19 шілде. Туған күн иелері
19 шілде, БЕЙСЕНБІ
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1938) Экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері ҚАЛИЕВ Ғани Әлімұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Қырғыз мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1963-1964 жылдары - Алматы халық шаруашылығы институтының оқытушысы. 1968-1984 жылдары - Қазақ экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыру институтының аға ғылыми қызметкері, сектор, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары. 1984-1988 жылдары - Қазақ қой шаруашылығы технологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1991-1996 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті болған. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екінші шақырылым депутаты болған. Ғалымның негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары аграрлық теория және саясат мәселелеріне арналған. Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен Қазақ қой шаруашылығы технологиялық ғылыми-зерттеу институтында малдың жаңа тұқымдарын алу әдістері жетілдіріліп, шаруашылықтарда сұрыптау және асыл тұқымды мал өсіру жұмыстарын жақсарту мәселелері терең зерттелді. «Ауыл» партиясын басқарды.
65 жыл бұрын (1953) ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты, ПОЛТОРАБАТЬКОЛюдмила Григорьевна дүниеге келді.
Новосібір облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген.
Алматы қаласы аудандық сотының іс жүргізушісі, сот атқарушысы, Қазақ ССР Әділет министрлігі Сот органдары басқармасының аға консультанты, Алматы қалалық сотының мүшесі, Алматы қаласы аудандық сотының халық соты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мүшесі болып қызмет атқарған. 2011 жылғы қарашадан 2017 жылғы шілдеге дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды.
«Құрмет» орденімен, төрт медальмен марапатталған.
55 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасының Социалистік Вьетнам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2013 жылдан бастап) және Камбоджа Корольдігі мен Лаос Халықтық-Демократиялық Республикасындағы елшісі (2014 жылдан бастап) қызметін қоса атқарушы ЖҰМАХАНОВ Бекетжан Махатжанұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. КСРО Қорғаныс министрлігі Әскери Қызыл ту институтының шығыс факультетін (1985), РФ СІМ Дипломатиялық академиясын (1994), РФ Үкіметі жанындағы Қаржы академиясын (1998) бітірді.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» (2001), «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл» (2006), «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
54 жыл бұрын (1964) Батыс Қазақстан облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты ТӨРЕҒАЛИЕВ Нариман Төреғалиұлы дүниеге келді.
Тайпақ ауданы Есенсай ауылында туған. Білімі жоғары, 1990 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын - инженер-экономист, 2004 жылы Каспий қоғамдық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1981 жылы «Есенсай» кеңшарында жұмысшы болып бастаған ол 1982-1984 жылдары Кеңес әскері қатарында Венгрияда әскери борышын өтеді. Еңбек жолында Теректі аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы, Орал қаласындағы жалпы үлгідегі интернат үйінің директоры, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаменті директорының орынбасары сынды жауапты қызметтерді атқарды. Сондай-ақ, 2008-2010 жылдары Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Батыс Қазақстан облыстық департаментінің директоры болды. Ал 2010-2012 жылдары облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы. Сонымен қатар, Нариман Төреғалиев 2012-2015 жылдар аралығында Ақжайық ауданының әкімі болды. 2016-2017 жылдары Орал қаласының әкімі болды. Қазіргі қызметінде 2017 жылдың маусым айынан бері.
46 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы ТӨКЕЖАНОВ Болат Тұрғанұлы дүниеге келген.
Шығыс Қазақстан облысында туған. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.
1994-1995 жылдары Шығыс Қазақстан облысы салық инспекциясының аға салық инспекторы болып қызмет атқарды.
1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Міндетті медициналық сақтандыру қорының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесінде қызмет атқарды.
1999-2000 жылдары - Медициналық қызметке ақы төлеу орталығының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесі директорының орынбасары, директоры. Денсаулық сақтау министрлігі «Денсаулық» РМК-нің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры.
2001 жылдың қаңтарынан 2003 жылдың қарашасына дейін Шығыс Қазақстан облысының Ақпараттық-медициналық орталығын басқарды.
2003 жылдың қараша айынан медицинаны және халықаралық қатынастарды дамыту бөлімінің бастығы, 2005 жылдың ақпанынан 2007 жылдың қаңтарына дейін стартегиялық даму және халықаралық қатынастар басқармасының бастығы болды.
