2 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер
2018 жылғы 2 маусым 06:10

2 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2018 жылғы 2 маусымға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Байқоңыр қаласының және ғарыш айлағының күні
Осыдан 62 жыл бұрын 1955 жылғы 2 маусымда КСРО Қорғаныс министрлігі Бас штабының директивасымен «Байқоңыр» ғарыш айлағын ұйымдастыру-штаттық құрылымы бекітілген болатын. Міне, содан бері, 2 маусымда Байқоңыр қаласының туған күні және ғарыш айлағының күні тойланады.

Дұрыс тамақтану және артық астан бас тарту күні
Бұл мереке ресми емес америкалық Eat What You Want Day мерекесіне (тәулік бойы диетаны ұмытып не қаласа соның бәрін жеу күні) өзіндік жауап болды. Мерекенің негізгі міндеті - тамақтану мәдениетіне қалың жұртшылықтың назарын аудару.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1930 жылы Қазақстан кәсіподақтарының I съезі болды.

1955 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің ғылыми-зерттеу сынақ полигоны, қазіргі «Байқоңыр» ғарыш айлағының іргетасы қаланды. «Байқоңыр» ғарыш айлағы 6 млн 227 мың гектар аумақты қамтиды. Қызылорда облысының Қармақшы және Қазалы аудандарының жер көлемін және зымыран тасымалдағыштан бөлінген бөлшектердің түсу аймақтарын қоса есептегенде ғарыш айлағы 4 млн гектардан астам жерді алып жатыр. Бүгінде ғарыш айлағында 15 ұшыру қондырғысы, 9 бастама жинағы, 11 құрастыру-сынау тұрқы бар. Байқоңырдан ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр. Байқоңыр ғарыш алаңы 1991 жылы Қазақстан Республикасының иелігіне өтіп, 1993 жылы Ресей Федерациясына 20 жылға жалға берілді. 2004 жылдан Қазақстанның ғарыш қызметіне қатысуының жаңа кезеңі басталды. Қазақстан мен Ресей президенттері қол қойған келісімде «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру мерзімін ұзартумен қатар Ресей ғарыш саласының қолдауымен Қазақстанның ғарыш жобаларын жүзеге асыру қарастырылған.

1993 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы туралы» қаулысы қабылданды.

1998 жылы Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы ашылды. Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры - Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, әлем әртісі Айман Мұсақожаева. 2010 жылғы ақпан айынан Қазақ ұлттық музыка академиясы Қазақ ұлттық өнер университеті болып қайта құрылды.

1998 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының жаңа астанасының тұсаукесері құрметіне орай «Астана» медалі белгіленді.

1999 жылы Астанадағы көшелердің біріне алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист Қошке Кемеңгерұлының (1896-1937) есімі берілді.

Кемеңгеров Қошмұхамбет (Қошке) Дүйсебайұлы (1896-1937) - алаш қайраткері, ғалым, жазушы, драматург, журналист. 1896 жылы 15 шілдеде сол кездегі территориялық бөлініс бойынша Ақмола облысы, Омбы уезінің Қаржас ауылында дүниеге келді. Омбы ауыл шаруашылығы училищесін бітірген. 1916-1918 жылдары «Балапан» қолжазба журналының редакторы болады. Ол 1915 жылдан бастап 1930 жылға дейін үзіліссіз ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосты. Осы уақыт аралығында Қошке өз қатарластарымен бірге отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күреске қатысты. Оның сан салалы ізденіске толы ұлтты дамыту жолындағы қызметін 30-жылдары басталған Кеңес өкіметінің қуғын-сүргін науқаны үзді. 1917 жылы сәуірде Омбыдағы Ақмола облыстық қазақ атқару комитетінің тапсырмасымен Д.Әділов екеуі Ақмолаға келеді, мұнда Сәкен Сейфуллинмен бірлесіп, «Қазақ» комитетін, «Жас қазақ» ұйымын құруға ат салысады. Қошке Кемеңгеров шығармашылығы «Айқап» журналында 1915 жылы жарияланған «Жазғытұры», «Бақ іздеген», «Солған гүл» өлеңдері мен «Пайғамбар», «Сәскелік көлдің жағасында» секілді аудармаларынан басталады. Прозадағы алғашқы туындыларының бірі - «Тұтқынның ойы» әңгімесі. Осы және «Отаршылдың ұсқындары», «Қанды толқын» әңгімелерінде қазақ қауымының күрделі әлеуметтік жай-күйі шебер суреттеледі. Қаламгер құрметіне Баянауылда мектеп, Астанада көше атауы берілді.

2000 жылы Астанада композитор Иманжүсіп Құтпанұлын (1863-1929) еске алу кеші өтті.

2005 жылы Лондонның байырғы Southwark Cathedral кафедралық соборында белгілі қазақстандық скрипкашы Марат Бисенғалиевтің басқаруындағы Батыс Қазақстан филармониясының оркестрі концерт қойды. Концертте британдық өнер сүйер қауымға қазіргі замандағы классикалық композитор Карл Дженкинстің жаңа туындысы - «Реквием» ресми таныстырылды. Карл Дженкинстің «Реквиемі» - қазақстандық классикалық оркестрдің Лондонда әлемдегі беделді «EMI» компаниясымен бірлесіп жазылған алғашқы альбомы.

2006 жылы Мойнақ су электр стансасының құрылысы араға 14 жыл салып қайта қолға алынды. Құрылысы 1985 жылы басталып, Одақ тарағаннан кейін тоқтап қалған су электр стансасын іске қосу, жалпы қуаттылығы 300 МВт болатын Мойнақ СЭС-інің жұмыс істеуі еліміздегі электр энергиясына деген тапшылықтың орнын толтырмақ.

2006 жылы Алматы қалалық әкімдігінде мультимедиялық жабдықтармен жасақталған «Қазақ тілі» оқу залының таныстырылымы болды. Электронды бағдарламалар арқылы жеделдете оқыту бойынша арнайы курстан өткен қызметкерлердің алған білімдері тексеріліп, тиісті дәрежедегі сертификаттар тапсырылады.

2007 жылы Павлодарда «Ақ отау» неке қию сарайы ашылды. Сарай ғимараты қала орталығындағы Ертістің жағасында киіз үйге ұқсастырылып салынған. Жас отау иелерін тіркеу кең, әдемі безендірілген залда өтеді.

2009 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы құрлықаралық баллистикалық зымырандардың шахталық ұшыру қондырғыларын, апатты жағдайлардың салдарын жоюға және ядролық қарудың таралуына жол бермеуге қатысты Келісімге Түзетулерді бекіту туралы» Заңға қол қойды.

2011 жылы 100 млн. аудиториясы бар танымал «Travel Channel» телеарнасы тәуліктің көрермендер көп қарайтын уақытында «Экзотикалық тағамдар» сериясында қазақтың аспаздық дәстүрі туралы түсірген бағдарламаны көрсетті.

2013 жылы Семей археологтары санскриттегі жазбаны тауып, оның мағынасын ашты.

2014 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Саумалкөл ауылында ҚР Мемлекеттік символдарының күніне арналған композицияны ашты.

2014 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Сарайда Олимпиада чемпионы, қазақстандық боксшы Серік Сәпиев туралы деректі фильмнің таныстырылымы өтті.

2014 жылы Елордада №23 балабақша базасында зағип балаларға арналған топ ашылды.

2014 жылы Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманың іске асырылуын мониторингтеу және бағалау мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президентінің жанынан «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес құру туралы Жарлыққа қол қойды.

2014 жылы Барселонада өткен халықаралық шаңғы федерациясының (ФИС) 49-шы конгресі барысында Алматы 2019 жылы өтетін Халықаралық шаңғы чемпионатын өткізуге үміткер атанды.

2014 жылы Иранның Тебриз қаласында 20-30 мамыр аралығында өткен шахматтан Азия халықтары кубогында Қазақстанның ерлер командасы тез ойналатын шахматтан алтын медаль жеңіп алды. Олар финалда қытайлық шахматшыларды 2,5:1,5 есебімен жеңді.

2014 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің 2013 жылғы рейтингінде Қазақстан 4 сатыға көтерілді.

2015 жылыКванджу (Оңтүстік Корея) қаласында Халықаралық университеттік спорт федерациясы (FISU) Қазақ спорт және туризм академиясын . «Үздік университет» атағымен марапаттады.

2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысында 3D форматында мультфильм түсірді.

2015 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев KADEX-2016» IV халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылуына қатысты. Шара басталар алдында Мемлекет басшысы отандық және шетелдік өндірушілердің қару-жарағы мен әскери техникасы қойылған бірқатар павильондарды аралады.

2017 жылы Ағылшын британдық Би-би-си ұйымы Қазақстандағы сауда хабы - «Хоргос» Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы туралы бейнеролик түсірді. Қытай мен Қазақстаннан келген жүк пойыздары бір-біріне Еуропа пен Батыс елдеріне бағытталған контейнерлерді береді.

2017 жылы Қазақстан Республикасы Экономикалық Ынтымақтастық және даму Ұйымының Халықаралық көлік форумының толыққанды мүшесі атанды.

1891 жылы футболда алғаш рет 11 метрлік айып добы «пенальти» енгізілді.

1924 жылы АҚШ Конгресі америкалық үндістерге азаматтық берді.

1944 жылы И.Сталин қырым татарлары, грек және армян халқын Қырым мен Кавказдан КСРО-ның Шығыс бөлігіне жер аудару туралы өкім шығарды.

1953 жылы Ұлыбритания ханшайымы ІІ Елизавета таққа отырды. Алғаш рет тәж кигізу рәсімі телевидениеден тікелей көрсетілді.

1968 жылы Александр Солженицын КСРО-дағы саяси қуғын-сүргін туралы «ГУЛАГ Архипелагы» тарихи-көркем шығармасын аяқтап, романның қолжазбасын жасырын түрде КСРО-дан шығарды. Романның алғашқы томы бес жылдан кейін Парижде жарияланды.

ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1933-2013) биология ғылымының докторы РЫСҚҰЛОВА Сәуле Тұрарқызы дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын және аспирантурасын бітірген. 1961-1968 жылдары - Алматы мемлекеттік медицина институтының ассистенті, бөлімше меңгерушісі. 1968-1971 жылдары Алматы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының аға оқытушысы. 1971-1976 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Экспериментальды биология институтының аға ғылыми қызметкері. 1976 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы Зоология институтының аға ғылыми қызметкері, радиобиология зертханасының меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері болған. Бірнеше кітаптың, 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Ғалым плазмалық мембраналар клетканың радиациялық сәуледен зақымдануында қандай рөл атқаратынын анықтап, радиобиологияда жаңа ғылыми бағыт қалыптастырған.


84 жыл бұрын (1934-2012) түркітанушы-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор АМАНЖОЛОВ Алтай Сәрсенұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Шығыс тілдері институтын бітірген. 1957-1966 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері. 1966-1979 жылдары - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының аға оқытушысы, доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі. 1979 жылдан Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде істеді. 1986-1987 жылдары - Орталық Ұлттар институтында (Бейжің) 1993-1994 жылдары Қара теңіз техникалық университетінде (Трабзон, Түркия) түркітанудан, қазіргі қазақ тілінен лекциялар оқыды.

А.Аманжоловтың ғылыми зерттеу еңбектері негізінен көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеу мәселелеріне, тіл типологиясы мен графикалық лингвистикаға арналған. Ғалымның түркі филологиясына және тіл біліміне арналған 200-ге жуық мақаласы, оның ішінде қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген 7 монографиясы бар. Бірқатар жарияланымы ағылшын және түрік тілдерінде басылған. Халықаралық ғылыми конференцияларда баяндама жасаған. Ол 17 филология ғылымының кандидатын және 1 докторын даярлаған.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған. Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер.


67 жыл бұрын (1951) Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының, Қазақстан Президентінің журналистика саласындағы сыйлығының және Қазақстан жазушылар одағының халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты АУПБАЕВ Жанболат Әлиханұлы дүниеге келді.

ҚХР-дың Шыңжаң өлкесіндегі Құлжа уәлаятының Текес елді мекенінде туды. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген. 1974-1986 жылдары - «Лениншіл жас» респубикалық жастар газетінде тәлімгер, кіші әдеби қызметкер, аға тілші, бөлім меңгерушісі. 1986-1991 жылдары - «Қазақстан коммунисі» журналының жауапты хатшысы. 1991-1996 жылдары - «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары. 1996-1998 жылдары - «Ақиқат» журналы бас редакторының бірінші орынбасары. 1998-2003 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық жалпыұлттық газеті бас редакторының орынбасары. 2003 жылдан бастап «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ның бас редакторы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет етті.

Көптеген танымдық-публицистикалық кітаптардың авторы. О.Сүлейменовтің, С.Санбаевтың шығармаларын қазақ тіліне аударды, «Қажымұқан мен Қажытай», «Хан тәңірі» деректі кинофильмдерінің әдеби сценарийлерінің авторы. Мақалалары мен очерктері республикалық басылымдарда үзбей жарияланып келеді.


61 жыл бұрын (1957) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі КӨБЕНОВ Манап Шарапиденұлы дүниеге келді.

Павлодар облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

1957 жылы 2 маусымда туған, қазақ. Білімі жоғары. Омбы мемлекеттік ветеринарлық институтын бітірген. Мамандығы - мал дәрігері.

Павлодар облысы Железин және Ақтоғай аудандарының әкімі, Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Павлодар облысы мәслихатының хатшысы болып қызмет істеген.

«Құрмет» орденімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Қазіргі қызметінде - 2014 жылғы қазаннан бері.


