Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 371.56 EUR 422.43
RUB 5.56 CNY 53.51
Jańalyqtar

2 СӘУІР . ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2013 жылғы 2 сәуір 06:50 22
Бөлісіңіз:

АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 2 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.

2 СӘУІР,  СЕЙСЕНБІ

Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің құрылған күні (1993). Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қарулы Күштер құрамындағы Әскери-теңіз күштері құрылды.

Халықаралық балаларға арналған кітап күні. 1956 жылдан бастап Халықаралық кеңестің шешімімен жыл сайын дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туылған күніне орай атап өтіледі. Көптеген елдерде балалар мен жасөспірімдер кітабы апталығы аясында әлемнің үздік кітаптарына арналған байқаулар, көрмелер, конференциялар мен фестивальдар өткізіледі.

Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 2007 жылғы желтоқсанның 18-інде арнайы № A/RES/62/139 қарарымен бекіткен. 2008 жылдан бастап жыл сайын сәуірдің 2-сінде атап өтіледі. Бұл Бүкіләлемдік күн Катар мемлекетінің ұсынысы бойынша белгіленді, мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы 2008 жылғы жолдауында атап өтті. Бас Ассамблеяның қарарында, ең алдымен, балалардағы аутизм мәселесіне көңіл бөлінді, аутизмнен зардап шеккендер арасында балалар үлесінің жоғары болуы мазалайтыны айтылған, неғұрлым ерте диагноз қою және тиісті тексеру жүргізу атап көрсетілген. Қарар қоғамды, оның ішінде отбасыларын, аутизмнен зардап шеккен балалар туралы хабардар ету үшін барлық шараларды қабылдауға ұсыныс береді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Тіл жөніндегі комитет құрылды.

17 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасы азаматтарының тегі мен әкесінің атын қазақша жазу тәжірибесін қазақ халқының қалыптасқан дәстүрлеріне сәйкес келтіру жөніндегі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығы шықты.

22 жыл бұрын (1991) Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтасық жөніндегі кеңесіне қатысушы-елдер парламентшілерінің Мадридтегі кездесуі барысында ЕҚЫК Парламенттік Ассамблеясын (қазіргі ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы) құру туралы шешім қабылданды. Ассамблеяның құрылтайшы сессиясы 1992 жылғы шілденің 3-5-і аралығында Будапештте өтті.

83 жыл бұрын (1930) Қазақстанның ғылыми-зерттеу мекемелері қызметкерлерінің 1-ші съезі өтті.

73 жыл бұрын (1940) Семейде Абайдың мұражай-үйі ашылды (Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды Абай мұражайы).

11 жыл бұрын (2002) Павлодарда Қазақстан халықтарының Кіші Ассамблеясында Қазақстандағы этникалық болгарлардың «Славяне» қоры ресми түрде тіркелді.

4 жыл бұрын (2009) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жапонияның ең үздік жоғарғы оқу орындарының бірі болып табылатын Васэда университетімен (Waseda University) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжаттың басты мазмұны ынтымақтастықтың келешектегі дамуы, білім саласын қолдауы, оқытушылар мен студенттер арасындағы кәсiби және мәдени өзара қарым-қатынастары болып табылады. Ортақ қызығушылық салалары болып академиялық қызметтің дамуы, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастық, студенттер мен мамандарды оқыту анықталған.

5 жыл бұрын (2008) Алматыдағы «Медеу» спорт кешенінде «Бейжің-2008» Олимпиадалық алау эстафетасы басталды. Олимпиадалық ойындардың басты рәмізін салтанатты табыс ету рәсімін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Мемлекет басшысы мұз айдынында орнатылған тұғырға фанфар әуенімен көтерілді. Елбасымен бірге тұғырға Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сиюнь мен 1980 жылғы олимпиадада грек-рим күресінен чемпион атанған тұңғыш қазақ Жақсылық Үшкемпіров көтерілді. Алаңда сондай-ақ, әр жылдары алтын медаль жүлдесін жеңіп алған қазақстандық спортшылар сап түзеді. Қазақстан Президенті олимпиадалық алауды Қытай елшісінің қолынан қабылдап алып, оны алғашқы болып өзі алып жүрді. Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Олимпиада алауын қазақстандық атақты боксшы, 2004 жылғы Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевқа табыс етті. Айта кетейік, Бейжің Олимпиадасының ашылу рәсімінде Қазақстан жалауын алып жүру құрметі Бақтияр Артаевқа сеніп тапсырылған еді.

5 жыл бұрын (2008) Алматыда «Қазпошта» АҚ ғимаратында ХХІХ Олимпиадалық ойындарға арналған көркемсуретті жаңа пошта маркасының таныстырылымы болды.

