2-3 жылда Шымкент тұрғындарының саны 1 миллионға жетеді - Асқар Мырзахметов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы 2-3 жылда Шымкент қаласының тұрғындары 1 миллионға жетеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов айтты.

«Бүгінде Шымкенттің бас жоспары бекітіліп, оның аумағы кеңейтілгендігі белгілі. Елбасының тапсырмасына сәйкес, қалада жаңа Іскерлік орталықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Алдағы айда бірнеше нысандар пайдалануға беріледі. Атап айтқанда шаһарда халық санының көбеюіне байланысты бірінші кезекте жұмыс орындары мәселесіне екпін қойып отырмыз»,-деді өңір басшысы.

Осы орайда әкім әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуге қатысты тиісті жоспар бар екендігін атап өтті.

«Қаладағы халықтың саны 820 мыңға жетіп отыр. Бірақ келіп және кетіп жатқан адамдарды есепке алғанда, бұл көрсеткіш бұдан да көп сияқты. Алдағы 2-3 жылда шаһар тұрғындары 1 миллионға жетеді деген ойдамын»,-деді А. Мырзахметов.

Айта кетейік, қалаға іргелес жатқан үш ауданның 40 елді мекені бүгінде қала аумағына енгізілді. Шымкент аймағы 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайтылды.

Соңғы жаңалықтар