+7 (701) 759 90 19
USD 431.07 EUR 485.51
RUB 5.69 CNY 67.47
Jańalyqtar

2 қаңтар. Туған күн иелері

2021 жылғы 2 қаңтар 08:08
Бөлісіңіз:
2 қаңтар. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 2 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

122 жыл бұрын (1899-1974) актер, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Елубай ӨМІРЗАҚОВ дүниеге келді. Қостанай облысының Таран ауданында туған. Болашақ актердің талантын ерте танып, өнерге баулыған әрі оны оқуға үйреткен сол кездері ауыл ұстазы, жазушы-драматург Б. Майлин болатын. 1923-1925 жылдары Орынбор қаласындағы Қазақтың халық ағарту институтында оқыған. 1924 жылы Орынборда қойылған М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен Ж.Ерданаевтың «Малқамбайында» ол Абыз бен Малқамбай рөлдерінде ойнады. 1925 жылы Қызылорда қаласында Қазақ мемлекеттік драма театры құрылғанда А. Абдуллин, Қ. Бадыров, С. айғожин және С. Оспановпен бірге Е. Өмірзақов та алғашқы ұлт театрының іргетасын қалап, оның өркен жаюына мол үлес қосты. 1927 жылы Мәскеу қаласында өткен этнографиялық концертке қатысты. 1931 жылы театрдың бес жылдық мерекесіне байланысты Е. Өмірзақов республиканың тұңғыш халық әртісі атағына ие болды. Ол қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрын ұйымдастырушылардың бірі, осы театр сахнасында қойылған М.Әуезов пен И. Кацыктың «Айман-Шолпан» және Б. Майлин мен Е. Брусиловскийдің «Жалбыр» сияқты музыкалық спектакльдерінде халық өкілі, тапқыр Жарас пен күзетші Қайрақпайдың рөлін орындады. 1930-1940 жылдары драма театрда ойнаумен ғана шектелмей, радио мен филармонияға эстрадалық концерттер мен кино өнерінің дамуына да қызу атсалысты, табиғи талантының әр қырынан танылды. Халық өнерінің қайнар көзінен нәр алған актер әйгілі халық батыры Амангелдінің, сондай-ақ Жарас пен Дәркембайдың бейнесін шеберлікпен сомдады. Өмірзақов ойнаған рөлдерінің саны 150-ден асады, актерлік шеберлігінің ерекшелігі сөзінен гөрі сахналық қимыл-қозғалысы мен мимикасында, ол әрбір кейіпкерінің мінезін, табиғатын ішкі сезім дүниесіне лайықтап, өзінің бүкіл дене бітімін құбылтып, құлпыртып ойнауға өте шебер сахна суреткері болды. Ол халық әндерін («Шәпибаяу», «Кербесті», «Нақ-нақ», «Қыздар-ау», «Зулатшы-ай», тағы басқа) шебер орындаушы ретінде де белгілі. 1936 және 1956 жылдары Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 1976 жылы «Ұстаздарым – достарым» атты еңбегі жарық көрді. Алматы қаласындағы Қабанбай батыр көшесіндегі № 89 үйге мемориалдық тақта орнатылып, актер есімімен көше және Қостанай облыстық филармониясы аталды. Бірнеше орден, медальдармен марапатталған.

85 жыл бұрын (1936) жазушы, драматург, аудармашы, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық ақпарат академиясының академигі Медеу Сапаұлы СӘРСЕКЕ дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған. Алматы кен-металлургия институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. Еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастап, біраз уақыт жұмысшы жастар бөлімін басқарды. 1959 жылы Семей цемент зауытына ауысып, қатардағы инженерден техникалық бөлім бастығына дейінгі қызметтерді атқарды. 1963 жылы Өскеменде «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің меншікті тілшісі болып істеді. Ал 1965 жылдан бері әдеби жұмысқа біржола ауысып, Қазақстан Жазушылар одағының Семей облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы міндетін отыз жылдан астам уақыт атқарды. Ең алғашқы ғылыми фантастикалық повесі «Ғажайып сәуле» деген атпен 1959 жылы жарық көрген. Содан бергі уақыттарда жазған «Жетінші толқын», «От және атом», «Айшықты мезет» повестері мен әңгімелері, «Туған жердің асылы» новеллалары, «Жаңғырық», «Көмбе» романдары, орыс тілінде «Взрыв» т.б. жинақтары жарық көрген. А. Беляевтің «Қос мекенді адам» романын қазақ тіліне аударды. Драматургия саласында да жемісті еңбек етіп, «Шыңғыс хикаясы», «Жарылыс» және «Заңды неке» драмаларын жазды. Қаламгердің есімін Одаққа және шетел оқырманына танытқан күрделі де сүбелі туындысы – «Молодая гвардия» баспасының «ЖЗЛ» сериясы бойынша 1980 жылы жарық көрген «Сәтбаев» ғұмырнамасы. Ұлт аспанына жарқырап шыққан біртуар тұлға академик Қаныш Сәтбаев өмірі мен ұлы ісін ұлықтауға Медеу Сәрсеке қырық жылдан астам ғұмырын сарп еткен. Осы жолда жазушы Мәскеу, Санкт-Петербург, Томск, Ташкент қалаларының мұрағаттарын ерінбей ақтарды. Кітаптың ана тілінде жазылған алғашқы нұсқасы 1975 жылы билеуші партияның Орталық комитеті тарапынан қиянатты тежеуге түсіп, баспаханада тоқтатылғаны – кешегі әміршіл жүйенің қолдан жасаған қыспағы болды. Алайда қайсар жазушы алға ұстаған бетінен қайтпады, көкейкесті еңбегін әуелі Мәскеуде, қазақша түпнұсқасын 1988 жылы Алматыда жариялады. Содан бері ол 9 мәрте қайта басылып шықты. Кітаптың таралымы 300 мыңнан асты, оның орысша басылымы дүние жүзінің 112 еліне тараған. «Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Кенші даңқы», «Құрметті кен барлаушы» құрметті төсбелгілерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

40 жыл бұрын (1981) Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының Құрылыстағы бағалар орталығының директоры Қосым Дүйсенәліұлы АҢСАТБАЕВ дүниеге келген. Ол Түрікмен КСР-інде туған. «Заңгер» Қазақ мемлекеттік заң университетінің заңгер мамандығымен (2002); «Болашақ» университетін құрылысшы мамандығымен (2010) бітірген. Еңбек жолы: Қызылорда Қазақ гуманитарлық-заң университетінің оқытушысы (2002-2004); Қызылорда облысы сауда және мемлекеттік сатып алулар басқармасының бас маманы (2004-2005); Қызылорда облысы сәулет, қала құрылысы және құрылыс департаментінің бас маманы, бөлім басшысы (2005-2006); Қызылорда облыстық мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау басқармасының бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары (2006-2011); Қызылорда облысы мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау және лицензиялау департаменті директорының орынбасары, департамент басшысы (2011-2015); Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары (2015-2017); Қызылорда қаласы «Мемсараптама» РМК директоры (2017-2018). Қазіргі лауазымын атқаруға 2018 жылдың тамыз айында кірісті.
Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Гүлзат Ақжолова

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT