2 проценттік ипотеканың шарттары қандай болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілетін ипотеканың шарттарын жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Аз қамтылған отбасыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 20 жылға жеңілдетілген несие енгізіледі. Жылдық мөлшерлемесі 2 процент болады. Аталған несие келесі санаттар - төрт және одан көп баласы бар отбасыларға, мүгедек баласы бар немесе мүгедек баланы тәрбиелейтін отбасыларға және кәмелетке толмаған балалары бар толық емес отбасыларға беріледі. Екі жылда біз аталған санаттарға 22 мың жеңілдетілген займ беруді жоспарлап отырмыз", - деді Р.Скляр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің сөзіне қарағанда, 22 мың ипотекаға үш жылдың ішінде республикалық бюджеттен 50 миллиард теңгеден бөлінетін болады.

Журналистерге сұхбат берген Р.Скляр жеңілдетілген несиенің алғашқы жарнасын да атады. «Бастапқы жарна 10 процент болады. Негізі, бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бөлек бағдарламасы болады. Жақын арада біз банк басшылығымен бірге бәрін жан-жақты түсіндіретін боламыз. Арнайы брошюраны да шығарамыз. Сол жерде бәрі жазылады», - деп атап көрсетті Р.Скляр

Айта кетейік, кеше «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев табысы төмен отбасыларға 2-3 процентпен баспана сатыл алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

«Табысы төмен көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар, аз қамтылған отбасыларға пәтер сатып алудың қолжетімділігін арттыру қажет. Бұл санаттағы азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемын беру тетіктерін әзірлеуді тапсырамын. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаражат қажет болады және оған жыл сайын 50 млрд теңге бөлуді тапсырамын»,- деді Н.Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар