20 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 20 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

null
20 қазан. СЕНБІ

Бүкіләлемдік остеопорозды емдеу күні

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен, Ұлыбританияның Ұлттық остеопороз қоғамының ұйымдастыруымен 1999 жылдан бастап аталып өтіледі.

Халықаралық авиадиспетчер күні

Амстердамда 1961 жылғы 20 қазанда авиация диспетчерлері қауымдастықтарының Халықаралық федерациясы құрылды. Бұл оқиға әуе көлігін дамыту тарихындағы елеулі кезеңге айналып, сөйтіп жаңа кәсіби мейрамның өмірге келуіне негіз болды. Содан бері жыл сайын 20 қазанда Халықаралық авиадиспетчер күні атап өтіледі.

Дүниежүзілік статистика күні

2010 жылы БҰҰ Статистикалық комиссиясының 41-сессиясында Дүниежүзілік статистика күнін құру туралы шешім қабылданды. 2010 жылғы 3 маусымда БҰҰ Бас Ассамблеясы 2010 жылғы 20 қазанды алғашқы дүниежүзілік статистика күні деп ресми жариялаған қарарды қабылдады.

Халықаралық бас аспаздар күні

Мереке 2004 жылдан атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1933 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің негізі қаланды. Білім ордасының ашылу салтанаты 1934 жылы 15 қаңтарда өтті. Алғашқы кезде университет құрамында физика-математика және биология факультеттері ғана болды. Бүгінгі таңда республиканың беделді оқу орындарының бірі.

1934 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының іргесі қаланды. Алғаш Семей мұғалімдер институты болып ашылған. 1937 жылдан педагогикалық институт болып өзгерген. Институтқа 1939 жылы Н.Крупская есімі, 1993 жылы Шәкәрім есімі берілген. 1996 жылдан Семейдегі басқа да жоғары оқу орындарымен Семей мемлекеттік университетіне біріктіріліп, 2004 жылдан қайтадан дербес жоғары оқу орны мәртебесін алды. Бүгінде институт қазақ және орыс тілдерінде барлық білім салаларынан педагогтар даярлайды. Институт құрамында Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының экологиялық орталығы, М.Қозыбаев атындағы Тарихи зерттеулер ғылыми орталығы, Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігі құрылды. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Әкімшілік құрылымына ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлім енгізілді.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды.

1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы деп жарияланды.

2000 жылы «Астанабасжоспар» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны өз жұмысын бастады.

2005 жылы Ұлыбританияда Азия елдері мен халықтарының мәдениеті, тарихы және салт-дәстүрлері туралы ақпарат таратумен айналысатын «Asia House» ұйымы қазақ фольклорлық музыкасының компакт-дискісін шығарды. Компакт-дискіні шығаруға Ұлыбританияның «Topic Records» дыбыс жазу компаниясы, Британияның белгілі сарапшылары мен продюсерлері Майкл Черч және Радек Бошетти қатысты.

2005 жылы Таразда Жастар гүлзары ашылды. Гүлзардың қақ ортасында қол бастаған Қойгелді батырдың ескерткіші тұр. Батыр бабаның ескерткішін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашқан болатын. Қолбасшы мүсінінің айналасында Қазақстан мен Қырғызстан мемлекетінің басшылары еккен қарағайлар өсіп тұр. «ӘулиеАта» университетінің студенттері гүлзарды өз қамқорлықтарына алған. Аталған жоғары оқу орнының студенттері қалалық ономастика комиссиясына осы жерді Жастар гүлзары деп атау туралы ұсыныс жасаған болатын. Қаланың басшылары жастардың ұсынысына қолдау көрсетті.

2009 жылы «Қазақ елі» монументі салтанаты түрде ашылды. Тұғыр граниттің төрт қабырғасына көлемі 3,7х6,9 метрлік қоладан құйылған бедербейнелер (барельеф) жасалған. Алғашқысы «Халық және Президент» деп аталады. Монументтің оң жағындағы келесі бедербейне - «Қаһармандық» деп аталады. Ал монументтің батыс жақ бетінде орналастырылған «Жасампаздық» бедербейнесінде халқымыздың көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолы көрсетілген. Монументтің шығыс жағындағы соңғы бедербейне «Болашақ» деп аталады.

2010 жылы Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 16-сессиясы өтті. Форум «Қазақстан халқы Ассамблеясы: сенім, дәстүр, ашықтық, толеранттылық» деп аталды.

2011 жылы Майндағы Франкфуртте өткен халықаралық жәрмеңкеде қазақстандық белгілі жазушы, ғалым-түркітанушы, академик Немат Келімбетовтің Франц Кафка атындағы Еуропалық қоғамның алтын медалін иеленген «Үміт үзгім келмейді» атты кітабы таныстырылды.

2014 жылы Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасы мен Маврикийдің тұрақты өкілдері Қайрат Әбдірахманов пен Милан Джая Нямраджсингх Митарбхан екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастарды орнату туралы мәлімдемеге қол қойды.

2015 жылы Петропавлда мұз айдыны бар Спорт сарайының ашылу рәсімі өтті. Ғимараттың жалпы алаңы 14 853 шаршы метр, оның құрылысына 3 миллиард теңге жұмсалды.

2015 жылы Астанада Қазақстандағы Кувейт Мемлекеті елшілігінің жаңа ғимараты ашылды. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылы 11 қаңтарда орнатылды.

2016 жылы Мемлекет басшысы араб әлемі елдерінде ірі хабар тарату компанияларының бірі болып табылатын «CNBC Arabia» арнасына сұхбат берді. Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның алдағы кезеңде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуына, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласындағы жұмсаған күш-жігеріне байланысты сұрақтарға жауап беріп, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айтты.

Соңғы жаңалықтар