53 жыл бұрын (1965) «Аstаnа Grouр» компаниясының президенті, «Алматы сауда-қаржы» банкі директорлар кеңесінің мүшесі СМАҒҰЛОВ Нұрлан Еркебұланұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы «Нұрбұлақ» шағын кәсіпкерліктің директоры. 1992-1993 жылдары - «Саят-Брок» ЖШС-ның, «Мәдина» шағын өндірісінің коммерциялық директоры. 1993-1996 жылдары - «Астана-моторс» компаниясының президенті, «Астана-холдинг» вице-президенті. 1996-1997 жылдары - «Мемлекеттік азық-түлік келісімшарт корпорациясы» республикалық мемлекеттік өндірістің президенті. 1997-2004 жылдары - «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ЖАҚ-тың президенті. 2004-2006 жылдары «Астана Моторс» Қазақ мотор компаниясының президентi қызметтерін атқарған. Аталған қызметінде - 2006 жылдан.

null 48 жыл бұрын (1970) Қазақстан мен Орта Азиядағы түңғыш және жалғыз Үнді классикалық би орталығының директоры және хореографы ҚАЙНАЗАРОВА Ақмарал Елеусінқызы дүниеге келген.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін үздік бітірген (1992), журналист; Рукмини Деви атындағы «Калакшетра» әсемдік өнер колледжін тәмамдады (Оңтүстік Үндістан, Ченнай қаласы, 1998), биші, хореограф, бхаратанатьям үнді классикалық би оқытушысы; Мумбай Университетінің жанындағы «Наланда» би өнерін зерттеу орталығын тәмамдаған, үнді өнері бойынша дипломы бар (2000). Қазір бхаратанатьям үнді классикалық биі бойынша Мадрас университетінің магистратурасында оқиды. Мына би жобаларының авторы (идеясы, хореографиясы, репетиторлықжұмысы, МӘТІНІ, қоюшы-суретшісі, режиссері, ұйымдастырушысы): «Мәдениет диалогы-біртұтас әлем» (2006), «Үнді классикалық биінің әдеби негізі» (2007), «Үндіклассикалық биі және шығыс жекпе-жек өнері» (2008), М. Әуезовтың «Үндістан туралы очерктері» бойынша «Үнді классикалық би орталығының би өрнектері» (2009). Мәдени және әлеуметтік тақырыптарға «Огни Алатау» газетінде жарияланған көптеген мақалалардың авторы. Қазақстанда құрылған «Қазақ-үнді ырғақтарының үндестігі» қазақ және үнді классикалық билерінің симбиозы авторлық куәлігі бар (2009). Қазақ, орыс, ағылшын, санскрит және тамил (ауызша) тілдерін біледі. 1989 жылдан - Шетелдермен достық және байланыс қоғамыныңжанындағы «Шанти» Үндістан өнері әуесқойлар клубында үнді биінің хореографы (Алматы). 1993 жылдан - Рукмини Деви атындағы «Калакшетра» әсемдік өнер колледжінің студенті. 1998-2005 жылдарда - Үндістанның Қазақстандағы Елшілігі жанындағы Үндістан мәдени орталығында бхаратанатьям үнді класссикалық биінің хореографы және орындаушысы. 2006 жылдан бөрі - (Алматы). Үндістанда, АҚШ-та, Қырғызстанда, Грецияда, Тәжікстан мен Қазақстанның көптеген қалаларында өнер көрсетті. ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық би кеңесінің мүшесі (Париж, 2004). Алтын медалімен марапатталған және орындаушылық өнер түрлері бойынша өткен 7-ші Әлем чемпионатының «Этникалық би» номинациясында «Әлем чемпионы-2003» деген атағы бар (Голливуд, АҚШ); «Мәдениет қайраткөрі» Құрмет белгісімен және медалімен марапатталған (2008). Афинадағы XVIII Халықаралық би конгрессінің сертификатын және конгресстің жұмысына белсенді қатысқаны, кәсіби би шеберлігі үшін берілген «Дора Стратоу» грек биі Үлттық театрының грамотасын алған. Қазақстанда бхаратанатьям үнді классикалық биінің тұңғыш және жеке, дара, кәсіби орындаушысы ретінде есімі «Алматы-2000 Алтын кітабына», Қазақстан рекордтар кітабына (2002, 2003, 2005, 2006, 2007), ЛИМКА үнді рекордтар кітабына (2006) енді. ICCR Стипендиаты (Үндістан үкіметінің мәдени байланыстары жөніндегі Үндістан Кеңесі).

46 жыл бұрын «Бәйтерек» ұлттық басқармушы холдингі» АҚ аппаратының басшысы АКРАЧКОВА Дина Викторовна дүниеге келді.

Целиноград қаласында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін аяықтаған, заңгер.

Еңбек жолы: Целиноград қ. Қалалық сотының сот отырысының хатшысы (1989 жылдан бастап);

ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігінің бас маманы, директоры (1995-2003);

ҚР Қаржы министрлігінің депаратаментінде директордың орынбасары (2003-2004);

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің департаментінде директор (2004-2007);

«Mabco construction s.a» фирмасы филиалының қызметкері (2007-2012);

ҚР Қоршаған орта және су ресурстары департаментінің директоры РК (2012-2014);

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын-үй-коммуналдық, шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары (2014-2016);

Аталған қызметінде - 2016 жылдан.

Jańalyqtar

MURAǴAT