Марканың авторы - суретші Данияр Мұхамеджанов. Маркада Алматыдағы Республика алаңының аясында Халықаралық олимпиада комитетінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиады комитетінің және Олимпиада алауы эстафетасының логотипі бейнеленген.

5 жыл бұрын (2008) Алматыда еліміздің тарихындағы алғаш рет Пошта мұражайы ашылды, сонымен қатар қалалық пошта бөлімінің ауласында пошта аллеясы және заманауи филателистикалық салонның таныстырылымы болды. Мұражай экспозициясын пошта қызметкерлері жинастырды және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері материалдарды берді. Мұражайдың хронологиялық шеңбері тарихи кезеңдерді қамтиды, қазақстандық пошта қызметінің құрылуы мен даму туралы деректер жинақталған.

3 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикада нәтижеге бағытталған мемлекеттік жоспарлау жүйесін әрі қарай енгізуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет үдерісін жетілдіру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

3 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл Заң елімізде жекеменшік сот орындаушылары институтын енгізуге және атқарушы құжаттардың мүлтіксіз орындалуының қолданыстағы жүйесін жетілдіруге бағытталған.

3 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталмыш Заң Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілерін «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңға сәйкестендіруге бағытталған.

3 жыл бұрын (2010) Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында Мәдениет үйі жанынан «КурчатоВ-news» атты жасөспірімдердің баспасөз орталығы ашылды. Баспасөз орталығында балалар қалалық екі газеттің балаларға арналған беттерінің тілшілері, редакторлары ретінде, сонымен қатар жергілікті арнадан көрсетілетін телебағдарламалардың жүргізушілері рөлінде өздерін сынап көреді.

3 жыл бұрын (2010) Солтүстік Қазақстан облысының Мамлютка қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО халық мұғалімі, Мамлют орта мектебінің алғашқы директоры Григорий Кубраковтың құрметіне ескерткіш тақта ашылды.

Григорий Максимович Кубраков 1920 жылы Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Есіл ауданындағы Петровка ауылында дүниеге келді. Медицина техникумын және Петропавл педагогикалық институтын бітірген. Ауыл шаруашылығы өндірісінде еңбек етті, мұғалім, облыс мектептерінің директоры болды. 1963-1988 жылдары Мамлют шипажайлық мектеп-интернат директоры болып қызмет атқарды. Оның басшылығымен оқу-медициналық мектеп республикадағы үлгілі оқу орнына айналды. Григорий Кубраков Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті болды, «Парасат», Қызыл жұлдыз, Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.

212 жыл бұрын (1801) Петерборда машина жасау зауыты (қазіргі Киров атындағы) құрылды.

47 жыл бұрын (1966) кеңестік «Луна-10» атты спутнигі Айға қонды. Бұл ғарыш аппараты бұндай жетістікке әлемде ең бірінші болып жеткен.

22 жыл бұрын (1991) Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтасық жөніндегі кеңесіне қатысушы-елдер парламентшілерінің Мадридтегі кездесуі барысында ЕҚЫК Парламенттік Ассамблеясын (қазіргі ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы) құру туралы шешім қабылданды. Ассамблеяның құрылтайшы сессиясы 1992 жылғы шілденің 3-5-і аралығында Будапештте өтті.

 ЕСІМДЕР

135 жыл бұрын (1878-1944) домбырашы, күй орындаушы ҚҰРАҚҰЛЫ Досжан дүниеге келді.

Қызылорда облысының тумасы.

«Көкек тоғайы», «Бәти қыз», «Бұқтым-бұқтым», «Жетім қыз», «Терісқақпай», «Абылай хан», «Кербез төре», «Қара жорға» күйлерінің авторы.

1964 жылы фольклоршы М.Байділдаев Досжан Құрақұлының 32 күйін магнитофонға жазып алды. 1978 жылы Досжанның күйлері С.Ысқақовтың орындауында жеке күйтабақ болып шығарылды.

