19 шілде: ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 19 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

19 шілде, БЕЙСЕНБІ 

Никарагуа Республикасының Ұлттық мейрамы - Революция күні (1979)

Никарагуадағы революция барысында диктатор Сомоса биліктен тайдырылды. Осы оқиғаның құрметіне белгіленген мейрам жыл сайын жалпыұлттық деңгейде атап өтіледі.

Жапонияда Әйел министрлер күні

«Саясаттағы әйел», «үкіметтегі әйел» - қазіргі қоғамда қалыпты қабылданатын тіркестер.  Әлемдік тарихта саясаткер-әйел, министр-әйел, президент-әйел болған ерекше есімдер болды. Жапонияда әйел заты үкіметте алғаш рет 1960 жылы пайда болды. 1960 жылдың 19 шілдесінде Накаяма Маса министр лауазымын алған Жапониядағы алғашқы әйел болды. Ол Денсаулық сақтау министрлігін басқарды. Содан бері 19 шілде Жапонияда Әйел министрлер күні ретінде ресми емес жағдайда атап өтіледі.  

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1929 жылы Түрксіб құрылысшыларымен мінген алғашқы Э-1441 пойызы келіп жетті. 1926 жылдың 3 желтоқсанында КСРО Еңбек және қорғаныс комитеті Түркістан-Сібір теміржолын салу туралы арнайы қаулы қабылдады.1927 жылдың 2 наурыз күні КСРО халық комиссарлары кеңесі Түркістан-Сібір теміржолына қатысты қаулы қабылданды. Теміржол Орта Азиядағы мақта өсіретін аудандардан шикізат көзін Ресейге тасымалдау, Қазақстан мен Оңтүстік Ресейден астықты Орта Азияға жеткізуде маңызды рөл атқарды. Құрылысқа қазақтың 10 мың  құрылысшысы жұмылдырылды

1938 жылы Оңтүстік кемпірсай хромитті кен орны базасында Дон кен байыту комбинатының негізі қаланды.

1963 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты ашылды. Бүгінде оқу орны Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті деп аталады.

1996 жылы Атлантада XXVI Олимпиада ойындары басталды. Оған спортшылардың рекордты саны - 10 744 (7060 ер, 3684 әйел) адам қатысты. Қазақстан Аталантада тәуелсіз мемлекет ретінде тұңғыш жазғы Олимпиада ойындарына қатысты.

3 алтын, 3 күміс және 4 қола медальмен Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 24-орынға табан тіреді.

Көк байрақты желбіретіп, Әнұранымызды әуелеткен «алтын» спортшылар - Юрий Мельниченко (грек-рим күресі), Алексендр Парыгин (бессайыс) және Василий Жиров (бокс).

2005 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Теңдік ауылында қазақтың алғашқы академигі Қаныш Сәтбаевтың туған ауылында (Семей губерниясы Павлодар уезі Ақкелі болысының №4 ауылы) атақты жерлестеріне арналған болашақ мемориалды кешеннің алғашқы іргетасы қаланды.

Шараға Астанадан, көрші облыстардан келген қонақтар, жергілікті халық, барлығы мыңдаған адам қатысты. Олар аудан орталығындағы академиктің мұражайына, Бұқар жыраудың, философ және әдебиеттанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, қазақ поэзиясының классигі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың басына барды.

2005 жылы Петропавлдың бейнелеу өнері мұражайында жергілікті суретшілердің «Жаз тынысы» көрмесі ашылды.

Көрмеге Қазақстан Респуликасы еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Анатолий Бургаев, бірнеше жеке көрме ашқан Валерий Савельев, Григорий Кайдаш сияқты танымал қылқалам шеберлерімен қатар, барлығы 9 суретшінің туындылары қойылған. Солардың ішінде Есіл ауданындағы Явленка селосынан әуесқой-суретші Вячеслав Смирнов көрмеге алғаш рет қатысты.

2007 жылы Орталық сайлау комиссиясы жанынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс және мәслихаттардың кезекті сайлауы барысында туындауы мүмкін ақпараттық талас-тартыстарды қарастыратын қоғамдық кеңес құрылды.

Қоғамдық кеңес құрамына Орталық сайлау комиссиясы мүшелері, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары басшылары кіріп отыр. Кеңестің басты мақсаты - сайлау науқаны барысында туындаған ақпараттық таластарды, түсінбеушіліктерді, сондай-ақ, сайлау заңнамасы мен Конституцияға сәйкес сайлау нормаларын сақтауды алқалы түрде қарастыру.

