2,3 млрд теңге салық төлемеген бизнесмен Абылай Габжалиловқа үкім шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бизнесмен Абылай Ғабжалиловқа қатысты сот үкімі шықты. Сот отырысы қылмыстық істер жөніндегі Алмалы аудандық сотында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аралтұз» АҚ-ның бұрынғы топ-менеджері Абылай Ғабжалиловтың ұсталғаны жайлы былтыр ақпанда белгілі болған еді.

Кәсіпкердің үстінен көмірді жеткізу кезінде салықты төлемеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Заң бұзушылықтар 2011-2012 жылдар аралығында жасалған.

Іс материалдарына сәйкес, Абылай Ғабжалилов жалған тұлғалардың атына өзіне бағынатын 5 серіктестік ашқан. Төрт серіктестіктің жұмысын бақылау үшін  «Евразия Көмір Трейд» ЖШС-ны құрып, оның директоры ретінде өзін бекіткен. Бас бухгалтер ретінде сотталушы Бимағамбетованы тағайындаған.

Өз кезегінде Бимағамбетова салықтан жалтару мақсатында көмір саудасынан түскен табысты бастапқы бухгалтерлік құжаттарға, кассалық кітапқа тіркемеген. Кіріс және шығыс ордерлерін толтырмаған.

«Есеп құжатына серіктестіктердің қаржылық және шаруашылық қызметі туралы жалған ақпарат енгізілген. Осылайша сотталушылар 1 млрд 566 млн 459 мың 674 теңге көлемінде корпоративтік табыс салығы мен 764 млн 576 мың 425 теңге көлемінде қосымша құн салығын төлемеген», - делінген үкімде.

Сот Абылай Ғабжалиловты ҚР ҚК-нің 222-бабы 3-бөлігімен (Мекемеден бюджет есебіне салықтар мен өзге де міндетті төлемдерді аударудан жалтару) айыпты деп танып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.

Сонымен қатар, заттық айғақ ретінде тәркіленген 540 мың 750 АҚШ доллары мен 163 мың 80 теңге мемлекет меншігіне аударылды.

Айта кетейік, Абылай Ғабжалилов ҚР ҚК 235-бабы (Бір немесе бірнеше қылмысты жасау мақсатында қылмыстық топты құру, басшылық ету және оған қатысу) бойынша тағылған айыптан ақталды. 

Соңғы жаңалықтар