2 кг гашишті сату кезінде ұсталған Петропавл тұрғыны сотталды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері есірткі саудасына қатысты 46 дерек тіркелсе, 22 адам бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласының 35 жастағы тұрғыны 11,5 жылға сотталды. Өткен жылдың қыркүйек айында жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ер адам 2 келіге жуық гашишті сату кезінде «Тайга» сауда орталығының жанында ұсталды. Есірткінің бұл түрі үшін аса ірі көлем 200 грамнан басталады.

Ұсталған адам бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет жазаға тартылған. Бірақ бұдан өзіне ешқандай қорытынды жасамаса керек. Ер адам бас бостандығын шектеу жазасына тартылғанына қарамастан есірткі сатумен айналысқан. Сот бұл фактіні ескеріп, есірткі қылмысы үшін көзделген мерзімге ұрлық жасағаны үшін өтелмеген жаза мерзімінің бір бөлігін қосты. Енді ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді.

«Есірткіні сату – аса ауыр қылмыстар санатына жатады, заңнамада бұл қылмыстар үшін қатаң жаза қарастырылған. Жыл басынан бері СҚО-да есірткіні сатқаны үшін 22 адам сотталды. Жалпы есірткі сатудың 46 фактісі тіркелді, олардың 27 – аса ауыр, яғни бірнеше рет, топпен жасалған, аса ірі көлемде, т.б.. Заңсыз айналымнан жалпы 300 келіден астам есірткі тәркіленді.

СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында 8 (7152) 39-72-16 сенім телефоны жұмыс істейтіні туралы еске саламыз. Сенім телефоны арқылы есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар фактілерді хабарлауға болады. Сондай-ақ, полицияға Instagram, Facebook әлеуметтік желілеріндегі аккаунтар және «102» арнасы арқылы хабарласуға болады. Азаматтық қоғамның белсенді түрде көмек көрсетуі – есірткі бизнесіне қарсы күрестің негізгі шарттарының бірі», - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.


Соңғы жаңалықтар