2 шетелдік компания жолға бөлінген 28 млрд теңгені оффшорға шығарған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алдын алу қызметінің басшысы Саян Ахметжанов жолға бөлінген ақшаны оффшорлық аймаққа шығарып әкетудің схемасы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сыбайлас жемқорлықтың тағы бір бағыты Үкімет берген қарызды игеру кезінде кездеседі. Үкіметтік қарыз бюджет арқылы бөлінеді. Ақша жымқыру алгоритмі мынадай. Жол-құрылыс жұмыстарын жүргізуге байланысты өтетін тендерде шетелдік мердігер компания шектен тыс төмен баға ұсынып, конкурс жеңімпазы атанады. Мысалы, «СПИК АККОРД» ашық акционерлік қоғамы тендер кезінде бағаны 38 пайыз түсірген. Бұл тендерде жарияланған жоба құнының үштен бірінен артық деген сөз. Мұндай бағамен салынатын жолдың сапасы мен тиімділігне қатысты күмән туындайды. Тіпті мұндай ақшаға жол салып шығудың өзі екіталай. Келісімшарт бекітілгеннен кейін мердігерге күмәнді банк ұсынған кепілдік бойынша аванс беріледі. Мысалы, Солтүстік Кипрде тіркелген Fortress Bank оффшорлық аймақта орналасқан. Кейін аванс көлемі ұлғайтылады. Өйткені нормативтік шарт жоқ. Осыны пайдаланған мердігер шарттағы міндетін қасақана орындамайды деуге болады. Осылайша келісімшарт бұзылады», - дейді агенттік өкілі.

Бұдан кейін шетелдік мердігер Қазақстан аумағынан ізін жасырып үлгеретін көрінеді.

«Бұдан кейін шетелдік мердігер компания Қазақстан аумағынан шығып кетеді. Ал құзыретті комитет сот төрелігіне жүгінеді. Талдау кезінде осындай екі шетелдік компания анықталды. Олар жеңіп алған тендердің жұмыстарын қажетті деңгейде орындамай, Қазақстан бюджетіне 28 млрд теңгеден астам шығын келтірді», - деді Саян Ахметжанов.

Соңғы жаңалықтар