19 мыңға жуық қостанайлық әлеуметтік мәртебесін жариялаудан бас тартқан

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда 39 мыңға жуық адамның әлеуметтік мәртебесі нақтыланбаған. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі, 2017 жылы елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Осыған байланысты облыста азаматтардың мәртебесін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Облыс өңірлерінде әкімдіктер мен жұмыспен қамту қызметінің өкілдері, учаскелік инспекторлардан жұмысшы тобы жасақталған.

«Біздің міндетіміз - үй-үйді аралау арқылы азаматтардың мәртебесін нақтылау. Осы арқылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қаржы аударуға қауқарсыз азаматтармен толыққанды жұмыс істейміз. 2017 жылы облыста осындай санаттағы 330 мың адам анықталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 285 мың адам мемлекеттік кіріс органдарына шағын кәсіпкерлік, нәтижелі жұмыспен қамту субьектісі ретінде тіркелді»,-дейді басқарма басшысы.

Қостанай облысында 38600 адамның әлеуметтік мәртебесі нақтыланбаған. Олардың 7 пайызы жалдамалы жұмыста істесе, 26 мыңға жуығы өзін-өзі жұмыспен қамтиды. Бұдан бөлек, тағы 7 мың әйел үй шаруасында.

«Қазір басқарма өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 26 мың адаммен белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Оларды жұмысқа орналастыру мақсатында тиісті мекемелерге хабарласу ұсынылды. Ал тек отбасылық шаруашылықпен айналысатын жандармен мемлекеттік кіріс органдары жұмыс істейді»,- дейді Гүлнәр Таубаева.

Үй-үйді аралау жұмыстары кезінде облыстағы 18661 адам өздерінің әлеуметтік мәртебесін анықтаудан бас тартқан. Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді жүктеді.

«18 мың адамның бас тартуы облыстық басқарманың жұмыс нәтижесін көрсетеді. Өңірлерде ақпараттық-насихат жұмыстары дұрыс жүргізілмей отыр. Бұдан былай медициналық қызмет тек сақтандырылған азаматтарға көрсетіледі. Әлеуметтік мәртебесін анықтамаса, зейнетке шыққанда да қиындық туғызады.Тұрғындарға осыны түсіндіру қажет», - деп тапсырды Архимед Мұхамбетов.

Гүлнәр Таубаева айтқандай, әлеуметтік мәртебені анықтаудың бірнеше жолы бар. Біріншіден, егер азамат бейресми жұмыс істейтін болса, онда ол жұмыс берушімен еңбек шартын құруы тиіс. Екіншіден, егер азамат табыс әкелетін қандай да бір кәсіпкерлікпен айналысатын болса, онда салық органдарында тіркелуі қажет. Егер азаматтың табыс көзі болмай, жұмыссыз болса, тұрғылықты мекенжайы бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Орталықта азаматты жұмысқа орналастыру және кәсіби қайта даярлау бойынша қолдау көрсетіледі. Жұмыссыз мәртебесін алған азаматтар жеңілдігі бар санатқа жатқызылады. Олар медициналық сақтандыруды мемлекет тарапынан алуға құқылы. МӘМС шеңберінде әлеуметтік мәртебені анықтау egov.kz порталында да қолжетімді. Ол үшін «Тексеру сервистері» бөлімінен «Әлеуметтік мәртебесін тексеру» қызметін таңдап, өзіңіздің ЖСН-ды теріп, өтініш жібересіз. Бұл ретте жауап қолма-қол қайтарылады. Қызметті электрондық цифрлық қолтаңба арқылы порталға тіркелген жағдайда алуға болады.

Соңғы жаңалықтар