65 жыл бұрын (1948) Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бас редакторы, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ТӘУЕКЕЛ Сіләмбек Тілеуғабылұлы дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. Еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясы мультипликациялық бірлестігінің директоры болып бастаған. 1973-1974 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік кино комитетінің бөлім меңгерушісі. 1974-1990 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясы директорының орынбасары, бірінші орынбасары, директоры, Қазақ КСР Мемлекеттік кинематограифия жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары. 1990-1993 жылдары шығармашылық жұмыста болған. 1993-1999 жылдары - «Қазақкинофест» акционерлік қоғамының тең төрағасы. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мәдениет және өнерді қолдау қорының атқарушы директоры. 2001-2004 жылдары - «Қазақстан теледидары және радиосы» Республикалық корпорациясы» жабық акционерлік қоғамының бас продюссері, басқарма төрағасының бірінші орынбасары. 2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 2006 жылдан бері. «Армысың, Наурыз!», «Біздің киіз үй», «Террордың қанқұйлы іздері», «Асанәлі», «Сәтбаев» және басқа да деректі фильмдердің, «Батыр Баян», «Бір бала» көркем фильмдерінің режиссері.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.   

50 жыл бұрын (1963) ҚР Президенті Іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымының докторы ДУДНИК Вячеслав Юрьевич дүниеге келді.

Қостанай қаласында туған. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1986-1987 жылдары - Қостанай облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері. 1987-2005 жылдары - Қостанай облыстық онкологиялық диспансерінің онколог дәрігері, бас дәрігерінің орынбасары, бас дәрігері. 2005-2006 жылдары - Астана қалалық денсаулық сақтау департаментінің директоры. Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы болды.

64 жыл бұрын (1949) спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы ПРИХОДЬКО Владимир Петрович дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Ол Барселона, Атланта, Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында төреші болған.

93 жыл бұрын (1920-2007) Қазақстан халық мұғалімі КУБРАКОВ Григорий Максимович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Солтүстік Қазақстан облысының Ленин ауданында туған. Петропавл медициналық техникумын, Петропавл педагогика институтын бітірген.

1939-1954 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында жауапты қызметтерде болған. 1954-1960 жылдары - Мамлют ауданында мектеп директоры. 1960-1963 жылдары - Булаев аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, Булаев орта мектебінің директоры. 1963-1988 жылдары - Мамлют санаториялық мектеп-интернаттың директоры. 1988-1991 жылдары Петропавл педагогика институтында педагогика кафедрасының оқытушысы, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған.

I дәрежелі Отан соғысы ордені, Еңбек Қызыл Ту және 2 рет Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.

208 жыл бұрын (1805-1875) әлемге әйгілі дат жазушысы АНДЕРСЕН Ханс Христиан дүниеге келді.

Андерсеннің туған қаласы Оденседегі музей-үйінде оның дүниежүзі халықтарының тілдерінде жарық көрген туындыларынан, жазушы шығармашылығы жайында жазылған еңбектерден тұтас бір кітапхана жасақталған.

«Импровизатор», «Тек скрипкашы», «Қос баронесса» романдары, «Мулат» пьесасы, «Ақын базары» қолжазба очерктер кітабы, «Менің өмірімнің ертегісі» өмірбаяндық кітабы және басқа да шығармалары әлем оқырмандарына жақсы таныс. Негізінен, әдеби ертегі, повестерімен даңқы шыққан. Танымал ертегі кітаптарында жазушы ар тазалығы мен жан жомарттығын, әділет, жақсылық сезімдерін ашып көрсеткен.

Андерсен атындағы халықаралық әдеби сыйлық бар.

72 жыл бұрын (1941) өнертанушы, сыншы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері АРАВИН Юрий Петрович дүниеге келді. Тверь қаласында (Ресей) туған. Қазақстан Республикасы Композиторлар одағы басқармасының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссиясының мүшесі, «Алтын-Жұлдыз» телерадио бағдарламалары республикалық байқауының лауреаты. Новосібір консерваториясы тарихи - теоретикалық факультетін, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын (ғылыми жетекшісі - профессор Б.Г.Ерзакович) бітірген. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында, қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында музыкалық - тарихи және теориялық пәндерден дәріс берген.  Педагогикалық қызметін ғылыми - зерттеу және музыкалық - ағарту жұмыстарымен байланыстырған. Ол халықтық - кәсіби композитор -күйшілердің өмірі мен творчествосына, симфонизмнің әндік бастаулары мәселелері, Қазақстан композиторларының симфониялық музыкасындағы музыкалық бейнелердің жанрлық жинағы мен бағдарламалылығына қатысты мәселелерді көтерді. Оның музыкатанулық қызметін, ғылыми және творчестволық көп қырлы ізденісін конференцияларда жасаған баяндамалары мен хабарламалары, радио мен телевидениеден берген хабарлары, филармониядағы лекциялар циклы, мерзімді басылымдарда жарияланған. «Дыбыстар музейі», «Қазақ музыкасының кіші антологиясы» сияқты танымал телехабарлардың және «Тотем» радиосындағы «Дала шоқжұлдызы» авторлық циклдық хабарлардың авторы. «Қазақстан» каналындағы оның қазақтың халықтық музыкасы туралы телехабары Қазақстандық телекөрермендердің ең сүйікті хабары болып табылады. «Абай жадына арналған лирикалық поэма», «Қазақстанның симфониялық поэмаларының тақырыбы мәселесі туралы», «Халық қаћармандары туралы үш поэма», «Мұқан Төлебаевтың «Қазақстан» поэмасы», «Қазіргі замандық ұйғыр симфониясының бастама көздері», «Әндік симфонизм тарихына», «Дала шоқжұлдызы: қазақ музыкасы туралы очерктер мен этюдтер» тағы басқа шығармалары қазақтың өнертануына қосылған өлшеусіз үлес болып табылады. 100-ден астам жарияланымдардың авторы.

