2 проценттік ипотека қандай шарттармен беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға 2 проценттік ипотека беру мәселесін қарыстырып шығуды Үкіметке тапсырған болатын. Осыдан кейін тиісті органдар бірден есеп-қисапқа кірісіп, жеңілдетілген несиенің алдын ала шарттары туралы да айтып қалды. Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізу мәселесі пысықталып жатқан көрінеді. Соның аясында 2 проценттік ипотеканың нақты шарттары мен оны алатын санаттар көрсетіледі. Бірақ Алматы қаласының әкімдігі бағдарламаны күтпей, көпбалалы отбасыларға жеңілдетілген несиені бергісі келеді екен. ҚазАқпарат тілшісі аталған ипотеканың шараттарын сараптап, оған кететін шығындарға назар аударған болатын.

2 проценттік ипотеканы кім алады?

Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2 проценттік ипотека әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың нақты үш категориясына берілуі керек. Олар - көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар отбасылар. Аталған санатқа кіретін азаматтардың табысы төмен болса, оларға жеңілдетілген несиелер беруге болады.

«Осы санаттар үшін тұрғын үй жинақтары арқылы 2-3 проценттік зайымдарды берудің жеңілдетілген механизмін әзірлеуді тапсырамын. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жыл сайын 50 миллиард теңгеден бөліп отыру қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, үш жыл бойы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 50 миллиард теңгеден бөлінсе, 22 мың адамға жеңілдетілген ипотека беруге болады. «Бастапқы жарна 10 процент болады. Жылдық мөлшерлемесі - 2 процент. Ал несиенің өзі 20 жылға берілетін шығар. Негізі, бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бөлек бағдарламасы болады», - деп атап көрсетті Роман Скляр журналистерге берген сұхбатында.

Дегенмен, бұл жерде «Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, оның үстіне табысы төмен отбасы алғашқы жарнаны қайдан табады?» деген заңды сұрақ туындайды. Бүгінде министрлік пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі дәл осы мәселені жан-жақты зерделеп жатқан көрінеді. Бәлкім, алғашқы жарна жергілікті әкімдіктердің есебінен берілетін тұрғын үй куәліктерімен өтелетін шығар. Оған қоса, ондай куәліктерді тарату тәжірибесі бар. Бірақ оны халыққа жаппай беру үшін заңмен бекітіп алу қажет екен.

«Бүгінде тұрғын үй куәліктерінің екі түрі бар. Біреуі тегін, яғни оны қайтармауға болады. Оны жергілікті атқарушы органдар өз еркімен беріп жатыр. Ал екіншісі, ол - қайтарылатын тұрғын үй куәліктері. Қазіргі кезде біз Парламент Мәжілісіне бірқатар нормативтік өзгерістерді енгізіп жатырмыз. Соның аясында тұрғын үй куәліктерін таратудың нақты шарттары бекітіледі. Сол кезде ондай куәліктің нақты сомасы және кімге берілетіні айқындалады. Осыны тездетіп бітірсек, халыққа тұрғын үй куәліктетірн жаппай беруге мүмкіндік болады», - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.

Демек, алдағы уақытта тұрғын үй құрылысы саласындағы басты құжат - «Нұрлы жер» бағдарламасында 2 проценттік ипотеканың шарттары, оны алатын санаттар мен тұрғын үй куәліктері сияқты негізгі мәселелердің бәрі көрсетіледі. Сонда жергілікті атқарушы органдар да 1 миллион теңге көлеміндегі куәліктерді жаппай тарата алады.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы қалай жұмыс істейді?

Дегенмен, Алматы қаласының әкімдігі «Нұрлы жердің» өзгерістерін күтпей-ақ, өзінің бюджеттік қаржыландыру бағдарламасын бастап кетті. «Бақытты отбасы» жобасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы көпбалалы отбасыларға 2 проценттік ипотека беру көзделіп отыр.

«Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдап, олар үшін қолжетімді тұрғын үй санын арттырып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жеңілдетілген несие беру механизмін дайындап шығаруды тапсырған болатын. Қазіргі кезде Қазақстанның барлық өңірлерінің тұрғындарын қамтитын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңа бір бағыт әзірленуде. Алматы қаласының әкімдігі жаңа ережені күтпестен, қалалық бюджеттен алдын ала қаражат бөліп, көпбалалы отбасылар үшін «Бақытты отбасы» бюджеттік несиелендіру бағдарламасын іске қосты», - дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова.

«Бақытты отбасы» жобасымен Президент айтқан барлық үш санат қамтылмаса да, Алматының әкімдігі кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың барлығын баспанамен қамтамасыз етуге ниетті. Бүгінде қаланың баспана кезегінде 1 276 көпбалалы ана тұр екен. Олардың барлығына жеңілдетілген ипотека беріледі. Бірақ оған ілігу үшін алдымен https://www.baqytty-otbasy.kz сайты арқылы өтініш беру керек. Тұрғын үй несиесі 15 миллион теңгеге дейін беріледі. Ол үшін 10 проценттік жарнаны құю қажет. Әкімдік өз бюджетінен әрбір көпбалалы анаға 1 миллион теңге көлеміндегі тұрғын үй куәлігін беруге әзір. Оны тек алғашқы жарна ретінде ғана пайдалануға болады. Сосын бір айдың ішінде жаңа нарықтан пәтер тауып алу қажет. Осы уақыттың ішінде баспана табылмаса, 2 проценттік несиені алу мүмкіндігі кезекте тұрған келесі адамға беріледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметкерлері де пәтер іздеуге көмектеседі. Қазір арнайы осы мақсатта банктің қалалық филиалында барлық параметрлерге сәйкес сатылымға қойылған тұрғын үйлердің тізімі жасақталуда», - деді банк қызметкерлері.

Ал калькуляторға салатын болсақ, 2 проценттік ипотекамен 15 миллион теңгенің пәтері үшін ай сайын 79 000 теңгеден төлеп отыру қажет. Баспананың бағасы одан төмен болса, ай сайынғы төлем де аздау болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Бақытты отбасы» жобасына қатысатындардың төлем қабілетін жеңілдетілген тәртіппен тексереміз деп отыр. Несие алатын көпбалалы отбасының мүшесі ипотеканы өтеуге қажетті ай сайынғы төлем сомасын және бір ересек адамға 5 АЕК (12 625 теңге - авт) көлемінде өмір сүруге арналған ең төменгі соманы растаса болды. Ал балаларға кететін шығындар есепке алынбайды.

Негізі, Алматының тәжірибесі негізінде «Нұрлы жер» бағдарламасына тиісті өзгерістерді енгізу әбден болатын сияқты. Бәлкім, әкімдіктің «поездан бұрын жүруінің» де себебі сонда шығар. Осы бастаманы алдымен пилоттық режимде өткізіп, соңынан республика бойынша жаппай таратылса игі еді. Ендеше Алматыда қолға алынған «Бақытты отбасының» нәтижесін күту керек...

Соңғы жаңалықтар