2 мыңнан астам әскери қызметші коронавируспен ауырды – Қорғаныс министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Қарулы Күштердің пандемияда қалай жұмыс істегенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Армия да – қоғамның бір бөлігі және пандемия қарулы күштерді айналып өткен жоқ. Жалпы алғанда пандемия басталған сәттен бері ҚР Қарулы Күштерінде бір жыл ішінде 2 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, ауырды. Қазіргі уақытта 100-ге жуық адам ем алып жатыр. Қайтыс болғандар да бар, олардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз. Ал қалғаны аурудан жазылды», - деп жауап берді Н. Ермекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сұрағына.

Министрдің айтуынша, Қарулы Күштердің 13 мыңнан астам әскери қызметшісі коронавируспен күрес жұмыстарына тартылған.

«Мәселен, Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшесі дезинфекция жұмыстарымен айналысты, олар індет өршіген сәтте 60 млн шаршы метрден астам аумақты тазартты. Бас әскери-медициналық басқарманың дәрігерлері, госпитальдері мен лазареттері қатардағы тұрғындарды қабылдап, емдеумен айналысты. Әскери-көліктік авиация гуманитарлық жүктерді тасыды, шетелдегі қазақстандықтарды елге, елдегі шетелдіктерді – сыртқа тасымалдады. Мұның барлығына қосымша қаржы бөлінген жоқ, барлығы өзіміздің ішкі ресурсымыз есебінен жүргізілді», - деп түсіндірді Н. Ермекбаев.

Одан бөлек, әскерилер блокбекеттерде қызмет еткен, ТЖ режимін бақылау үшін ұшқышсыз ұшатын аппараттар қолданған. Патруль жүргізген және өзге де тапсырмаларды орындаған.

«Осының барлығы жағдайды тезірек қолға алуға көмектесті деп үміттенеміз», - деді Нұрлан Ермекбаев.


Соңғы жаңалықтар