Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 377.18 EUR 426.14
RUB 5.98 CNY 54.86

19 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 19 сәуір 07:00
Поделиться:

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2019 жылғы 19 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1960 жылы Бұқтырма су қоймасын толтыру басталды.

1993 жылы Алматыдан Түркияның Трабзон қаласына алғашқы жолаушылар әуе рейсі ұшырылды. Бортында 120 турист болған «Азамат» компаниясының «Ту-154м» әуе лайнері 5 сағат ұшып, Трабзон әуежайына қонды.

2005 жылы Алматы облысының Қапшағай қаласында Иракта қаза болған қазақстандық бітімгерші-жауынгер, капитан Қайрат Құдабаевқа (1975-2005) өзі қызмет еткен бөлімнің жанына ескерткіш тас орнатылды. Ескерткіш тасты дайындауға және орнатуға қаражатты десантшы-шабуыл жасаушы бригадасының әскери қызметкерлері жинады.

2010 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында Ел бірлігі доктринасының жобасы мақұлданды. Отырысқа қатысқандар Қазақстан Ел бірлігі доктринасы жобасына қатысты қоғамдық комиссияның ұсынысын қарастырды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің құжаттарын талқылау қорытындысы бойынша доктрина жобасын мақұлдау шешімі қабылданды.

2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Киевте өткен қауіпсіз және инновациялық ядролық энергетика мәселелері бойынша саммитке қатысты. Форумның мақсаты - қауіпсіз бейбіт ядролық энергетиканы дамытуды қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударту. Киев саммитіне 67 елдің делегациялары қатысты. Делегацияларды мемлекет және үкімет басшылары бастап барды. Саммит XX ғасырдың ең ірі техногендік апаты болып саналатын Чернобыль атом электростансасында орын алған апаттың 25 жылдығына орайластырылды.

2012 жылы Алматы қаласының орталығында консерватория жанында  қазақтың әйгілі күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлына ескерткіш орнатылды.

Құрманғазының туып-өскен жері Бөкей хандығы, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жер. Топырақ бұйырған орны - Астрахан облысының бұрынғы «Шайтани батага», қазіргі «Құрманғазы төбе» деп аталатын жер. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Қайран шешем», «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Қуаныш», т.б. күйлері бар.

2013 жылы Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева «Deutsche Grammophon Gesellschaft» әртісі» ресми атағын алды. Ол Германияның «Deutsche Grammophon Gesellschaft» дыбыс жазатын компаниясымен келісім жасаған алғашқы қазақстандық орындаушы атанды.

2013 жылы Қазақстанда «Қазақстанның ұлттық ойындары, салт-дәстүрлері» сериясынан «Сүйіндір» естелік монеталары шығарылды. Оның номиналы  500 теңге.

2014 жылы Өскеменде Мұхтар Әуезовтің құрметіне мемориалдық тас ашылды. «Мұхтар Әуезов Абай әлемін, Қазақстан мемлекеті мен қазақтар ұлтын ашты. Ол әлемге қазақтың жанын ашты. Әлем мәдениетінде қазақ әдебиетінің лайықты орын алуына мүмкіндік берді», - деді салтанатты рәсімде М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан.

2016 жылы Бурабай ТМД-дағы ең атақты курорттардың үздік үштігіне енді. Бұл рейтингті 2016 жылдың жазына курорттарда қонақүйлер мен апартаменттерді брондау мәліметтеріне сүйеніп, Travel.ru турсервисі жасады.

ТМД елдеріндегі атақты курорттар бестігіне Ыстықкөл (Қырғызстан), Бурабай (Қазақстан), Каспий теңізі (Баку, Әзербайжан), Севан көлі (Армения) кірді.

2016 жылы Қазақстанда түсірілген «Сынақ» фильмі Мәскеудегі «Ақ шаршы» кинооператорлық өнер сыйлығын алды.

2017 жылы Астанада Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұxамедов жылқы мен ат өсіру өнеріне арналған үш бірдей кітабын таныстырды. Олар: "Ақалтеке тұлпары - мақтанышымыз бен абыройымыз", "Тұлпардың шапшаң шабысы" кітаптары және "Көк тұлпарларының самғауы" атты фотоальбом-кітабы. Шара барысында Бердімұxамедов бірнеше кітапқа өз қолтаңбасы мен жылы лебізін жазып, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа беріп жіберді.

2017 жылы Бейжіңдегі VII Халықаралық кинофестивальде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған «Құнанбай» және «Жаңғақ ағашы» фильмдері алғаш рет көрсетілді. 

2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігі арасында «Абай-Верн» бағдарламасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Оның аясында Францияның жоғары оқу орындарына Қазақстанның білім ошақтарында оқып жатқан 90 магистрант пен 10 докторант жіберілді.

2018 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген қысқаметражды фильмдер мамырдың 8-19 аралығында Францияда өткен Халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner бағдарламасы аясында көрсетілді. Әлемдік қысқаметражды фильмдерге арналған Канн фестивалінің кәсіби бөлімі - Short Film Corner бағдарламасы аясында отандық екі кинотуынды - «Тығылмақ» және «Асан» фильмдері көрерменге жол тартты.

Бөлісіңіз:
MURAǴAT