2,7 миллионнан астам адамға әлеуметтік төлем тағайындалды
«2 млн 708 мың 666 адамға ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем тағайындалды. 15 сәуірдегі сағат 15:00-дегі жағдай бойынша ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау үшін 5 млн 334 мың 224 азаматтан барлығы 6 млн 837 мың 393 өтініш келіп түсті. Осылайша, 1 млн 503 мың 169 қайталанатын өтінім тіркелді», - делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінде.
Бірегей өтініштердің ең көп саны: Алматы облысы – 667 116; Алматы қаласы – 651 903; Түркістан облысы – 631 598; Нұр-Сұлтан қаласы – 418 768; Шымкент қаласы – 339 709.
Өңірлер бойынша келесі облыстардың тұрғындарына жәрдемақы ең көп тағайындалған: Алматы облысы – 411 573; Түркістан облысы – 300 996; Алматы қаласы – 291 439.
«Деректерді тексеру және өтінішті қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды. Өтініштерді қарау мерзімдерінің ұлғаюына жол бермеу мақсатында азаматтардан өтінішті бір рет берулеріңізді сұраймыз. МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді», - деп аталып өткен хабарламада.
Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.