2 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 2 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда мұғалімдер күні

Ең кең таралған және танымал кәсіби мерекелердің бірі КСРО кезінде 1980 жылы пайда болды. Қазан айының бірінші жексенбісінде Қазақстанмен бірге Беларусь, Латвия және Украина сияқты елдер де атап өтсе, бұрынғы КСРО-ның көптеген басқа елдері Мұғалімдер күнін мерекелеуді басқа даталарға, атап айтқанда, 5 қазанға ауыстырды.

Халықаралық зорлыққа қарсы күн

БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан 2007 жылғы 27 маусымда (БҰҰ A/RES/61/271 қарары) белгіленді. 2007 жылдан бастап жыл сайын 2 қазанда күш қолданбау философиясының негізін қалаушы Махатма Гандидің туған күнінде атап өтіледі. Осы халықаралық күннің мақсаты, Бас Ассамблеяның қарарында айтылғанындай, бейбітшілік, төзімділік, түсіністік және күш қолданбау мәдениетін бекітуге қол жеткізу. Қарар барша адамды осы күнді тойлауға шақырады.


Халықаралық әлеуметтік педагог күні

2009 жылдың мамыр айында Копенгагенде әлеуметтік педагогтардың XVII Халықаралық конференциясы болып өтті. Бұл шараға 44 елдің өкілдері қатысты. Конференция барысында барлық әлеуметтік педагогтардың халықаралық мерекесін бекіту шешімі қабылданды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1982 жылы Нұрғиса Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестр құрылды. Оркестр ғасырлар бойы баға жетпес мәдени мұра боп келе жатқан қазақ ұлттық музыкалық аспаптарының бай қорымен танысу мүмкіндігін береді. «Отырар сазы» оркестрінде домбыра мен қобыздан тыс жетіген, шертер, шаңқобыз, месқобыз, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, сондай-ақ асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, қайрақ сияқты соқпалы аспаптардың дауысынан сусындауға болады.

1991 жылы Кеңес Одағының Батыры, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров КСРО ғарышкер-ұшқышы Александр Волков, Австрия Республикасының азаматы Франц Фибек үшеуі «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. Сонымен қатар осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Байқоңыр ғарыш айлағынан республиканың Ұлттық аэроғарыштық агенттігін құру туралы жария етті.

1992 жылы ТМД-да жаңа үлгідегі алғашқы жоғары оқу орны – Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (КИМЭП) ашылды.

2009 жылы Қазақстан ашық дауыс беру жолымен 2 жыл мерзімге Стандарттау жөніндегі халықаралық кеңеске сайланды. Қазақстанның кандидатурасы ИСО Кеңесіне АҚШ, Жапония, Израиль, Австрия, Польша, Оңтүстік Африка Республикасы және тағы басқа елдердің аттарынан ұсынылды.Ұйым 700-ден астам халықаралық ұйыммен ынтымақтастық құрған және әлемнің 162 елінің басын қосып отыр. Ал ИСО Кеңесіне 18 ел кіреді.

2013 жылы Алматыда Қазақстан киноакадемиясының ресми түрде ашылуы өтті.

2013 жылы Астанада «D'arts» саңырау актерлардың тұңғыш кәсіби театры ашылды. Бүгінгі таңда труппа мүкіс және нашар еститін сегіз актердан құралған.

2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің басқаруындағы Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының республикалық әскери мектеп-интернаттары ҚР Қорғаныс министрлігінің қарамағына берілді. Ал бұл мектептердің тәрбиеленушілері ұландықтар деп аталатын болады.

2016 жылы Мексика Құрама Штаттарының Депутаттар конгресінде (Мексика Парламентінің төменгі палатасы) Қазақстанның Мексикадағы Елшілігінің бастамасымен «Мексика-Қазақстан» парламенттік достық тобының ресми құрылу салтанаты болды.

2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында археологтар тарихи маңызы бар Алтын Орда дәуіріне жататын көне мазарлардың орнын тапты. Сілеті өзенінің бойында XIV – XV ғасырларға жататын көне мазарлардың орны табылды. Көне кесенелердің орнын еліміздегі атақты археологтар ашқан. Солардың бірі - Тимур Смағұлов. Ол - танымал ғалым, орта ғасырлар бойынша маман. Әлемге танылған «Үржар ханшайымы» тарихи жәдігерін тапқан. Ал Анатолий Плешаков – солтүстікқазақстандық профессор, Ботай мәдениетін ашушылардың бірі.

2019 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі номиналдық құны 5000 және 500 теңгелік «Үкі» ескерткіш күміс монеталарын айналымға шығарды.

2020 жылы Қазақстан Республикасы Сенаты жанынан Жас сарапшылар клубы құрылды. Клуб құрамына түрлі сала өкілдері кірді: заңгерлер, экономистер, қаржыгерлер, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, дәрігерлер, филологтар және басқалары. Оларды қоғам игілігі үшін жұмыс істеуге деген ұмтылыс біріктіреді.

2021 жылы 37-ші әуе шабуылдау бригадасына Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Иван Панфиловтың, 5-ші механикаландырылған бригадаға Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, полковник Бауыржан Момышұлының есімі берілді.

Әскери бөлімдерге әскери басшылардың есімдерін беру әскери дәстүр сабақтастығын сақтауға көмектеседі және фашизмді жеңуге, әскери ғылымды, тактика мен оперативтік өнерді дамытуға елеулі үлес қосқан аты аңызға айналған қолбасшыларды мәңгі есте қалдырады.


Соңғы жаңалықтар