+7 (701) 759 90 19
USD 383.95 EUR 429.26
RUB 6.16 CNY 55.02
Jańalyqtar

1998 жылы Астананың тұсаукесерінде қандай мақалалар жарияланды - баспасөзге шолу

2017 жылғы 6 шілде 10:10
Бөлісіңіз:
1998 жылы Астананың тұсаукесерінде қандай мақалалар жарияланды - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 1998 жылы 10 маусымда өткен - тұңғыш Астана күні мерекесіне орай жарияланған отандық басылымдардың мақалалар легін ұсынады. Еске сала кетейік, Астана күні 2006 жылға дейін 10 маусым күні аталып өткен болатын.

«Егемен Қазақстан» газетінде Астана күнінің тұңғыш рет атап өтілуіне байланысты 12 маусымда жарияланған «Елорда күллі әлемге танылған күн» атты мақалада 10 маусымда бас қаланың орталық алаңында гала-концерт ұйымдастырылғаны жазылады. Ауқымды шаралар легі аламан бәйгеге ұласқан. 25 шақырымдық аламан бәйгеде өзгелерден оқ бойы озып келген жамбылдық шабандоз Ернұр Төреқұловқа Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бас жүлде -«Тойота» автокөлігінің кілтін табыс еткен.

Аламан бәйгені тамашалаған халық бұдан кейін күреске ағылған. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген сом білек балуандардың арасынан Сәлкен Жартыбаев түйе балуан атанған.

«Шортанды тасжолының бойында жаңадан тұрғызылған ипподромға жиналған қарақұрым халықтан көз сүрінгендей еді. Жағалай тігілген киіз үйлер, сап түзеген сауда қатарлары - бәрі-бәрі бүгін тек той үшін, тойға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған халық үшін қызмет істеп жатты. Теңге ілуде атбасарлық Жанайдар Аушақиев жеңімпаз атанды. Тұсаукесер күнгі думанның соңы мерекелік шеру мен карнавалға ұласты. Дүбірлі мейрам Астананың бас даңғылы Республика және Кенесары көшесінің бойынан бастау алды. Шерудің алғы шебіндегі сарбаздар оркестрінің екпінді дабылы көшені жағалай тамашалап тұрған жұртшылықтың делебесін қоздыра түскендей. Астананың концерттік алаңдарында Қазақстанның ғана емес, ТМД мен әлемдік эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Бұл ретте әйгілі «Модерн Толкинг» тобын, атақты итальян әншісі Тото Кутунионы, сондай-ақ Анна Вески, Филипп Киркоров, Роза Рымбаева, Лайма Вайкуле және басқаларды атап өтуге болады. Сонымен бірге, «А-Студио», «Дует - L», «Яшлық», «АБК», «На-на» топтары жұртшылықты өнерлерімен тамсандырды», - деп жазады басылым.

Сонымен бірге, осы санда «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Ғарыштан айтылған құттықтау» атты мақалада Астанадағы гала-концерт өтіп жатқан орталық алаңдағы телеэкран арқылы ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарыш кеңістігінен құттықтау жолдағаны туралы жазылады.

Ал «Астана ақшамы» газетінің 9 маусымдағы бірінші беті Астана күнінің тұңғыш мерекесі «Басталды!» атты тақырыппен оқырманға жол тартады. Аталған мақалада Астананың тұсаукесер рәсіміне бес күн қалғанда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионның ашылғаны, оның лентасын Нұрсұлтан Назарбаевтың қиғаны туралы баяндалады. Одан кейін Ел Президентінің қатысуымен Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің ескерткіші ашылғаны жазылады.

Сондай-ақ «Астана ақшамында» елорданың тұсаукесері құрметіне арналған «Астана» естелік медалінің сипаттамасы жазылған. «Медальдың бет жағында Астана қаласындағы ҚР Президентінің резиденциясы бейнеленген. Оның аясында сол жақта ҚР Парламентінің үйі, оң жағында биік ғимарат сұлбасы бар. Медальдың сыртқы бетінде орта шенде мифологиялық қанатты Барыс бейнеленген. Медаль диаметрі - 34 мм» деп жазады басылым.

Сонымен бірге, газеттің бірінші бетінде Астана қаласының сол тұстағы әкімі Әділбек Жақсыбеков қалалықтарды ортақ тойға ат салысуға шақырады.

«Республикамыздың жаңа астанасының тұсаукесері жаздың жаймашуақ күндерінде өткелі отыр. Қазақстан мемлекетінің тарихында айтулы оқиға болып табылатын үлкен тойға әзірлену, қаламызды көркейтіп, көріктендіру шараларына қалалықтар да, шетелдіктер де белсене араласты», - дей келе қала әкімі барлық тұрғындарды мерекеге шақырады, - «Қиын кезеңдерде қисынын тауып барлық мүмкіндіктерді Астананы көтеріп, көркейту ісіне тікелей бас-көз болып, бізді қанаттандырып отырған Елбасы, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қала халқының алғысы ұшан-теңіз. Сіздерді мерекемен құттықтаймын. Тойымыз тойға ұлассын!»

Өзге басылымдармен бірге бас қаланың «Инфо-Цес» газеті 12 маусымдағы санында «Весь мир тебя знает теперь, Астана!» мақаласын шығарған. Газет санында Қазақстанның Ұлттық банкі 9 маусымда 20 теңгелік естелік тиындарды шығарғанын хабарлайды. Сондай-ақ, дәл сол күні «Орбита» дүкенінің алдында жастардың барлығы Парвиз Назаров пен «АБК» тобын түннің бір уағына дейін күткен. Алайда күткен әншілері сол түні келмепті.

Инфо-Цес сондай-ақ, түркітілді мемлекеттердің V саммитінің өткені туралы баян етеді.

«Аталған саммит Қазақстан астанасының тұсаукесерімен тұспа-тұс келді. Саммитке мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев (Қазақстан), Гейдар Алиев (Әзірбайжан), Асқар Ақаев (Қырғызстан), Сулеймен Демирел (Түркия), Ислам Кәрімов (Өзбекстан) және Түрікменістан меджилисінің төрағасы Сахат Мурадов келіп, аймақтық ынтымақтастықты күшейтуде жаңа жолдарды ашты» делінген материалда.

«Жас Алаш» газеті тұсаукесер қарсаңында, яғни 9 маусымдағы санында бірнеше қызықты фактілерді келтіреді.

Басылымда Астананың құрылысына ТМД елдерінің 4 мыңға жуық құрылысшы жұмылдырылғаны жазылған. Бұған қоса Астананың Бас жоспары 1998 жылдың 1 шілдесіне дейін Президенттің үстелінде жатуы керектігі туралы баяндалады.

БАҚ көзінің хабарлауынша, 30-ға жуық шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 100 мыңға жуық адам келеді, 300-ге жуық БАҚ өкілдері атсалысады. Астананың тұсаукесеріне 20 елдің басшылары қатысады.

«Мәдени шаралардың бағдарламасы аясында Астанада әлемге әйгілі Лучано Паваротти мен Лондон симфониялық оркестрі өнер көрсетеді», - делінген мақалада.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT