2 айда теміржол арқылы 4 млн тонна транзиттік жүк тасымалданды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл қаңтар-ақпан айларында Қазақстан теміржолдары арқылы 4 млн тонна транзиттік жүк тасымалданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында айтты.

«Биыл қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда теміржол көлігімен жүк тасымалы 10% артып 70,8 млн тоннаны құрады. Транзиттік жүктерді тасымалдау көлемі 20% өсіп, 4 млн тонна болды. Контейнерлермен тасымал 12% артып, 174,7 мың жиырма футтық баламаға жетті.

Биыл алдымызда теміржолмен жүк тасымалы көлемін 420 млн тоннаға, транзит тасымалдарды 24,5 млн тоннаға және контейнерлер транзитін 1 100 мың жиырма футтық баламаға дейін жеткізу міндеті тұр», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде транзиттік жүктердің шамамен 90%-ы теміржол көлігімен тасымалданады.

«Жалпы, еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытудың негізгі көрсеткіштері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасында айқындалған.

2025 жылға дейін транзиттік тасымалды 30 млн тоннаға дейін жеткізуіміз керек.

Осы мақсатқа жету үшін теміржол инфрақұрылымын салу, жылжымалы құрамды жаңарту, жүктерді контейнерлендіру, балама бағыттар мен халықаралық дәліздерді дамыту бойынша шаралар қабылдап жатырмыз», - деді Қайырбек Өскенбаев.


Соңғы жаңалықтар