2 наурыз. Туған күн иелері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 2 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

null

ЕСІМДЕР

81 жыл бұрын (1938-2007) Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік және Жастар сыйлықтарының және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, профессор Райымбек Ноғайбайұлы СЕЙІТМЕТ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында туған. Алматы мемлекеттік өнер институтын бітірген. 1970-1971 жылдары Мәскеудегі Мемлекеттік театр өнері институты жанындағы жоғары режиссерлер курсында оқыған.

1959-1960 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының актері. 1960-1980 жылдары - Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, директоры. 1980-1982 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі Өнер істері басқармасының бастығы. 1982-1995 жылдары Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрының бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі болған. 1995 жылдан өмірінің соңына дейін Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Өнер» кафедрасын басқарған. Сахналық өнер жолында Әубәкір (Қ.Байсейітов, Қ.Шаңғытбаев «Беу, қыздар-ай»), Арыстан, Сұңғат (Қ.Мұхамеджанов «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті»), Қозы (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Әбіш (М.Әуезов, Л.Соболев «Абай»). Шоқан (С.Мұқанов «Шоқан Уәлиханов»), Жайнақ (Ш.Айтматов «Ана - Жер-ана»), Кочкарев (Н.Гоголь «Үйлену»), Люченцио, Кассио (У.Шекспир «Асауға тұсау», «Отелло») секілді әр алуан рөлдерді ойнауда орындаушылық шеберлігімен көзге түсті. Ол режиссерлік қызметпен де шұғылданып, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Б.Майлиннің «Неке қияр», Ә.Таразидің «Жолы болғыш жігіт», Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында Әуезовтің «Алуа», Т.Әбдіктің «Біз үшеу едік», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты», Ш.Мұртазаның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», О.Сүлейменов пен Б.Мұқайдың «Заманақыр», т.б. туындыларды қойған.

50 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Талдау және болжамдау орталығының меңгерушісі Ержан Жалбақұлы БАБАҚҰМАРОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысы Қарабұлақ кентінде туған. Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. Қазақстан даму институтының бөлім меңгерушісі, Саяси зерттеулер орталығының директоры, Алматы қаласы әкімдігі аппаратының бас маманы қызметтерін атқарған. 1996-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің аға референті, консультанты, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, Әлеуметтік саяси бөлімінің бас инспекторы, Ақпараттық-талдама орталығының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігі Ақпараттық талдау бөлімінің меңгерушісі. 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы болған. 2008-2012 жылдары - ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары, 2012 жылғы қазаннан 2016 жылға дейін Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы болды; ҚР Премьер-Министрі кеңсесі басшысының орынбасары (2016-2018).

Қазіргі лауазымын атқаруға 2018 жылдың желтоқсан айында кірісті.

Қазақстанда, Ресейде, Үндістанда, Украинада басылған 50-ден астам ғылыми жарияланымның авторы. Саясаттану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Саясаттану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан саяси ғылымдар қауымдастығының мүшесі. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар