2 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

Автор:  
Қанат Мәметқазыұлы

2 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 2 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2007 жылғы желтоқсанның 18-індегі арнайы қарарымен бекітілген. 2008 жылдан бастап жыл сайын сәуірдің 2-сінде атап өтіледі. Бұл Бүкіләлемдік күн Катар мемлекетінің ұсынысы бойынша белгіленді, мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы 2008 жылғы жолдауында атап өтті. Бас Ассамблеяның қарарында, ең алдымен, балалардың аутизм мәселесіне көңіл бөлінді, сондай-ақ диагнозды неғұрлым ерте қою және тиісті тексеру жүргізу атап көрсетілген.

Халықаралық балаларға арналған кітап күні

1956 жылдан бастап Халықаралық кеңестің шешімімен жыл сайын дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орай атап өтіледі. Көптеген елдерде балалар мен жасөспірімдер кітабы апталығы аясында әлемнің үздік кітаптарына арналған байқаулар, көрмелер, конференциялар мен фестивальдар өткізіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1938 жылы Балқаш көлі маңындағы кент Балқаш қаласы деп атала бастады. Қаланың негізі 1937 жылы, өңірдегі тұңғыш мыс қорыту зауыты салынған кезде қаланды деп саналады.

Балқаш Қарағанды облысында, облыс орталығы Қарағанды қаласынан оңтүстікке қарай 380 км жерде, Балқаш көлінің жағасында орналасқан. Қала 5,9 шаршы км ауданды алып жатыр.

1940 жылы Семейде Абайдың мұражай-үйі ашылды (Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды Абай мұражайы).

1963 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Найзағай» зымыран тасығышы ұшырылды. Ай мен «Ай-4» ғарыш кеңістігін зерттеу үшін Айға ұшудың траекториясына шығарылды.

1993 жылы Қарулы Күштердің жекелеген түрі - Әскери-теңіз күштері құрылды. Олардың басты міндеті Каспий теңізінің Қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына қол сұғылмауын, аумақтық тұтастығын, егемендігін, экономикалық мүдделерін қорғаудан тұрады. Бүгінгі таңда Әскери-теңіз күштері Каспий маңы елдері арасында күштерді орналастыруда лайықты орын алып, Каспий өңіріндегі тұрақтылықтың кепілі болып отыр деп сеніммен айтуға болады.

1996 жылы Қазақстан Республикасы азаматтарының тегі мен әкесінің атын қазақша жазу тәжірибесін қазақ халқының қалыптасқан дәстүрлеріне сәйкес келтіру жөніндегі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығы шықты.

1997 жылы «ҚазТрансОйл» Мұнай тасымалдау ұлттық компаниясы» ЖАҚ құрылды. Оған барлық магистралды мұнай құбырлары, сондай-ақ Батыс Қазақстанның магистралды су құбыры берілді.

2008 жылы Алматыдағы «Медеу» спорт кешенінде «Бейжің-2008» Олимпиадалық алау эстафетасы басталды. Олимпиада ойындарының басты символын салтанатты табыс ету рәсімін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Мемлекет басшысы мұз айдынында орнатылған тұғырға фанфар әуенімен көтерілді. Елбасымен бірге тұғырға Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сиюнь мен 1980 жылғы Олимпиадада грек-рим күресінен чемпион атанған тұңғыш қазақ Жақсылық Үшкемпіров көтерілді.

2008 жылы Алматыда еліміздің тарихында алғаш рет Пошта мұражайы ашылды, сонымен қатар қалалық пошта бөлімінің ауласында пошта аллеясы және заманауи филателистикалық салонның таныстырылымы болды. Мұражай экспозициясын пошта қызметкерлері жинастырды және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері материалдарды берді. Мұражайдың хронологиялық шеңбері тарихи кезеңдерді қамтиды, қазақстандық пошта қызметінің құрылуы мен даму туралы деректер жинақталған.

2010 жылы ұлттық даму институты «Kaznex invest» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі құрылды. Ол қазақстандық шикізаттық емес экспортты дамыту мен ілгерілету және экономиканың басым секторларына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау жолымен ұлттық экономиканы әртараптандыру үшін ықпал етуге бағытталған.

2013 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінен хабар тарату сапасын жақсарту және журналистердің кәсіби өсуін ынталандыру мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласында Алғыс жариялау және Сыйақыларды тағайындау, гранттар бөлу ережелерін бекіту туралы өкімге қол қойды.

2014 жылы «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауыты дайын өнiм, тазартылған алтынның алғашқы партиясын ҚР Ұлттық банкiне жөнелттi.

99,99 сынамалы стандартты банктiк құймалы бiрiншi партияның көлемi шамамен 500 келi, жалпы құны - 21 млн. АҚШ доллары.

2016 жылы Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік саммиті аясында Қазақстан, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Иордания, Испания, Канада, Қытай, Норвегия, БАӘ, АҚШ, Филиппин, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция, Оңтүстік Корея және Жапония МАГАТЭ-нің Қазақстандағы Төмен байытылған банкі жөнінде бірлескен мәлімдеме қабылдады.

2019 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық, зорлық-зомбылық, сондай-ақ педагогтардың әдепке жатпайтын мінез-құлық фактілері туралы хабарламаларды анықтау мақсатында Telegram мессенжерінде Bala QORGAÝ чат-каналы ашылды.





Серіктестер жаңалықтары