№2 Ақмола облыстық ауруханасында инсульт орталығы ашылды

None
None
КӨКШЕТАУ.ҚазАқпарат - Астана қаласындағы №2 Ақмола облыстық ауруханасында инсульт орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Астана қаласына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Мəлік Мырзалин аталмыш орталық ашылған №2 Ақмола облыстық ауруханасының жұмысымен танысты.

Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, орталықты қажетті медициналық құралдармен жабдықтау үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Ағымдағы жылдың 9 айында ауруханаға неврологиялық ауруға шалдыққан 233 науқас түскен. Оның 74 инсультпен ауыратындар.

«Орталықта Астана маңындағы Целиноград, Астрахань, Аршалы, Ерейментау, Егіндікөл, Қорғалжын жəне Шортанды аудандарының тұрғындары емделеді», - деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер.

15 орынға арналған орталықтың қажетті диагностикалық жабдығы, соның ішінде дәрігерлердің инсульттың түрін және емдеу тәсілін анықтай алуына көмектесетін компьютерлік томограф бар. Орталықта жұмыс істеу үшін анестезиолог-реаниматолог, невропатолог, терапевт, сәулелік және функционалдық диагностика, физиотерапия және емдік дене тәрбиесі дәрігерлері оқытудан өтті. Емделушілерді оңалту үшін құрамында емдік дене тәрбиесі, логопед, психолог дәрігер және нұсқаушы бар ерекше көпсалалы бригада құрылған.

«Жаңа орталықтың ашылуына орай емделушілер шұғыл түрде қажетті көмек ала алады. Науқастарды қалыпқа келтіру де орталықтағы маңызды фактор болады, оны ауру басталғаннан кейін үшінші, бесінші күн аралығында өткізеді. Бүгін Орталық бірінші емделушілерін қабылдауда», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұл облыста ашылып отырған 3-ші инсульт орталығы. Осындай орталық Көкшетаудағы Ақмола облыстық ауруханасы жəне Степногор қаласының орталық ауруханасында жұмыс істейді.

Оған қоса, жыл соңына дейін Атбасар қаласында ашу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар