19 мың оқушыны Алматы әкімдігі мектепке тегін дайындайды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл Алматыда мұқтаж отбасылардан шыққан 19 мың оқушыға мектеп формасы мен кеңсе заттарын сатып алуға әкімдік 800 млн теңге бөліп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, Алматыда 1 тамызда «Мектепке жол» республикалық акциясы басталады.

«Биыл акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады және «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» ұранымен өтеді. Ол аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алуға бағытталған»,- деді ол.

Тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленетін балаларды мектепке дайындау үшін қала бюджетінен 800 млн теңге бөлінеді.

«Алматы қаласының мұқтаж отбасыларынан шыққан 19 мың оқушыға көмек көрсету үшін әкімдік мектеп формасы мен кеңсе керек-жарағын сатып алуға көмек көрсетеді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 800 млн теңге қарастырылған», - деді ол.

Қазірдің өзінде мектептерде оқушыларға оқу жылына дайындыққа көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Көмекке мұқтаж балалардың деректер базасы құрылды. Азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін шұғыл желілер, сенім телефондарының жұмысы ұйымдастырылды. Телефон номері Алматы қаласы Білім басқармасының сайтында көрсетілген», - дейді басқарма басшысы.

Ләззат Жылқыбаева 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік мектептердің 1-4 сынып оқушылары тегін тамақтанатынын еске салды.


Соңғы жаңалықтар