2 млн кімге бұйырды: Астанада «Самғау» халықаралық театр фестивалі аяқталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Самғау» VI халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24»арнасына сілтеме жасап.

Елорда мәдениетінің айнасына айналып үлгерген «Самғау» байқауына 12 театр ұжымы қатысып, өнерлерін ортаға салды. Оның алтауы - ел өңірлерінен. Ал қалғаны алыс-жақын шет елдерден келген.

Астананың 20 жылдығына арналған фестивальде әр шығармашылық ұжым үздік қойылымдарын ұсынды.

Оның ішінен Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры ұжымының бағы жанып, бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова әйел бейнесін биік деңгейде сомдағаны үшін үздік деп танылды. Ал «Жастар» театрының әртісі Дәурен Серғазин «Үздік ер адам бейнесі» жүлдесімен марапатталды.

Биыл бас жүлде иегеріне 2 млн теңге қаржылай сыйлық берілетінін бұған дейін жазған болатынбыз.

Фестильдың басталуына орай, Астанада өткен баспасөз мәслихатында театр және кино режиссері, қазылар алқасының мүшесі Талғат Теменов мәлім еткендей, «SAMGAU» VI фестиваліне қатысуға 53 ұжым өтінім берген, оның ішінен тек 12-сі ғана таңдап алынған.

«Әзірге уақыттың тығыздығынан қатысушыларды көбірек ала алмаймыз. Қазылар алқасы күніне 3 спектакльден көреді. Өйткені фестиваль бір аптаға ғана созылады», - деді Т.Теменов.

Астаналықтар мен қала қонақтары фестиваль аясында қойылған спектакльдерді тегін тамашалады. Өз қойылымдарын Астана, Петропавл, Шымкент, Өскемен қалалары театрларының труппалары, сондай-ақ Сербия, Татарстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген ұжымдар ұсынды.

Қазылар алқасының құрамына үздік отандық, сонымен қатар Ресей мен Қырғызстанның театр сыншылары енді. Атап айтқанда, Есенгелді Тұяқов, Елена Митченкова, Жаныш Құлмамбетов, Сәния Қабдиева, Еркін Жуасбек, Мұрат Әбзелбаев, Гүлдана Сапарғалиева, Назерке Жұмабай.

Соңғы жаңалықтар