2 сәуір. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 2 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

82 жыл бұрын (1941) өнертанушы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының басқарма мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі Юрий Петрович АРАВИН дүниеге келді.

Тверь қаласында (Ресей) туған. Новосібір консерваториясы тарихи-теоретикалық факультетін, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын (ғылыми жетекшісі – профессор Б. Ерзакович) бітірген.

Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында, қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында музыкалық-тарихи және теориялық пәндерден дәріс берген. Педагогикалық қызметін ғылыми-зерттеу және музыкалық-ағарту жұмыстарымен байланыстырған.

«Дыбыстар музейі», «Қазақ музыкасының кіші антологиясы» сияқты танымал телехабарлардың және «Тотем» радиосындағы «Дала шоқжұлдызы» циклдық хабарлардың авторы.

«Абай жадына арналған лирикалық поэма», «Қазақстанның симфониялық поэмаларының тақырыбы мәселесі туралы», «Халық қаћармандары туралы үш поэма», «Мұқан Төлебаевтың «Қазақстан» поэмасы», «Қазіргі заманғы ұйғыр симфониясының бастама көздері», «Әндік симфонизм тарихына», «Дала шоқжұлдызы: қазақ музыкасы туралы очерктер мен этюдтер» тағы басқа шығармалары қазақтың өнертануына қосылған өлшеусіз үлес болып саналады. Жалпы, 100-ден астам жарияланым авторы.

Қазақстан Республикасы Композиторлар одағы басқармасының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссия мүшесі, «Алтын-Жұлдыз» телерадио бағдарламалары республикалық байқауының лауреаты.

«Парасат» орденімен, медальдармен марапатталған.

75 жыл бұрын (1948) кинорежиссер, сценарист, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тілеуғабылұлы ТӘУЕКЕЛ дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген.

Еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясы мультипликациялық бірлестігінің директоры болып бастаған. 1973-1974 жылдары – Қазақ КСР Мемлекеттік кино комитетінің бөлім меңгерушісі. 1974-1990 жылдары – «Қазақфильм» киностудиясы директорының орынбасары, бірінші орынбасары, директоры, Қазақ КСР Мемлекеттік кинематография жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. 1990-1993 жылдары шығармашылық жұмыста болған. 1993-1999 жылдары – «Қазақкинофест» акционерлік қоғамының тең төрағасы. 1999-2001 жылдары – Мемлекеттік мәдениет және өнерді қолдау қорының атқарушы директоры. 2001-2004 жылдары – «Қазақстан теледидары және радиосы» республикалық корпорациясы» жабық акционерлік қоғамының бас продюсері, басқарма төрағасының бірінші орынбасары. 2004-2005 жылдары –Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы қызметін атқарған. 2006 жылдан Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бас редакторы.

«Армысың, Наурыз!», «Біздің киіз үй», «Террордың қанқұйлы іздері», «Асанәлі», «Сәтбаев» және басқа да деректі фильмдердің, «Батыр Баян», «Бір бала» көркем фильмдерінің режиссері.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Юрьевич ДУДНИК дүниеге келді.

Қостанай қаласында туған.

1986 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «емдеу ісі» мамандығы бойынша үздік бітірді. 2010 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «экономика» мамандығы бойынша, 2013 жылы Халықаралық бизнес академиясын іскерлік әкімшілендіру магистрі квалификациясы бойынша, 2016 жылы Ресей халық шаруашылық академиясын іскерлік әкімшілендіру докторы квалификациясы бойынша және 2017 жылы Швейцарияның Еуропалық университетін аяқтады, DBA. Жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының докторы.

Еңбек жолын медицина институтында оқу кезінде бастады, 1983-1986 жылдары Қарағанды қаласындағы облыстық клиникалық ауруханада мейіргер болып істеді. 1986-1987 жылдары – Қостанай қалалық ауруханасы хирургия бөлімшесінің дәрігер-интерні, 1987-2005 жылдары – Қостанай қаласындағы облыстық онкологиялық диспансердің дәрігер-онколог-хирургі, бас дәрігері, 2005-2006 жылдары – Астана қаласы денсаулық сақтау департаментінің директоры, 2006-2008 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау департаментінің директоры, 2008-2009 жылдары – ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының бастығы, 2009-2012 жылдары – ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы Орталық клиникалық ауруханасының бас дәрігері, 2012-2014 жылдары – ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы бастығының орынбасары, 2014-2017 жылдары – ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының бас дәрігері, 2018-2021 жылдары – Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы, 2021-2022 жылдары – Қостанай қаласы «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының кеңесшісі. 2022 жылғы 4 сәуірден бастап Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Жұмысындағы жоғары көрсеткіштері үшін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен (2001 жыл), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 жыл), «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» (2020 жыл), «Қазақстан конституциясына 25 жыл» (2020 жыл) мерекелік медальдарімен, «Құрмет» (2013 жыл), «Парасат» (2021 жыл) ордендерімен марапатталған.

