2 жастағы қызды күйдіріп алған балабақша меңгерушісі мен тәрбиеші жазаланды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Бөгетсай ауылындағы балабақшада 2 жастағы Нұрай Өтегенді күйдіріп алған меңгеруші мен тәрбиеші жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 3 наурыз күні тіркелді. Сол күні 2 жастағы Нұрай Өтеген түскі уақытта ұйықтап жатқан кезінде кереуетінен құлап кеткен. Құлаған бала жылу батареясына қыстырылып, аяғын күйдіріп алады. Бұл уақытта тәрбиеші балалардың жатын бөлмесінде болмаған. Арада 10 минут өткен соң келіп, бүлдіршіннің ата-анасына хабар берген. Үйінде бірер күн ем алған баланың денсаулығы нашарлап, тамақ ішпей, түн ұйқысы бұзылған. Кейін оның ата-анасы Нұрай Өтегенді аудандық ауруханада емдетіп, дәрігерлердің нұсқауымен облыстық ауруханаға жатқызады. Балабақшадағы іс бойынша құқық қорғаушылар тексеру жұмыстарын бастады. Ал Хромтау аудандық білім бөлімі қызметтік тексеруден соң қорытынды шығарды.

«Балабақша меңгерушісіне қатаң сөгіс берілді. Ал тәрбиеші жұмыстан шығарылды. Қазіргі уақытта қауіпсіздікті сақтау мақсатында балабақшадағы батареялардың барлығы қоршалды»,- деді облыстық білім басқармасының бас маманы Әмина Нұрманова.

Айта кетейік, Нұрай Өтегенге дәрігерлер екінші дәрежелі күйік диагнозын қойды. Ол Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Жағдайы жақсы.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар