2 жасар қыздың өлімі: Шұжық жеткізушіге қатысты тексеріс басталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Бурабай ауданында 2 жасар бүлдіршіннің шұжықтан  көз жұмуы туралы бейнежазбаны тексере келе шұжық өндіруші мен жеткізуші анықталып, жоспардан тыс тексеріс басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының қоғамдық денсаулықты қорғау департаментіне сілтеме жасап.

Департамент мəліметінше, эпидемиологиялық зерттеу кезінде аурудың басталуына Бурабай ауданының Щучье қаласындағы «Ақжелкен» супермаркетінен сатып алынған жартылай сүрленген шұжық себеп болғаны анықталды. Оны баланың ата-анасы айтқан.

«Шұжықты отбасының барлық мүшелері (4 ересек жəне 3 бала) жеген. Алайда ішек жұқпасы балаларда ғана өршіген. Зардап шеккендердің туыстары шұжық өндірушіні нақты көрсете алмады. Осыған орай сауда үйіндегі әртүрлі өндіруші шығарған шұжық өнімдерінен 16 сынама алынып, зертханаға жіберілді. Оған қоса, зертханалық тексеру нəтижесі шыққанша сауда үйінде аталмыш шұжық түрін сатуға тыйым салынды. Сонымен бірге, облыста шұжық өнімдерінен улану оқиғасы тіркелген жоқ», - деп түсіндірді Ақмола облысының қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің басшысы Азамат Дүйсенов.

Сонымен қатар, зардап шеккендердің үйлерінде санитарлық-эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп, ішек таяқшасы және патогенді флорадан 30 су шайындысы алынды.

«Қосымша зерттеу барысында 23 қазан күні сауда үйіндегі бейнежазбаны тексеру кезінде шұжық өнімін өндіруші мен жеткізуші анықталды. Шұжық өнімдерінен сынама алу кезінде шұжықтың бұл түрі саудада болған жоқ. Осыған орай аталмыш  шұжық өнімдерін өндірушіге қатысты жоспардан тыс тексеріс басталып, мəліметтер өндірушінің тұрғылықты жері бойынша аумақтық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментіне жіберілді. Олар жоспардан тыс тексеріс жүргізеді. Зертханалық зерттеулер қорытындысы шыққан соң нақты ақпарат ұсынамыз», - деп толықтырды Азамат Дүйсенов.

Қазіргі кезде зардап шеккен 2 бала станционарда ем қабылдап жатыр. Жағдайлары қанағаттанарлық. Эпидемияға қарсы жəне алдын алу  бойынша кешенді шаралар жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, 2018 жылдың 17 қазанында Бурабайдағы ауданаралық көпбейінді аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне ішек жұқпасы сырқатымен 2016 жылы туған (2,4 жасар) бүлдіршін түскен болатын. Ақмола облыстық балалар инфекционисі тексере келе, балаға «асқынған ми қан айнылымының жетіспеушілігі, гастроэнтероколит типі бойынша протромбин идексі, ботулизм» диагнозын қойды. Бүлдіршін 20 қазан күні сағат 05:40-та көз жұмды.

 

 

Соңғы жаңалықтар