2010 жылы Леоу Нин (ҚХР) университетінің профессоры Су Шу Янның «Қытайтану» кітабы жарыққа шықты.

Оны қытай тілінен қазақ тіліне Дулат Мәлікұлы, Бек Дөкейұлы, Серік Кененбай аударды. Қазақстанда кітап  «Хұснихат» баспасынан шықты.

2010 жылы ҚР Презиленті «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» ҚР Заңына қол қойылды.

Ол әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталды.

2010 жылы Шанхай ынтымақтастық үйымына Қазақстан төрағалығының ресми веб-сайты - ww.sco2011.kz қызметін бастады.

2012 жылы Семейде Полковничий аралында «Әлем музейі» жобасы таныстырылды.

2012 жылы Қазақстан Республикасы мен Аустралия Одағы арасындағы дипломатиялық байланысқа 20 жыл толуына орай Сингапурде арнайы қабылдау өтті. Бүгінде Аустралия мен Қазақстан энергетикалық және ресурстік секторлары мықты елдердің қатарына енген.

2014 жылы Қарағанды облысы «Спасск» оқу орталығының базасында «Алтын Үкі-2014» арнайы мақсаттағы бөлімшелердің снайперлік жұптарының халықаралық жарысы аяқталды.

Жарысқа Ресей, Ұлыбритания, Иордания, Пәкістан, АҚШ, Қытай әскери қызметшілері қатысты. Нәтижесінде Қазақстанның арнайы мақсаттағы қызметкерлері жеңімпаз атанды. 2 орынды ҚХР, 3 орынды Ұлыбритания әскери қызметшілері алды.

2017 жылы қазақстандық әнші Димаш Құдайберген "Ең танымал шетелдік әнші" номинациясы бойынша Asian Music GaLa жүлдесін иеленді. Марапаттау рәсімі 19 шілдеде Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтті.

2017 жылы  Дүниежүзілік WAF - 2017 фестивальінің ұйымдастырушылары финалға өткендердің тізімін жариялады. Тізімде 400-ден астам нысан қамтылған, олардың қатарында таяуда ғана пайдалануға берілген Астананың жаңа вокзалы да бар.

«Нұрлы жол» атауына ие болған нысан Астана қаласының Алматы ауданындағы Мұстафин көшесінде орналасқан. Ғимарат ауданы 120 мың шаршы метрден асады, ал вокзал арқылы тәулігіне 35 мың жолаушы өтеді. 

1799 жылы ежелгі мысыр жазуы басылған Россет тасы табылды. Осы тастың арқасында Ежелгі мысыр иероглифтерінің сыры ашылды.

1814 жылы ағылшын теңіз саяхатшысы М.Флайндерз өзінің кітабында жасыл құрлықты алғаш рет Австралия деп атады (кітап жарық көргеннен кейін, 24 сағаттан соң ол қайтыс болды).

1822 жылы француз ғалымы Жозеф Ньепс әлемдегі алғашқы фотосуретті жасады.

1870 жылы АҚШ-та метрикалық жүйелерді пайдалануға мүмкіндік беретін заң қабылданды.

1871 жылы Канадаға Британ Колумбиясы провинциясы қосылды.

1900 жылыПариж метросы ашылды. Қазіргі уақытта париждік метроның ұзындығы 199 шақырымды құрайды, оның 369 стансасы бар. Метро пойыздарының 3500 вагоны күнделікті 6 миллион адамды тасымалдайды.

1908 жылы Лондондағы әулие Павел шіркеуінде Олимпиадаға ақ жол тілеген епископ алғаш рет: «Ең бастысы,  жеңіс емес -  қатысу» деген сөздерін айтты.

1919 жылы Лос-Анджелесте үлкен  жылдамдықпен жүріп жол ережесін бұзған жүргізушіні ұстау үшін аэроплан пайдаланылды.

1949 жылы Лаос Франциядан тәуелсіздігін алды.

1954 жылы Элвис Преслидің алғашқы синглі шықты.

1991 жылы қытай астрологы Тегеранда күшті жер сілкінісі болады деп болжағаннан кейін мыңдаған тұрғын қаланы тастап кетті.

2003 жылы тілді ауыстырып салу бойынша әлемдегі алғашқы операция сәтті өтті.

Соңғы жаңалықтар