2 шілде. Туған күн иелері
2022 жылғы 2 шілде 08:10

2 шілде. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат 2 шілдеге арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

80 жыл бұрын (1942) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, «Қазақстанның Еңбек Ері», Қазақстан және Қырғыз Республикасының халық ақыны, жазушы, қоғам қайраткері Мұхтар ШАХАНОВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шілік ауылында туған. Жеті жылдық мектепті бітірген соң, трактор тіркеушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор, әдеби қызметкер, «Лениншіл жас» газетінде оңтүстік облыстар бойынша меншікті тілші, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық «Жалын» журналының бас редакторы, т.б. қызметтер атқарды. КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, ҚР Халық депутаты болды. 1993-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінде болды. 2003-2004 жылдары «Жалын» журналының бас редакторы, әлем ойшылдарының басын біріктіретін «ХХІ ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубының президенті. 2004 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

Көптеген өлең кітаптарының және халық арасына кең тараған бірқатар әндердің авторы. Балладалары мен поэмалары дүние жүзі халықтарының 20-дан астам тіліне аударылған. «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», «Сократты еске алу түні» атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Ш.Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы мен «Сократты еске алу түні» драмасы көптеген тілдерге аударылған. «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм шығарды. «Уақыт бедерлері», «Зерде кітабы» атты жинақтары орыс тілінде шықты. Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994), Қазақстан Республикасының Халық жазушысы (1996), БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының және Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының иегері. 2002 жылы «Жазагер жады космоформуласы» шығармасы үшін Калифорния Ғылым, индустрия, білім және өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы алтын медалі, Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығы берілген. «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

55 жыл бұрын (1967) Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Нұрлан Мұратұлы ҚАЙЫРБЕКОВ дүниеге келді.

1998 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

1992-1998 жылдары – ШҚО ішкі істер органдарының және салық полициясының қызметкері. 1999-2000 жылдары – ШҚО Ұлан аудандық прокурорының көмекшісі. 2000-2002 жылдары – ШҚО Глубоковский аудандық сотының және Өскемен қалалық сотының судьясы. 2002-2003 жылдары – ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы. 2003–2008 жылдары – ШҚО Шемонаиха аудандық сотының төрағасы. 2008-2009 жылдары – ШҚО Өскемен қалалық №2 сотының төрағасы. 2009-2010 жылдары – Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы. 2010-2012 жылдары – Қарағанды облысының кассациялық сот алқасының төрағасы. 2012 жылдың шілде айынан бастап Қызылорда облыстық сотының төрағасы қызметін атқарды.

53 жыл бұрын (1969) қазақ дипломаты, І дәрежелі кеңесші Дәурен Айтбайұлы КӘРІПОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысында туған. Абылайхан атындағы Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетін бітірген (1994).

Еңбек жолы: ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің маманы (1994-1995), ҚР Сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінде референт, атташе, үшінші хатшы, екінші хатшы қызметінде (1995-1998), Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік республикасындағы Елшілігінде үшінші хатшы (1998-2001), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінде екінші хатшы (2001-2003), Қазақстан Республикасының Франкфурт-на-Майнеде (ГФР) Бас консулдығының үшінші хатшысы, вице-консул, бас консулдықтың консулы (2003-2007), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаменті басқармасының басшысы (2007-2008), Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі (2008-2012), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің кеңесшісі (2012-2013), Қазақстан Республикасының ГФР-дағы Елшілігінің кеңесшісі (2013-2014), Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінің кеңесші уәкілі (2014-2016), Қазақстан Республикасының Франкфурт-на-Майне қаласындағы бас консулы (2016-2019). 2019-2022

жылдары Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі

51 жыл бұрын (1971) Ұлттық тәуелсіз емтихан алу орталығы басқармасының төрайымы Гүлмира Төреғалиқызы ЖАНГЕРЕЕВА дүниеге келді.

Ақтөбе мемлкеттік медицина университетін емдік іс мамандығы бойынша бітірген (1994); Danubius университеті, әлеуметтік жұмыс (2018). «ТПК Дина» ЖШС бас санитар дәрігері (2002-003); Атырау қаласының теміржол ауруханасында бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары (2003-2005); «Астана қаласының тәуелсіз медициналық сарапшылар қауымдастығы» ҚБ басқарды (2005-2012); ҚР ДСМ «Респуликалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы» РМК-ның Білім мен дағдыдарды бағалау орталығы респуликалық ұйымына жетекшілік жасайды (2012-2017).

2017 жылдан бастап қазіргі қызметінде.

49 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Валитханұлы ТҰҚЫМОВ дүниеге келді.

Өзбекстанда, Терміз қаласында туған. 1997 жылы Варшама халықаралық қатынастар институтын үздік бітіріп, 2004 жылы ҚР Ғылым академиясының Философия және саясаттану институтының аспирантурасын тамамдады.

Еңбек жолын 1997 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сыртқы саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері ретінде бастады. 2000-2005 жылдары ҚСЗИ сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі. 2005-2007 жылдары Орталық Азия демократияны дамыту қорының бас директоры болды. 2007-2008 жылдары ҚР Президенті әкімшілігінде ақпараттық-талдау орталығының стратегиялық талдау секторының меңгерушісі, Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының стратегиялық халықаралық ықпалдастық секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2008 жылдың маусымында ҚР Сыртқы істер министрлігі Орталық Азия департаменті директорының орынбасары, кейіннен департамент директоры болды. 2010 жылғы қаңтар айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Талдау бөлімінің меңгерушісі болды. Қазақстанның Қазандағы бас консулы лауазымына 2018 жылы тағайындалды.

2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің елші-кеңесшісі. Қазіргі қызметінде – 2022 жылдың қаңтарынан.

Дипломатиялық дәрежесі - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ІІ сыныпты кеңесшісі. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған.

40 жыл бұрын (1982) «Экспресс-К» газетінің редакциясы» ЖШС Бас директоры Александр Владимирович АКСЮТИЦ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірді (2003).

Еңбек жолы: қазақстандық телеарналарда тілші және ақпараттық бағдарламалар редакторы, ҚР Президенті баспасөз қызметінің сарапшысы, «Хабар» агенттігі» АҚ «24 KZ» арнасының директоры (2012-2014), «Білім және Мәдениет» телеарнасының директоры (2015-2016). Salem Social Media Бас директоры (2018-05.2021).

Қазіргі қызметін 2021 жылдың мамыр айынан бері атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен (2013), «Баспасөз және ақпаратты дамытуға қосқан үлесі үшін» құрмет белгісімен (2015) марапатталған. ҚР Президенті, «Нұр Отан» ХДП-ның БАҚ саласында сыйлығының лауреаты (2006).


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT