199 талапкер оқуға түскен: «Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Республикалық комиссия шешімімен биылғы жылдың бірінші жартысында стипендия 199 қазақстандыққа тағайындалды. Оның ішінде Гарвард, Кембридж, Оксофрд, Колумбия, Стэнфорд, Пенсильвания, Корнелл университеттері секілді әлемнің үздік жоғары оқу орындарына магистратураға - 187, докторантураға - 12 адам оқуға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

12 шілде күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен Кадрларды шетелде даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

«Мемлекет басшысының «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасы бойынша инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға басымдық беріледі. Биыл техникалық және IT мамандықтарға бөлінетін грант үлесі 60%-ға ұлғайды. Жүргізілген жұмыстың арқасында иженерлік-техникалық мамандардан «Болашақ» стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуге қатысуға келіп түскен өтінім саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе артты», - деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.

Жалпы алғанда, биыл магистратура мен резидентураға 385 стипендия, докторантураға 60 стипендия бөлінді.

Жылдың соңына дейін республикалық комиссияның екі отырысы өтеді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжат 23 мамыр мен 14 қазан аралығында қабылданады. Тағылымдамадан өту үшін құжат қабылдау 2022 жылғы 5 қыркүйекте басталып, 14 қазанға дейін өтеді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімі мына сілтемеде жарияланған.


Соңғы жаңалықтар