53 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2021 жылдан бастап); Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы, Бангладеш Халық Республикасындағы, Непал Федеративтік Демократиялық Республикасындағы, Бутан Корольдігіндегі, Мальдив Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы (2022 жылдан бастап) Нұрлан Әделұлы ЖАЛҒАСБАЕВ дүниеге келді.

Ресей Федерациясы Петрозаводск мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1993 жылдан бері ҚР СІМ жүйесінде жұмыс істейді. 1999 жылдан бері ведомствода басшылық қызметтер атқарды. 2003-2004 жылдары – ҚР СІМ көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры, халықаралық ұйымдастыру және қауіпсіздік мәселелері департаментінің директоры. 2004-2008 жылдары Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілдігінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Грузиядағы уақытша сенімді өкілі, Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Уақытша сенімді өкілі қызметтерін атқарды. 2008-2009 жылдары Еуропа департаментін басқарды. 2009-2015 жылдары – ҚР Италия Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-өкілі. 2016-2019 жылдары – АӨСШК кәсіби құрамының (дипломатиялық құрам) мүшесі. 2019-2021 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры.

51 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Асламбек Амангелдіұлы МЕРҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. Ыстанбұл мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 1998-1999 ж.ж. – компанияда заңгер; 1999-2001 ж.ж. – Павлодар облысы Әділет басқармасының бас маманы. 2001-2003 ж.ж. – Павлодар облыстық сотының бас маманы. 2003-2007 ж.ж. – Павлодар қалалық сотының судьясы. 2007-2008 ж.ж. – Павлодар облысы Екібастұз қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы. 2008-2012 ж.ж. – Екібастұз қалалық сотының төрағасы. 2012-2014 ж.ж. – Павлодар қаласы №2 сотының төрағасы. 2014-2015 ж.ж. – Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы. 2016-2021 ж.ж. – Қостанай облыстық сотының төрағасы. 2021-2022 ж.ж. – Ақтөбе облыстық сотының төрағасы. 2022 жылдың 8 желтоқсанынан бастап – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы.

46 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медицина орталығының меңгерушісі Алексей Владимирович ЦОЙ дүниеге келген.

Шымкент қаласында туған. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын (2001), «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын (2007), Sels College (Лондон), Қазақ мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін және Халықаралық бизнес академиясын бітірді.

Еңбек жолы: Қалпына келтіру хирургиясы және трансплантология орталығының хирург-эндоскописі, ҚР ДСМ «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» РМК Ішкі медицина орталығының жетекші ғылыми қызметкері (2001-2007); «Еуразия респираторлық қоғамы» ҚБ Бас хатшысы, ҚР Президенті Іс басқармасының «Қазіргі заманғы медициналық технологияларды енгізу орталығы» РМК директоры (2007 жылдан бастап); «ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы» ММ бастығы (2010-2011); Астана қаласы әкімдігінің «№ 1 қалалық ауруханасы» ШЖҚ МКК бас дәрігері (2011-2014); Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі (2014-2017); Денсаулық сақтау вице-министрі (2017-2019); ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығының басшысы (2019-2020). 2020-2021 жылдары – Денсаулық сақтау министрі.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың қазан айынан бері атқарып келеді.

39 жыл бұрын (1984) Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі Шахмардан Асқарұлы БАЙМАНОВдүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін қаржы және қаржылық құқық мамандығы бойыша, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебін саясаттанушы мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 2005-2007 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі болып бастады. 2007-2008 жылдары – Қызылорда облыстық «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» қауымдастығының атқарушы директоры. 2008-2011 жылдары – «Қазақстан жастар конгресі» атқарушы директорының орынбасары. 2011-2012 жылдары – «Қазақстан жастар конгресі» атқарушы директоры. 2012-2015 жылдары – Ақмола облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы. 2015-2017 жылдары – «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы. 2017-2019 жылдары – Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары. 2019-2020 жылдары –Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасы (2020-2022).

Қазіргі қызметінде 2022 жылдың сәуір айынан бастап.

«Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Белсенді қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.


Соңғы жаңалықтар