«Парасат» орденімен, медальдармен марапатталған.

62 жыл бұрын (1951) техника ғылымының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры СҮЛЕЙМЕНОВ Батырбек Айтбайұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), Мәскеу болат және қорыту институтының аспирантурасын бітірген. 1975-1977 жылдары - Қазақ политехникалық институтының инженер, аға инженері. 1982-1997 жылдары - Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің стажер-оқытушысы, ассистент, аға оқытушы, доцент, докторант. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің Жекешелендіруді бақылау басқармасының бастығы. 1999-2000 жылдары - «Қазақстан темір жолы» РМК жаңа технологиялар және ғылым департаменті бастығының бірінші орынбасары. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының ақпараттық технологиялар курсының жетекшісі қызметтерін атқарған.

120-дан астам ғылыми еңбектің және өнертабыстың авторы.

62 жыл бұрын (1951) Алматы қаласының спортқа дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатының директоры міндетін атқарушысы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақтан Республикасының дене тәрбиесі мен спортына еңбек сіңірген қайраткер, философия ғылымдарының кандидаты, профессор, еркін күрестен КСРО-ның спорт шебері ИМАНҚҰЛОВ Асқарбек Сқақұлы дүниеге келді. Алматы облысында туған. Қазақ дене тәрбиесі институтын (қазіргі Қазақ туризм және спорт академиясы), Экономика және құқық академиясын бітірген. 1969-1970 жылдары - еркін күрестен КСРО біріншілігінің екі дүркін чемпионы, Венгриядағы «Надежды Олимпиады» халықаралық турнирінің жеңімпазы болған. 1971 жылы Мәскеу қаласында өткен КСРО халықтары V спартакиадасында 4 орынға ие болған. 1972-1973 жылдары Кубада өткен  халықаралық турнирінің екі дүркін жеңімпазы, 1969-1975 жылдары - Қазақстанның құрама командасының мүшесі, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болған. Алғашқы бапкері -Қ Байдосов. 1975-1992 жылдары - Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушы-ұстазы. 1992-1998 жылдары -Алматы қаласы №1 Олипиадалық резервтегі училище директорының спорт жұмыстары жөніндегі орынбасары. 1998-2002 жылдары - Алматы қаласындағы еркін күрес түрінен республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры. 2002-2008 жылдары- Алматы қаласындағы күрестер түрі бойынша олимпиадалық резервін дайындау орталығының директоры қызметтерін атқарған.

2008 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.

36 жыл бұрын (1977) «ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы» ММ бастығы ЦОЙ Алексей Владимирович дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Оңтүстік Қазақстан медииналық академиясын, «Дәнекер» халықаралық құқық және бизнес институтын бітірген, дәрігер, заңгер.

2001-2007 жылдары - ҚР денсауық сақтау министрлігінің «Ұлттық ғылыми медицина орталығы» РМК хирург-эндоскописі. 2002-2004 жылдары -  «GlaxoSmithKline» фармацевтік компаниясының Астана қаласы бойынша аймақтарды дамыту менеджері. 2007 жылғы қыркүйектен - Қалпына келтіру хирургиясы және трансплантология орталығының аға ғылыми қызметкері, Ішкі медицина орталығының жетекші ғылыми қызметкері, ҚР Президенті Іс басқармасының «Заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығы» РМК  директоры.  Қазіргі қызметінде - 2010 жылғы сәуірден бері.

97 жыл бұрын (1916-2005) кеңестік және ресейлік джаз музыканты, дирижер, композитор, Джаз музыкасы мемлекеттік камералық оркестрін құрушы және жетекшісі, РСФСР халық әртісі  ЛУНДСТРЕМ Олег Леонидович дүниеге келді.

 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Күнтізбе, Қоғам,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
MURAǴAT