+7 (701) 759 90 19
USD 426.14 EUR 517.08
RUB 5.74 CNY 66.17
Jańalyqtar

19 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылғы 19 сәуір 07:00
Бөлісіңіз:
19 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2021 жылғы 19 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1960 жылы Бұқтырма су қоймасын толтыру басталды.

1993 жылы Алматыдан Түркияның Трабзон қаласына алғашқы жолаушылар әуе рейсі ұшырылды. Бортында 120 турист болған «Азамат» компаниясының «Ту-154м» әуе лайнері 5 сағат ұшып, Трабзон әуежайына қонды.

2005 жылы Алматы облысының Қапшағай қаласында Иракта қаза болған қазақстандық бітімгерші-жауынгер, капитан Қайрат Құдабаевқа (1975-2005) өзі қызмет еткен бөлімнің жанына ескерткіш тас орнатылды. Ескерткіш тасты дайындауға және орнатуға қаражатты десантшы-шабуыл жасаушы бригадасының әскери қызметкерлері жинады.

2010 жылы Қазақстан елшілігінің араласуымен Италияның солтүстік аумағын азат ету кезінде қаза тапқан Югославия халық-азаттық армиясының «Орыс батальоны» құрамында шайқасқан 104 кеңестік солдаттың аты-жөндері анықталған. Олардың 38-і қазақтар болып шықты. Жауынгерлердің жерленген орнын іздестіруге соғыс ардагері, жазушы Қалмұқан Исабай мұрындық болған. Ал сәуірдің 25-сі күні Италияның Триест қаласында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «Орыс батальонының» құрамында шайқасқан қазақ жауынгерлеріне арналған ескерткіш ашылады.

2012 жылы Алматы қаласының орталығында консерватория жанында қазақтың әйгілі күйші-композиторы Құрманғазыға ескерткіш орнатылды. Құрманғазының туып-өскен жері – Бөкей хандығы, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жер. Топырақ бұйырған орны – Астрахан облысының бұрынғы «Шайтани батага», қазіргі «Құрманғазы төбе» деп аталатын жер. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Қайран шешем», «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Қуаныш», т.б. күйлері бар.

2013 жылы Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева «Deutsche Grammophon Gesellschaft» әртісі» ресми атағын алды. Ол Германияның «Deutsche Grammophon Gesellschaft» дыбыс жазатын компаниясымен келісім жасаған алғашқы қазақстандық орындаушы.

2013 жылы Қазақстанда «Номадтар алтыны» топтамасынан атаулы құны 500 теңгелік «Арқар» естілік монетасы айналымға шығарылды. Ол 925 сынамасы бар күмістен жасалған, салмағы – 31,1 гр, диаметрі – 38,61 мм, сапасы - «proof», тиражы – 5 мың.

2014 жылы Өскеменде Мұхтар Әуезовтің құрметіне мемориалдық тас ашылды. «Мұхтар Әуезов Абай әлемін, Қазақстан мемлекеті мен қазақ ұлтын ашты. Ол әлемге қазақтың жанын ашты. Әлем мәдениетінде қазақ әдебиетінің лайықты орын алуына мүмкіндік берді», - деді салтанатты рәсімде М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан.

2016 жылы Бурабай ТМД-дағы ең атақты курорттардың үздік үштігіне енді. Бұл рейтингті 2016 жылдың жазына курорттарда қонақүйлер мен апартаменттерді брондау мәліметтеріне сүйеніп, Travel.ru турсервисі жасады. ТМД елдеріндегі атақты курорттар бестігіне Ыстықкөл (Қырғызстан), Бурабай (Қазақстан), Каспий теңізі (Баку, Әзірбайжан), Севан көлі (Армения) кірді.

2017 жылы Бейжіңдегі VII Халықаралық кинофестивальде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған «Құнанбай» және «Жаңғақ ағашы» фильмдері алғаш рет көрсетілді.

2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігі арасында «Абай-Верн» бағдарламасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Оның аясында Францияның жоғары оқу орындарына Қазақстанның білім ошақтарында оқып жатқан 90 магистрант пен 10 докторант жіберілді.

2019 жылы Елордада Qazaq радиосының Алтын қорындағы үздік ертегілер, батырлар жыры, әндер мен күйлер, айтыс пен нақыл сөздер енген «Дала фольклорының антологиясы» таныстырылды. Жинақта ХІХ ғасырдағы халық композиторларынан ән үйреніп, олардың біздің заманымызға дейін үзілмей жетуіне үлес қосқан барлық өнерпаз қамтылды. Атап айтқанда, Әміре Қашаубаевтың «Балқадишасы», «Дударайы», «Жалғыз аршасы» мен «Бесқарагері» бар. Кенен Әзірбаевтың «Көк шолағын», «Бозторғайын», «Бұлбұлға» және «Домбырасын» тыңдауға болады.

2019 жылы «Қазақстанның 100 есімі» жобасының жеңімпазы, MBionics компаниясының негізін салушы 24 жастағы Мәулен Бектұрғанов Қазақстанда алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдететін қолдың бионикалық протезін жасап шығарды.

2020 жылы Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық Опера және балет театры, «Астана Опера» театр сайттарындағы онлайн трансляция қаралымынан ТМД бойынша үздік он опера театрлары қатарына кірді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Гүлзат Ақжолова

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT