2 маусым. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 2 маусымда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

89 жыл бұрын (1934-2012) түркітанушы-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Алтай Сәрсенұлы АМАНЖОЛОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Шығыс тілдері институтын бітірген.

1957-1966 жылдары – Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері. 1966-1979 жылдары – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының аға оқытушысы, доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі. 1979 жылдан Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде істеді. 1986-1987 жылдары - Орталық Ұлттар институтында (Бейжің), 1993-1994 жылдары Қара теңіз техникалық университетінде (Трабзон, Түркия) түркітанудан, қазіргі қазақ тілінен дәріс оқыды.

А.Аманжоловтың ғылыми зерттеу еңбектері негізінен көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеу мәселелеріне, тіл типологиясы мен графикалық лингвистикаға арналған. Ғалымның түркі филологиясына және тіл біліміне арналған 200-ге жуық мақаласы, оның ішінде қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген 7 монографиясы бар. Бірқатар жарияланымы ағылшын және түрік тілдерінде басылған. Халықаралық ғылыми конференцияларда баяндама жасаған. Ол 17 филология ғылымының кандидатын және 1 докторын даярлаған.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер.

58 жыл бұрын (1965) «Аstаnа Grouр» холдингінің негізін қалаушы және басшысы, Қазақстан меценаттар клубының құрылтайшысы және мүшесі, белгілі кәсіпкер Нұрлан Еркебұланұлы СМАҒҰЛОВдүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

1991 жылдан Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы «Нұрбұлақ» шағын кәсіпкерліктің директоры. 1992-1993 жылдары - «Саят-Брок» ЖШС-ның, «Мәдина» шағын өндірісінің коммерциялық директоры. 1993-1996 жылдары - «Астана-моторс» компаниясының президенті, «Астана-холдинг» вице-президенті. 1996-1997 жылдары - «Мемлекеттік азық-түлік келісімшарт корпорациясы» республикалық мемлекеттік өндірістің президенті. 1997-2004 жылдары - «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ЖАҚ-тың президенті. 2004-2006 жылдары «Астана Моторс» Қазақ мотор компаниясының президентi қызметтерін атқарған. Mega Development (MEGA СОО желісі) девелопер бөлімшесін ашты (2003).

53 жыл бұрын (1970) Қазақстан мен Орта Азиядағы тұңғыш және жалғыз Үнді классикалық би орталығының директоры және хореографы Ақмарал Елеусінқызы ҚАЙНАЗАРОВАдүниеге келген.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін үздік бітірген (1992), журналист; Рукмини Деви атындағы «Калакшетра» әсемдік өнер колледжін тәмамдады (Оңтүстік Үндістан, Ченнай қаласы, 1998), биші, хореограф, бхаратанатьям үнді классикалық би оқытушысы; Мумбай Университетінің жанындағы «Наланда» би өнерін зерттеу орталығын тәмамдаған, үнді өнері бойынша дипломы бар (2000).

«Мәдениет диалогы-біртұтас әлем» (2006), «Үнді классикалық биінің әдеби негізі» (2007), «Үнді классикалық биі және шығыс жекпе-жек өнері» (2008), М. Әуезовтің «Үндістан туралы очерктері» бойынша «Үнді классикалық би орталығының би өрнектері» (2009) т.б. би жобаларының авторы. 1989 жылдан - Шетелдермен достық және байланыс қоғамы жанындағы «Шанти» Үндістан өнері әуесқойлар клубында үнді биінің хореографы (Алматы). 1993 жылдан - Рукмини Деви атындағы «Калакшетра» әсемдік өнер колледжінің студенті. 1998-2005 жылдары - Үндістанның Қазақстандағы Елшілігі жанындағы Үндістан мәдени орталығында бхаратанатьям үнді класссикалық биінің хореографы және орындаушысы. ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық би кеңесінің мүшесі (Париж, 2004). Алтын медалімен марапатталған және орындаушылық өнер түрлері бойынша өткен 7-ші Әлем чемпионатының «Этникалық би» номинациясында «Әлем чемпионы-2003» деген атағы бар (Голливуд, АҚШ); «Мәдениет қайраткері» Құрмет белгісімен және медалімен марапатталған (2008). Афинадағы XVIII Халықаралық би конгрессінің сертификатын және конгресстің жұмысына белсенді қатысқаны, кәсіби би шеберлігі үшін берілген «Дора Стратоу» грек биі Ұлттық театрының грамотасын алған. Қазақстанда бхаратанатьям үнді классикалық биінің тұңғыш және жеке, кәсіби орындаушысы ретінде есімі «Алматы-2000 Алтын кітабына», Қазақстан рекордтар кітабына (2002, 2003, 2005, 2006, 2007), ЛИМКА үнді рекордтар кітабына (2006) енді. ICCR Стипендиаты (Үндістан үкіметінің мәдени байланыстары жөніндегі Үндістан Кеңесі).

4 1 жыл бұрын (1982) Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қарағанды облысы бойынша өкілі Азамат Неғматоллаұлы ТЛЕШЕВ дүиеге келді.

Павлодар қаласында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарғанды мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы Орталық аумақтық көлік прокуратурасының мемлекеттік органдар қызметінде заңдылықты қадағалау бөлімінің бас маманы қызметінен бастады. 2006-2008 жылдары – Орталық аумақтық көлік прокуратурасының Ақмола көлік прокурорының көмекшісі;

Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы прокурорының әкімшілік істер және атқарушылық өндіріс заңдылығын қадағалау бойынша көмекшісі. 2008-2009 жылдары – Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы прокурорының мемлекеттік органдардың қызметінде заңдылықты қадағалау бойынша аға көмекшісі. 2009 жылы Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саласындағы заңдылықты қадағалау бөлімінің бастығы болды. 2009-2012 жылдары – Қарағанды облысы Абай ауданы прокурорының орынбасары .2012-2014 жылдары – Қарағанды облысының Қаражал қаласының прокуроры. 2014 жылдың қыркүйегінен бастап Қарағанды облысы Қарағанды қаласы Октябрь ауданының прокуроры болды. 2018-2022 жж. Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары қызметін атқарды.

Қазіргі қызметінде – 2022 жылдың қазан айынан бастап.


Соңғы жаңалықтар