20 қазан. Туған күн иелері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 20 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

null
ЕСІМДЕР

86 жыл бұрын (1932-2016) ақын, прозашы, журналист-публицист, қоғам қайраткері Нұрғожа Нарынбайұлы ОРАЗ дүниеге келді.

Қостанай облысы Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданы «Октябрь» колхозында туған. 1956 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң туған ауылында мұғалім болып алғашқы еңбек жолын бастаған. Кейін Қостанай облыстық «Коммунизм туы» газетінде тілші болып қызмет атқарған. 1963 жылы  Целиноград қаласына қоныс аударып, өлкелік «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа ауысады. 1965-1991 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесін басқарды. 1990 жылдан өмірден өткенше өзі ашқан әдеби-көркем, қоғамдық-саяси «Сарыарқа» (кейін «Жаңа Сарыарқа») журналының бас редакторы болды.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Журналистер одағының М.Сералин атындағы сыйлығының лауреаты, «Астана» және «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2006).

Топтама өлеңдері украин, орыс, қырғыз тілдеріне аударылған. 

68 жыл бұрын (1950-1998) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тоқсын ҚҰЛЫБЕКОВ дүниеге келді.

Алматы облысының Кербұлақ ауданында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.

1968-1970 жылдары Амангелді ұжымшарында мәдениет үйінің меңгерушісі, Қазақ радиосының дикторы, режиссері болып істеді. Сондай-ақ ол сол тұста көрермендердің сүйікті бағдарламалары болған «Қымызхана», «Алтыбақан», «Жебе» телехабарларының жүргізушісі болды. 1984 жылдан өмірінің соңына дейін «Тамаша» ойын-сауық отауының құрамында өнер көрсетті. «Жігер» жастар фестивалінің лауреаты.

63  жыл бұрын  (1955) Норвегия Корольдігіндегі ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Қуатұлы ӘБУСЕЙІТОВ  дүниеге келді.    

Алматы қаласында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін, М.В.Ломоносов атындағы ММУ аспирантурасын бітірді. Тарих ғылымдарының кандидаты. Доцент.
1985-1989 жылдары - ҚазМУ ассистенті, аға оқытушысы, декан орынбасары. 1989-1992 жылдары - Алматы жоғары партия мектебі, кейін Алматы политология және басқару институты әлемдік саясат және халықаралық қатынастар кафедрасының доценті. 1992-1993 жылдары - ҚР Президенті жанындағы Қазақ менеджмент, экономика және болжау институты Стратегиялық зерттеулер орталығы сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік бойынша бағдарламасының басшысы. 1993-1996 жылдары - ҚР СІМ Орталық аппаратында жауапты дипломатиялық лауазымдарда қызмет атқарды. 1996-1998 жылдары - Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінің кеңесшісі. 1998-1999 жылдары - ҚР СІМ Бірінші департамент директорының орынбасары, Бірінші департаменттің директоры, Жан жақты ынтымақтастық департаментінің директоры. 1999-2002 жылдары - ҚР Сыртқы істер вице-министрі. 2002-2004 жылдары - ҚР Сыртқы істер 1-вице-министрі. 2004-2008 жылдары - Қазақстан Республикасының Швейцар Конфедерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі, ҚР Үкіметінің БҰҰ бөлімшесі және Женева қаласында орналасқан басқа халықаралық ұйымдар жаңындағы тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы. Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі (2008, 2013-2014), Қазақстанның Ирландия, Исландия республикалары мен Швеция Корольдігіндегі өкілетті елшісі қызметін қоса атқарды (2008-2013). Қазіргі қызметінде 2014 жылғы қыркүйектен бері.

56 жыл бұрын (1962) Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Бұқарбай Рысқұлұлы ПАРМАНОВ дүниеге келді.

Еңбек жолы Қазығұрт ауданы Әлішер Науаи ұжымшарының колхозшысы болып басталған. 1986 жылы Кентау қалалық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер инспекциясының экономисі болды. 1987-1988 жылдары Ленин аудандық қаржы бөлімінің мемлекеттік кірістер экономисі, 1988-1989 жылдары Ленин аудандық қаржы бөлімінің аға салық ревизоры-инспекторы, 1989-1990 жылдары Ленин аудандық қаржы бөлімінің бас салық ревизоры-инспекторы қызметтерін атқарды. 1994-2002 жылдары Салық және қаржы полициясы органында қызмет атқарған. 2007-2014 жылдары ОҚО Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары, 2014-2016 жылдары Сарыағаш ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2016-2018 жылдары Төлеби ауданының әкімі болған. Қазіргі қызметінде - 2018 жылдың шілдесінен.

55 жыл бұрын (1963-2008) ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Анатолий Михайлович ХРАПАТЫЙ дүниеге келді.
Ақмола облысының Атбасар қаласында туған. Алматыдағы Қазақ дене шынықтыру институтын бітірген. Алғашқы бапкері - А.Сидоров. Ол Қазақстан және КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, екі мәрте Азия чемпионы және Орталық Азия ойындарының, Шығыс Азия ойындарының жеңімпазы, бес дүркін Еуропа және әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының алтын (Сеул, 1988) және күміс (Атланта, 1996) жүлдегері болған.
«Құрмет» орденімен марапатталған.

42 жыл бұрын  (1976) Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы ҚЫРЫҚБАЕВ дүниеге келді

Целиноград қаласында (қазіргі - Астана қаласы) дүниеге келген. 1992-1996 жылдары Қазақ мемлекеттік экономика университетінде «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша оқыды.

Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД және Балтық елдері басқармасының референті ретінде бастады. 1997 жылғы сәуір-мамыр айларында ҚР СІМ ТМД департаментінде атташе болып қызмет атқарды. 1997 жылдың мамырында Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігіне атташе ретінде тағайындалды. 1999 - 2000 жылдары ҚР-дың Өзбекстандағы елшілігінің үшінші хатшысы. 2000 жылдың тамыз айында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясына оқуға түсіп, оны тәмамдағаннан кейін ТМД Комитетінің Орталық Азия және Закавказье бөлімінде Екінші хатшы болып қызмет етті. 2002 жылғы қазаннан бастап «Корпорация «АВЕ» ЖАҚ Стратегия және маркетинг департаментінің директоры, кейін Корпоративтік даму департаментінің директоры. 2004 - 2005 жылдары «К-МАРТ» ЖШС бас директоры міндетін бірлесе атқарды. 2005 жылғы наурыз-мамырда Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары, 2005 жылғы мамырдан 2006 жылғы сәуірге дейін Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту қорының директоры қызметтерінде болды. 2006 жылдың сәуірінен 2008 жылдың ақпанына дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық-саяси жұмыс және қоғаммен байланыстар департаментінің директоры, ал 2008 жылғы ақпаннан бастап 2010 жылғы қаңтарға дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы болып қызмет етті. 2010 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың ақпанына дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі болды. 2014 жылдың ақпан айынан бастап «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі болған.

Қазіргі қызметінде - 2015 жылдың қазанынан бері. 

Соңғы жаңалықтар