2 жылда маман әзірлеп шығаратын пилоттық жоба енгізілді - БҒМ

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл алғаш рет жоғары білім деңгейінде «Қолданбалы бакалавриат» пилоттық жобасы басталады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз биыл алғаш рет жоғары білім деңгейінде «Қолданбалы бакалавриатты» пилоттық режимде енгізгелі отырмыз. Бұл 2-2,5 жылдай қысқа мерзімде практик маман даярлап шығаруға мүмкіндік береді. Олар осы қысқа мерзімде білім алып, жұмысқа тұра алады. Қажеттілік болса, әрі қарай оқу орнына келіп, білімін жалғастырып, толыққанды бакалавр дәрежесін ала алады», - деді Білім және ғылым министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, бакалавр деңгейі әдеттегідей 4 жыл болып қалады. Бұл пилоттық жобадан нарық қысқа мерзім ішінде тәжірибеге бағытталған мамандарды алады.

Пилоттық жоба биыл қыркүйек айында іске қосылады. Министрдің айтуынша, оқу ақысы бойынша шешімді әрбір ЖОО дербес қабылдайды.

«Өмір бойы оқу қағидасы» шеңберінде біз формалды емес білім беру нәтижелерін тануға, микроквалификациялар алуға мүмкіндік береміз. Мысалы талапкердің IELTS 7,0 сертифкаты болса, ЖОО-да оған ағылшын тілін оқу қажеттілігі болмайды. Мысалы ол Coursera секілді қашықтан оқытатын жүйелерде білім алса, университетте сол бағдарлама бойынша қайта оқып жүрмейді. Мұның бәрі ескеріледі», - деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, келесі оқу жылы үшін жоғары оқу орындарына 73 мың, колледждерге 31 мың грант бөлінеді. Сондай-ақ, Қазақстанда 50-ге жуық ескі мамандық бойынша оқыту тоқтатылды және бұрын-соңды болмаған 60-қа жуық мамандық ашылған.


Соңғы жаңалықтар