Жұмақан Маусымбайұлы дүниеге келді.
Семей облысының Аягөз қаласында туған. 1918 жылы Лепсі қаласында Кеңестердің І съезінде делегат және Жер комиссары болып сайланған. 1920 жылы «Қытайға кеткен қазақтарды қайтару» комиссиясында жұмыс істеп, оның тікелей араласуымен Қытайдан 6 мың жанұя еліне қайта оралды. 1921 жылы Жетісу өңірін жайлаған тырысқақ індетіне қарсы емдеу жұмыстарына қатысты. 1924-1930 жылдары Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінде оқыған. Осы университетте оқып жүріп, Түркістанның табиғи ресурстары мен осы өңірді аудандарға бөлуді зерттеумен айналысқан экспедицияға қатысты. Ол «Қытайдағы босқындар өмірі», «Қазақтардың ата-тегі туралы материалдар» атты этнографиялық еңбектердің, «Ботаника», «Қой мен оның жүні», «Кендір» секілді биологиялық еңбектердің авторы. Ең құнды еңбектерінің бірі - «Орта Азиядағы жыландар түрі» мен «Өсімдіктану» оқулығының араб және латын әрпімен тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көруі. 1930 жылы ғалым тұтқындалып, Ресейдің Воронеж қаласына жер аударылды. 1935 жылы тұтқыннан босаған ол Алматыға оралып, ҚазКСР Жер Халық комитетінің Мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, «Каучуконос» тресінде нұсқаушы агроном болды. 1937 жылғы мамырдың 22-інде қайтадан тұтқынға алынып, 1938 жылғы наурыздың 7-сінде ату жазасына кесілді. 1990 жылы маусымда ақталды. Алматыда бір көше Күдерин есімімен аталады.


95 жыл
 бұрын (1923-2014) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, халықаралық Бейбітшілік сыйлығының лауреаты БАЛМҰҚАНОВ Сайым Балуанұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Темір ауданында туған. Алматы медицина институтын (қазіргі Алматы мемлекеттік медицина университеті) бітірген. 1946-1953 жылдары - Хирургия институтының аспиранты, ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1953-1960 жылдары - Алматы медицина институты рентгенология және радиология кафедрасының меңгерушісі. 1960-1962 жылдары - Өлкелік патологиялық ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары. 1962-1995 жылдары Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, директоры, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1996 жылдан осы институттың құрметті директоры атанған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері онкология және радиология, сәулемен емдеу мәселелеріне арналған. Қатерлі ісікті анықтау, одан сақтану әдістерін жетілдіру, уытты ісіктерді хирургиялық жолмен және жаңадан шыққан радиомодификаторларды пайдаланып, сәулемен емдеу әдістерін тапты. Осының нәтижесінде әйелдер кеудесіндегі қатерлі ісік ауруынан айығып кету көрсеткіші, басқа органдарға түскен қатерлі ісіктің айығып кету көрсеткішіне қарағанда 1,5 есе жоғары болады. Республикада клиникалық онкология және радиологияның жаңа бағыттарын қалыптастырып, оларды одан әрі дамытты. 1954-1960 жылдары орын алған Семей ядролық полигонындағы жарылыстардың жергілікті тұрғындар денсаулығына әсерін зерттеуге қатысты. Бірақ бұл мәліметтер 1990 жылдан кейін ғана жарық көре бастады. «Мегавольттік сәулемен емдеу», «Природные фенолы - перспективный класс противоопухолевых и радиопотенцирующих соединений», «Злокачественные опухоли костей. Вопросы теории и прогнозирования», «Ядерный полигон моими глазами», «The radiation situation and Population health status in some towns of Semipalatinsk Province» атты ғылыми еңбектердің авторы.

93 жыл бұрын (1925-1994) ақын, жазушы, драматург ТӘШЕНОВ Жұмабай дүниеге келді. Қарақалпақстанда туған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Өзбекстан Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік журналистика институтының тарих факультетін және Қарақалпақ кеңес әдебиеті мамандығы бойынша аспирантураны бітірген. Қарақалпақ АКСР-і Жазушылар одағында драматургия секциясының меңгерушісі, «Қызыл Қарақалпақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі қызметтерін атқарған. Алғашқы өлеңдері баспасөз бетінде 1940 жылдың басынан жариялана бастады. Содан бергі уақыт ішінде оның қазақ, қарақалпақ, өзбек, орыс тілдерінде ондаған өлең, әңгіме, повестер жинағы, бірнеше драмалық шығармалары, көркем фильм сценарийлері дүниеге келді. Оның сценарийі бойынша «Қазақфильм» киностудиясы «Ана туралы аңыз», «Тәжікфильм» киностудиясы «Қашқын» телевизиялық фильмін түсірген. Пушкин мен Лермонтовтың өлеңдерін, Некрасовтың «Русьте кім жақсы тұрады?» поэмасын, А.Фадеевтің «Жас гвардия» романын, В.Катаевтың «Полк баласы» повесін, т.б. шығармаларды қарақалпақ тіліне, К.Рахмановтың «Келін» комедиясын қазақ тіліне аударған. Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Әскери ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

61 жыл бұрын (1957) Ақмола облысы Біржан сал ауданының әкімі НҰҒМАНОВ Ермек Бекенұлы дүниеге келді.