2007 жылдың қаңтарынан 2010 жылдың тамыз айына дейін Стратегиялық даму және халықаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары, Қаржы және экономика департаменті директорының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды.
2010-2013 жылдар аралығында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Стратегиялық даму департаментінің директоры болып жұмыс жасаған.
2013 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болып тағайындалды.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің (2002), ҚР Денсаулық сақтау министрінің (2004) құрметті граматоларымен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астанаға 10 жыл» (2008) мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Денсаулық сақтау ісінің үздігі (2006).
2017 жылдың ақпан айынан бері қазіргі қызметінде.
46 жыл бұрын «Литер» ЖШС директоры, «Литер» газетінің бас редакторы Жаңаханов Қайсар Қадырұлы дүниеге келген.
Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. Бұған дейін ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімі меңгерушісінің орынбасары, «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетикалық кешені ұйымдары қауымдастығының атқарушы директоры, «Рауан Медиа Групп» АҚ ақпарат-талдау орталығының директоры - бас директор орынбасары, «Арна Медиа» ұлттық ақпараттық холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Нұр-Медиа» медиахолдингінің бас директоры, 2011-2012 жылдары «Астана» телеарнасының бас директоры, 2012-2014 жылдары «Литер» газетінің бас редакторы, «Литер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, 2012 жылдың ақпанынан мамыр айына дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі баспасөз қызметінің басшысы, 2014 - 2017 жылдары - «Қазпресс» ЖШС бас директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2017 жылғы қыркүйектен бері.
45 жыл бұрын (1973) СҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы БЕКШЕНОВ Ерболат Мұратұлы дүниеге келді.
2006 жылы Орталық Азия университетiн экономист мамандығы бойынша бiтiрдi.
Еңбек жолы: Солтүстiк Қазақстан облысы Тайынша ауданы «Бекшенов» шаруа фермерлiк қожалығы басшысының орынбасары. 2003-2004 жылдары - Қостанай облысы Қостанай қаласындағы «Ет» ЖШС экспедиторы, менеджерi. 2006 - 2007 жылдары - Солтүстiк Қазақстан облысы Тайынша ауданы Донецк селолық округiнiң әкiмi.
2007 жылғы қарашадан желтоқсанға дейiн - Солтүстiк Қазақстан облысы Мамлют ауданы Мамлютка қаласы әкiмiнiң орынбасары, 2007 жылдың желтоқсанынан бастап 2010 жылдың 6 желтоқсанына дейiн - Солтүстiк Қазақстан облысы Мамлют ауданы Мамлютка қаласының әкiмi.
2010 жылдың желтоқсанынан бастап аудан әкiмiнiң әлеуметтiк мәселелер жөнiндегi орынбасары.
2014-2018 жылдар аралығында Солтүстiк Қазақстан облысы Мамлют ауданының әкiмi болып қызмет атқарған.
2018 жылдың ақпан айынан қазіргі қызметінде.
58 жыл бұрын (1960) филолог, әдебиет сыншысы, режиссер, сценарист ДОСКЕН Ғалым Төлембекұлы дүниеге келді.
Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген.
«Қазақстанның теледидары мен радиосы» Республикалық корпорациясы» ЖАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары (2001-2002); «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы (2002-2006); «Ел» продюсерлік орталығының шығармашылық жетекшісі (2007 жылдан).
«Сәулені күту», «Ұлы дала астаналары», «Маңғыстау қабірлерінің түсі», «Жоғалған жарық хроникасы» және т.б. фильмдірінің, «Тоғыз құйрықты ақ түлкі», «Сиқырлы флейта», «Билейтін құс» кітаптарының, «Жезтырнақ» балеті либреттосының, аудармалардың авторы.
204 жыл бұрын (1814-1862) американдық қару-жарақ конструкторы КОЛЬТ Самюэль дүниеге келді.
Ол қару-жарақ компаниясының және зауытының негізін қалаған. С.Кольттің алғашқы револьвері оған дейінгі қолданыстағы барабанды қарудың және револьвердің жүйесін жетілдіре түсті. Осыдан кейін оның фирмасы атыс қаруының автоматты пистолет, револьвер сияқты көптеген түрлерінің үлгісін жасап шығарды.