2,5 мыңнан астам қостанайлық полицей коронавирусқа қарсы вакцина алады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында медицина қызметкерлерін, мұғалімдер мен полицейлерді вакциналау жалғасуда. Полицейлер арасында 800-ге жуық ішкі істер органдарының қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцина алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысы Полиция департаменті медицина бөлімінің басшысы Қайрат Нұртазенов атап өткендей, ведомствоның 2511 қызметкерін вакциналау жоспарланып отыр.

«Ішкі істер органдарының қызметкерлерін вакциналау басталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп вакцинациядан өту графигі әзірленді. 2511 қызметкер вакцина алуы тиіс. Бүгінгі к.нде 784 қызметкер екпе салдырды», - деп хабарлады ол.

Облыстың ПД есірткі қылмысымен күрес жөніндегі қызметкер Лев Квасенко вакцина алғаннан кейінгі жағдайы туралы айтты.

«Наурыз айының басында вакцинацияның бірінші кезеңінен өттім. Екіншісін наурыздың соңында алдым. Алғашқы белгілер байқалды, дене қызуым аздап көтерілді, бұлшық еттерім мен буындарым ауырды. Бұл – қалыпты жағдай. Өйткені оның екпе екенін және оның ағзаға әсер ететінін түсіну қажет»,- деп атап өтті ол.

Полиция департаменті қызметкерінің айтуынша, екпе саналы түрде жасалған.

«Қоғамда жалғыз тұрмайтыныңды түсіну қажет. Сенің балаларың бар, дүкенге барасың, қоғамдық көлікке мінесің, көптеген адаммен кездесесің. Сондықтан екпе алдыру – бұл қажеттілік», - деп түйіндеді Лев Квасенко.

Автор: Жанна Мұсабаева


Соңғы жаңалықтар