+7 (701) 759 90 19
USD 412.55 EUR 468.66
RUB 5.79 CNY 58.80
Jańalyqtar

1941 жылы Петропавлда жасалған бронды пойыз cоғыс біткенше майданның алғы шебінде жүрді

2020 жылғы 9 мамыр 12:43
Бөлісіңіз:
1941 жылы Петропавлда жасалған бронды пойыз cоғыс біткенше майданның алғы шебінде жүрді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Жеңісті жақындатуға Петропавл теміржолшылары да зор үлес қосып, 1942 жылы майданға өздері жасаған бронды пойызды аттандырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО архивінде сақталған құжаттарға сүйенсек, 1941 жылдың қыркүйек айында сол кездегі Омбы теміржолының Петропавл бөлімшесіне тез арада бронды пойыз жасап жіберуге тапсырма түседі. Теміржолшылар оны жауынгерлік тапсырма ретінде қабылдап, бірден ерекше тапсырысты орындауға кіріседі. Инженерлер, техниктер, жұмысшылар кідіріссіз, күні-түні жұмыс істеді. Уақыт тығыз, 20 желтоқсан дайын өнімді тапсыруы керек еді.

«Эскиздік жобалаудан бастап, дайын бронды пойызды жасап шыққанға дейінгі барлық технологиялық цикл бір мезетте жүргізілді. Мәселелер туындап жатса бірден шешіліп отырды. Өйткені барлығының мақсаты бір – тапсырысты жылдам, әрі сапалы орындап шығу болды. Жұмысты бастан-аяқ Михаил Савин деген басқарды. Ол бас конструктордың міндетін қатар атқарды. Бронды пойыздың толық сызбасын өзі жасады», - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.

Бронды пойызды жасауға локомотив депосының жұмысшылары жұмылдырылды. Бригадаларды үздік мамандар басқарды. Қажетті қондырғылар болмағандықтан теміржолшыларға ептілік танытуға тура келді. Ал құрыш Челябі металлургия зауытынан жеткізілді.

«Сызбасы депоның техникалық бөлімінде жасалды. Кейін цехта темір табақтағы бормен сызылған бөлшек кесіп алынып, балқытылып біріктірілді. Брондауға «Ов» сериясымен шығарылған паровоз таңдап алынды. Машинистер оны өзара еркелетіп «овечка» деп атайтын. Міне, осы паровозды толық броньмен қаптау қажет болды. Ол кезде көтергіш крандар жоқ. Көп тонналы құрыш табақтарды жұмысшылар арқан, шығырдың көмегімен қолмен көтеріп салды. Қиын болды, алайда олар мойыған жоқ», - дейді Петропавл локомотив депосы музейінің экскурсия жетекшісі Любовь Горшкова.

Петропавл бөлімшесінің саяси бөлім бастығы И.Липин да кейін естелігінде: «Брондалған алаңға бұрама қару-жарақ мұнарасын дайындап-орнату қиын болды. Тіреуіш мойынтірек паровоздың құрсауынан жасалды, оны және жарты шарды арнайы қондырғысы жоқ депо жағдайында жасау біраз қиындық тудырды. Бірақ біздің мамандар тапқырлық жасап, өндіріс технологиясын өзгертті. Нәтижесінде жарты шардың өнімділігі 4-5 есе артты», - деп жазды.

Қиындықтарға қарамастан депо ұжымы тапсырысты мерзімінде бітіріп, мемлекеттік комиссия оны жоғары бағамен қабылдады.

«Солтүстікқазақстандық» деп аталған бронды пойыз командир Филипп Лобановтың басқаруымен 1942 жылы маусым айында Мәскеуге бет түзеді. Оның жауынгерлік жолы 40-шы жеке бронепойыздар дивизионының құрамында басталды. Петропавлда жасалған пойызға жолдан «Сергей Киров» деп аталған Омбы депосында істелген пойыз қосылды.

«Бастапқыда екі пойызда Мәскеудің қорғанысында тұрды. Сталинград түбінде жағдай ушыққанда екеуі де сол жаққа жіберілді. Бұл жерде олар 21 армия төртінші танк дивизиясының құрамында соғысты. Күні-түні жауған оққа паровоздың құрыш қаптамасы да шыдас бермей істен шыққан кездері болды. Балашов және Саратов деполарында біздің «Солтүстікқазақстандықты» қайта іске қосып, майданға аттандырды», - дейді Любовь Горшкова.

Петропавлда жасалған бронды пойыз Батыс майданда соғыс аяқталғанша дейін жүрді. Кейін 1945 жылы шығысқа, Жапониямен соғысқа жіберілді.

«1967 жылы қазіргі локомотив депосында музей құрылды. Сол кезде белсенділер И.Липин, Д.Шандыбин және басқалары біздің бронды пойызды іздеп таппақ болды. Хаттар да жазды, сұраулар да жіберді, алайда «Солтүстікқазақстандық» сол күйі табылмады», - дейді музей қызметкері.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Ақерке Дәуренбекқызы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT