2 жасар сәби далада итпен бірге түнеп шықты

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Бурабай ауданында үй ауласынан шығып адасып қалған 2 жасар қыз бала итпен бірге құшақтасып далада түнеп шықты. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Оқиға кешкі сағат 21:30 минут шамасында Щучье қаласында орын алған. Үш сағат бойы баласын іздеп таба алмай амалы таусылған 37 жасар қала тұрғыны түнгі сағат 00:25 шамасында аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне хабарлаған. Оның айтуынша, баланың анасы үй маңындағы шаруашылықпен айналысып жүрген кезде, қоршау ішінде ойнап жүрген сәби тысқа шығып көзден ғайып болған. Оның сыртқа шыққанын анасы да байқамай қалған көрінеді.

Нәтижесінде баласын өздері іздеп көрмек болған ата-ананың әрекетінен түк шықпай полицияның көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Сөйтіп Бурабай аудандық ІІБ жеке құрамы аяғынан тік тұрып, түні бойы баланы іздеп, таңғы 06:00 шамасында үйден 500 метр қашықтықта отырғызылған орман ішінен итті құшақтап жатқан жерінен тапты. Абырой болғанда, бала дін аман.

Соңғы жаңалықтар