Ақмола облысының Алексеевка ауданының Байлұсты селосында туған.  1982 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1975 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Уәлиханов ауданы «Золотая нива» кеңшарында механизатор болып бастаған.

1979-1996 жылдар аралығында түрлі салада қызметтер атқарды. 1996 жылы бұрынғы Көкшетау ауданы әкімінің орынбасары, 1997 жылы Зеренді ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2004  жылы Жақсы ауданының әкімі, 2007-2012 жылдары Бұланды ауданының әкімі. 2012-2014 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті. 2014-2018 жылдары - Ақмола облысы Ерейментау ауданының әкімі.

Қазіргі қызметінде 2018 жылғы сәуірден.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

60 жыл бұрын (1958) ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, халықаралық Т.Айбергенов атындағы сыйлықтардың лауреаты, түркі халықтары халықаралық поэзия фестивалінің лауреаты БЕГМАНОВ Қасымхан дүниеге келген.

Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында туған. Қазақ политехникалық институтының машина жасау факультетін бітірген. 1982 жылдан Шымкент қалалық атқару комитетінің аға референті, Бүкілодақтық Ленин атындағы балалар қоры облыстық бөлімшесінің төрағасы, «Жалын» журналының жауапты хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағы хатшысының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетшілер қауымдастығының бас директоры, Қазақстан Премьер-Министрі кеңсесінің бас маманы, референті, әлеуметтік мәдени даму бөлімінің аға референті қызметтерін атқарған. 1998-1999 жылдары Қазақтың мәдениет және өнертану ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары болған. 2000 жылдан бастап «Тұран-Әлем Банк» акционерлік қоғамы баспасөз және қоғамдық ұйымдарымен байланыс бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Алғашқы өлеңдері 1976 жылдан бастап республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарық көре бастаған. 1980 жылы тұңғыш өлеңдер кітабы «Бастау» деген атпен «Жалын» баспасынан жарыққа шыққан. Содан бергі уақытта «Қарашық», «Бесіктен бейітке дейін», «Сағыныш» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Бірқатар өлеңдері «Тоғыз перне», «Жүрек толқындары» жыр жинақтарына енген. Топтама өлеңдері орыс, түрік, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылып, мектеп оқушыларына арналған әдебиет хрестоматияларына енген. Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасында бірінші орынды, Қ.Аманжоловтың 90 жылдығы мүшәйрасының бас жүлдесін жеңіп алған.


57 жыл 
 бұрын (1961) ҚР Жоғарғы сотының судьясы  ЖҰМАҒҰЛОВ Бауыржан Тұрсынұлы дүниеге келді.    

Талдықорған облысында туған, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді, заңгер (1985).

Еңбек өтілі: Совет  ауданы прокуратурасының тергеушісі,  Алматы прокуратурасының және ҚР бас прокуратурасының органдарында қызмет етті (1985-1997); «Қазақстан темір жолы» РМК бас директорының орынбасары (1997-1998); Ақмола облысы әділет басқармасы бастығының бірінші орынбасары (1998-1999); Астана  қалалық сотының судьясы (1999-2002); Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы (2002-2006); Астана қалалық азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы (2006-2010); Қарағанды облыстық соты апелляциялық сот алқасының төрағасы (2010-2012); Жоғарғы Сотының жанындағы соттар қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департамент басшысы. «Құрмет» (2011) орденімен марапатталған.


53 жыл
 бұрын (1965) актер, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, Жас көрермендер театрының бас директоры ҚҰЛЖАНОВ Ғани Әбдуалиұлыдүниеге келді.

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында туған. Қызылорда қалалық музыкалық училищесін, Алматы мемлекеттік театр және кино институтын бітірген. 1990-2007 жылдары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет атқарды. 2007 жылдан бастап Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі, жас көрермендер театрының бас директоры болды. М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» спектаклінде Айбар, М.Байджиевтің «Қалындық пен күйеу» - күйеу, У.Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» - Гортензио, М.Әуезов «Айман-Шолпан» - Арыстан, Е.Замятиннің «Еділ патшасында» - Вегила, Ғ.Мүсірепов «Махаббат туралы аңыз» - Қодар, Иран Ғайыптың «Шынғыс ханында» - Сүбітай, «Абылай ханында» - Әбілмансұр, Қ.Аширдың «Қабыл - Адам Ата перзенті» - Абыл, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесіндегі» - Құмар, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» - Эрих Кламрот, У.Шекспирдің «Гамлетінде» - Король Клавдий, Д.Исабековтің «Әпкесіндегі» - Омар, Шахимарданның «Қазақтарында» - Қасымсұлтан, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесінде» - Оразқұл, Ә.Нұршайықовтың «Қан мен терінде» Тәңірберген рөлдерін ойнап, «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Өзбекфильм», Ресей киностудяларында киноға түскен. Кейінгі кездері «Тоғысқан тағдырлар», «Қара шегіртке», «Дневной дозор», «Ләйләнің зары», «Жас ұлан» фильмдерінде басты рөлдерді сомдаған.

50 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай академиясының бастығы, полиция генерал-майоры ҚЫЗЫЛОВ Мирлан Ахмедияұлы дүниеге келді.

Ол  Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында туған. 1995 жылы ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген. 1989 жылдан ішкі істер органдарының орта және аға басшылық құрамдарының әр түрлі лауазымдарында қызмет атқарды. Қарағанды қаласы Ленин аудандық атқару комитеті ІІБ милиция ротасының милиционері, кадр тобының жауынгерлік және дене дайындығы жөніндегі нұсқаушысы болып қызмет атқарды. 1991 жылдан бастап Қазақстан Республикасы ІІМ ҚЖМ тыңдаушысы, содан кейін Қазақстан Республикасының көкейтесті әкімшілік - құқық сұрағын әзірлеу жөніндегі бөлімінің ғылыми қызметкері болып қызмет атқарды. 1996-1997 жылдары Қарағанды облысы ІІДББ жедел уәкілі, аға жедел уәкіл,  1997 жылы ҚР МТК ҚЖМ әкімшілік құқығы кафедрасының оқытушысы. 1998 - 1999 жылдары ҚР ІІМ Қостанай жоғары мектебінің Ақмола филиалы әкімшілік құқығы кафедрасында, ІІМ Ақмола заң колледжінде қызмет атқарды. 1999 жылы аға оқытушы, 2002 жылы доцент, 2006 жылы ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтының әкімшілік құқық және АД ІІО кафедрасы бастығының орынбасары. 2008 жылы Академияның оқу жұмысы жөніндегі институт бастығының орынбасары.

Қазіргі қызметінде 2014 жылғы маусымнан бері.

46 жыл бұрын (1972) BI Group басшысы - Директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Құрылыс салушылар қауымдастығы кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі РАХЫМБАЕВ Айдын Жұмаділұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында туған. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын тәмамдаған. Сондай-ақ заңгерлік білімі және Іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесі бар. Еңбек жолын 16 жасында құрылыс бригадасында бастаған. Әр жылдары ағаш ұстасы, тас қалаушы, сылақшы, бригадир болып жұмыс істеген. 1995 жылы курстастарымен бірлесіп «АзТЭК» трейдингілік компаниясын құрады, кейіннен бұл компания өсіп-өніп, BI Group холдингіне айналады. Компания құрылғаннан бері оның бас директоры, ал 2005 жылдан бастап - «BI Group» холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы.

Ол сонымен бірге қайырымдылық шараларымен айналысады. 2004 жылы BI Group холдингінің жанынан «Қамқор» корпоративтік қоры ашылды. Кейіннен атауы «Жұлдызай» болып өзгерген бұл қордың негізгі мақсаты -мүмкіндіктері шектеулі балаларға, жетім балаларға материалдық және басқалай көмектер көрсету.  

43 жыл бұрын (1975) ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары - АСЫЛОВА Бибігүл Амангелдіқызы дүниеге келген.

Ол Ақмола облысында дүниеге келген. 1996 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (нархоз) тамамдаған.

1996-1997 жылдары Көкшетау облыстық қаржы басқармасының 1-санаттағы маманы, жетекші маманы. 1997-1998 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық қаржы басқармасының жетекші, бас маманы. 1998-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Бюджет департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасы, Білім және ғылым бөлімінің жетекші, бас экономисті. 2001-2002 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік органдарды қаржыландыру департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасы Білім және ғылым бөлімінің бастығы. 2002 жылы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік органдарды қаржыландыру департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасы бастығының орынбасары. 2002-2004 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік саладағы шығындарды жоспарлау департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спорт және БАҚ басқармасының бастығы. 2004-2007 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Экономика және қаржы департаментінің директоры. 2007-2009 жылдары ҚР Статистика агенттігі Ішкі әкімшілік департаментінің директоры. 2009-2010 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры. 2010 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік саланың дамуы департаментінің директоры. 2010-2013 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Әлеуметтік саланың бюджеттік бағдарламаларын жоспарлау, орындалуын талдау және іске асырылуын бағалау департаментінің директоры. 2013-2014 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік сала бағдарламаларын бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры. 2014-2016 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Әлеуметтік сала бюджеті департаментінің директоры. Қазіргі қызметінде 2016 жылғы маусымнан бері.

«Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған. Құрмет грамоталары, мерейтойлық медальдары және алғыс хаттары бар. 

Соңғы жаңалықтар