20 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 20 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық авиадиспетчер күні

Амстердамда 1961 жылғы 20 қазанда авиация диспетчерлері қауымдастықтарының Халықаралық федерациясы құрылды. Бұл оқиға әуе көлігін дамыту тарихындағы елеулі кезеңге айналып, сөйтіп жаңа кәсіби мейрамның өмірге келуіне негіз болды. Содан бері жыл сайын 20 қазанда Халықаралық авиадиспетчер күні атап өтіледі.

Дүниежүзілік статистика күні

2010 жылы БҰҰ Статистикалық комиссиясының 41-сессиясында Дүниежүзілік статистика күнін құру туралы шешім қабылданды. 2010 жылғы 3 маусымда БҰҰ Бас Ассамблеясы 2010 жылғы 20 қазанды алғашқы дүниежүзілік статистика күні деп ресми жариялаған қарарды қабылдады.

Халықаралық бас аспазшылар күні

Мереке 2004 жылдан атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1933 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің негізі қаланды. Білім ордасының ашылу салтанаты 1934 жылы 15 қаңтарда өтті. Алғашқы кезде университет құрамында физика-математика және биология факультеттері ғана болды. Бүгінгі таңда республиканың беделді оқу орындарының бірі.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігі құрылды. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Әкімшілік құрылымына ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлім енгізілді.

1995 жылы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.

1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы Жарлығы шықты. Жарлыққа сәйкес, Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсанынан тәуелсіз Қазақстан Республикасының астанасы мәртебесіне ие болады.

2009 жылы Астанада «Қазақ елі» монументі салтанаты түрде ашылды. Тұғыр граниттің төрт қабырғасына көлемі 3,7х6,9 метрлік қоладан құйылған бедербейнелер (барельеф) жасалған. Алғашқысы «Халық және Президент» деп аталады. Монументтің оң жағындағы келесі бедербейне - «Қаһармандық» деп аталады. Ал монументтің батыс жақ бетінде орналастырылған «Жасампаздық» бедербейнесінде халқымыздың көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолы көрсетілген. Монументтің шығыс жағындағы соңғы бедербейне «Болашақ» деп аталады.

2011 жылы Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиевтің Қазақстанға ресми сапары аясында екі ел арасында теңіздегі сауда кеме қатынасы туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Аталған шарт - екі елдің теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастығының негізгі құжаты.

2017 жылы Ақтөбе қаласында ҚР тұңғыш әділет министрі, белгілі заңгер, ғалым, саяси қайраткер Нағашбай Шайкеновке ескерткіш қойылды.

Н.Шайкенов 1947 жылғы 6 наурызда РФ Орынбор облысында туған. 1992 жылы Қазақстанға жұмысқа шақырылған. ҚР Президентінің кеңесшісі, әділет министрі, Премьер-Министр орынбасары болған.

Соңғы жаңалықтар