20 ақпанға дейін жолға шықпаған жөн - ТЖК бастығы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер ауа райына байланысты қазақстандықтарға 20 ақпанға дейін алыс жолға шықпауға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Владимир Беккердің айтуына қарағанда, 18-20 аралығында күн райының бұзылатыны туралы алдын ала ескерту келген. Өткен тәулікте Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының жолдарында көліктердің іркілісі тіркелген.

«Қазіргі уақытта кептелістердің бәрі де ретке келтірілді. Көліктер қар құрсауынан шығарылды. Бүгінгі күні Қарағанды бағытындағы жолдар жабық. Бәлкім, кеш батқанша жабылған жолдардың саны артуы мүмкін», - дейді Владимир Беккер ТЖК-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуына қарағанда, Қазақстанда осындай күн райы 20 ақпанға дейін жалғасады.

«Алдын ала жоспарланған сапарды кейінге қалдыруға кеңес беремін. Тәуекелге барудың қажеті қанша? Аздаған бұрқасын, көктайғақтың пайда болуы - жол бойында осындай жағдай туындағанда бір жерге барудың қажеті бар ма? Мүмкін болса, сапардан бас тартқан абзал. Бәрібір тас жол жабық болады. Міндетті тәртіп бойынша жеңіл болсын, ауыр жүк көлігі болсын, жолдар оларға жабық болады. Мүмкіндігінше, қауіпсіздік үшін пойызға отырған жөн», - дейді ол.

Владимир Беккердің айтуынша, күн райының бұзылатыны туралы ескерту оңтүстіктегі өңірлер бойынша да келген.

«Түркістан облысында жаңбыр күтіледі. Жаңбырдың екпіні қатты болуы ықтимал. Облыс аумағында қар жоқ десе де болады. Ал жаңбыр жауады», - дейді В.Беккер.

Соңғы жаңалықтар