1945 жылдың 16 сәуірі: Кеңес әскерлері Австрия жерінде бірнеше қалалар мен елді мекендерді жаудан азат етті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 18 сәуірде шыққан №76-санында Кеңес ақпарат бюросының 1945 жылдың 16 сәуіріндегі мәліметтері жарияланды.

«16 сәуірде Земланд түбегінде, Кенигсбергтің солтүстік-батыс және батыс жағында 3-ші Белорус майданының әскерлері үздіксіз ұрыс жүргізе отырып, 40-тан астам елді мекенді, олардың ішінде ГЕРМАУ, ПОВАЙЕН, РОТЕНЕН, ЗАЛЬТНИКЕН, ГОДНИКЕН, БОНДУ, КАЛЛЕН, ГАЙДАУ, ГРОСС-БЛЮМЕНАУ, ФОРКЕН, КОББЕЛЬБУДЕ қыстақтарын алды», - делінген мәліметте.

Анықталған мәлімет бойынша, 15 сәуір күні майдан әскерлері немістердің 6000-нан аса солдаты мен офицерін қолға түсірді және 50 ұшақ, 110 дала зеңбірегін және 295 пулеметті олжалады.

Сонымен қатар Австрия және Чехославакия жерінде 2-ші және 3-ші Украин майдандары әскерлерінің қиян-кескі ұрыстар жүргізе отырып, бірнеше қала мен қыстақтарды жаудан азат еткендігі жарияланды.

«Чехословакия жерінде 2-ші Украин майданының әскерлері жаудың қарсылығын жеңе отырып, БРЖЕСЛАВ қаласын ұрыспен алды және НОВАЯ ЛГОТА, ВЕЛКА, ЛИПОВ, ШАРДИЦЕ, ТОВОРАНЫ, ЧЕЙЧ, БРУ-МОВИЦЕ, ГОРНЫЕ БОЯНОВИЦЕ, СТАРОВИЧКЫ, ЗАЕЧИ, РАКВИЦЕ елді мекендерін алды. ВЕНА қаласының солтүстік жағында майдан әскерлері тоқтаусыз ұрыс жүргізе отырып, Австрия жерінде ГАВАЙН-СТАЛЬ, ТРАУНФЕЛЬД, ШЛЕЙНБАХ, МАНХАРТСБРУН, ШТЕТТЕН, ЦЕОБЕНДОРФ елді мекендерін алды.

ВЕНА қаласының батыс жағында 3-ші Украин майданының әскерлері ДУНАЙ өзенінің оңтүстік жағалауымен алға жылжи отырып, Австрия жерінде 30-дан аса елді мекенді жаудан азат етті. Олардың ішінде ВАГРАМ, НУФСДОРФ, КЛЕЙН-РУСТ, ОБЕР-МАМАУ, ВИТЦЕНДОРФ, ШЗАДОРФ қыстақтары бар. Сондай-ақ, бір мезетте ГРАЦ қаласының шығыс жағында майдан әскерлері қиян-кескі ұрыстар жүргізе отырып, 2000-нан аса неміс солдаты мен офицерін қолға түсірді және 98 танк пен өздігінен жүретін зеңбірек, 93 дала зеңбірегін, 183 миномет, 337 пулемет, 826 автокөлік, снаряд тиелген 600 теміржол вагонын және 10 әскери мүлік жиналған қойманы олжалады», - делінген мәліметте.

Майданның басқа учаскелерінде жергілікті маңызға ие ұрыстар мен барлаушылардың ізденістері жүріп жатыр.

15 сәуір күні барлық майдандарда немістердің 110 танкісі мен өздігінен жүретін зеңбіректері қиратылды және жойылды. Әуе ұрыстарында зениттік артиллерияның күшімен дұшпанның 80 ұшағы атып түсірілді.

Сондай-ақ, газеттің бірінші бетіне Кеңес одағының батыры, комсомол мүшесі, гвардиялық қызыл әскер Садық Сертекұлы Әбдіжаппаровтың фотосуреті басылған. Ол 1925 жылы 15 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауданындағы (қазіргі Бәйдібек) Алғабас (кейбір деректер бойынша Қызылағаш) ауылында туған екен.

1943 жылы өз еркімен майданға аттанып, 90-гвардиялық атқыштар дивизиясында пулеметші болған. Калинин, І-Балтық жағалауы майдандарында Великие Луки, Невель , Витебск, Полоцк, Шяуляй, Клайпеда қалалары үшін болған шайқаста ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Ал 1944 жылы 24 маусымда «Багратион» операциясы барысында ерекше көзге түседі. Ол шабуылдаушы топпен Батыс Двина өзенінен жүзіп өтуге әрекет жасайды. Сонда жалғыз өзі пулеметімен Батыс Двина өзенінен жүзіп өтіп, жағалаудағы жау пулеметінің ұясын талқандап, 30 шақты неміс солдатын өлтірген. Осы шайқастың нәтижесінде немістер жағалаудан кейін шегінеді. Ал бұл, шабуылдаушы топқа жағалауға орнығып алуға септігін тигізеді. Осының арқасында бүкіл 71-ші гвардиялық атқыштар дивизиясына өзеннен өтуге жағдай жасалды. 1944 жылы 22 шілдеде КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Қаулысымен неміс басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін Садық Әбдіжаппаровқа Кеңес Одағының батыры атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» медалі және Ленин орденімен марапатталды.

Соғыстан аман есен елге оралған ол 1954 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдап, көп жылдар мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет атқарады. Полковник шенінде зейнеткерлікке шыққан. 2004 жылы Алматыда қайтыс болды.

Садық Әбдіжаппаров КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы әнші Роза Бағланованың алғашқы отасқан күйеуі.

Сонымен қатар, газеттің бірінше бетінде:

«Биыл республикамызда 1 миллион 245 мың гектар егісті сумен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл тапсырманы абыроймен орындап, су қорын толық пайдаланайық, сөйтіп суармалы егістіктерден жеңіске сай мол өнім алынуын қамтамасыз етейік», деген ұран жарияланған.

Газеттің көшірмелері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» РММ-нен алынды. Орталық директоры Алқия Рахымбаеваға алғыс білдіреміз.

Соңғы жаңалықтар