19 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 19 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Шиеленіс жағдайларындағы жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күн

Бұл атаулы күн 2015 жылы 19 маусымда БҰҰ Бас Ассамблеясының №A/RES/69/293 қарарында әр түрлі шиеленістік жағдайларда (саяси, діни, ұлттық сипаттағы халықаралық, мемлекетішілік (азаматтық соғыстар) жыныстық зорлық-зомбылық көрсету мәселесіне көпшіліктің назарын аударту мақсатында қабылданды.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1918 жылы «Ақтөбе хабаршысы» газетінің бірінші нөмірі жарық көрді. Басылымның атауы бірнеше мәрте өзгеріске ұшырағанмен, қазір бастапқы атауына қайта оралды.

2001 жылы Қазақстанда 184,5 шақырымдық Ақсу-Дегелең темір жолы іске қосылды.

2006 жылы Қызылордадағы қалалық мәдениет және демалыс саябағының кіре берісінде «Сыр бойының батырлары» атты қаладағы ең үлкен ескерткіш-монументтің ашылу салтанаты болды. Ескерткіштің ашылу рәсіміне облыс, қала басшылары, ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жалпы қала жұртшылығы қатысты. Ескерткіш авторы - Сыр еліне белгілі мүсінші Жәркен Исмайылов.

2007 жылы қалалық мәслихат шешімімен Семипалатинск қаласы ресми түрде Семей болып өзгертілді.

2008 жылы ядролық қарусыздандыру ісіне, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке, толеранттылық пен ұлтаралық үйлесімділікке қосқан үлесі үшін ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Жапонияның ең жоғары мемлекеттік марапаты Үлкен лентадағы Хризантема (Бақытгүл) орденін иеленді.

2009 жылы Семейде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыздануды қолдау митингісіне қатысып, Семей полигоны жабылған 29 тамызды Дүниежүзілік жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту күні деп жариялау бастамасын көтерді.

2010 жылы Астанада қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абайға арналған еңселі ескерткіштің ашылу рәсімі өтті.

Абай мен Бейбітшілік көшелерінде бой көтерген ұлы ақынның ескерткіші стилобат, постамент және мүсіннен тұрады. Монументтің жалпы биіктігі - 17,750 метр, ал Абай мүсінінің биіктігі - 7,550 метр. Мүсіндік композицияның барлық элементтері бір қалыпта әзірленіп, таза қоладан құйылған. Салмағы - 10 тонна. Ескерткіш авторы - алматылық мүсінші Болат Досжанов.

Ақынның туған күніне орай жыл сайын ұйымдастырылатын Абай оқулары енді осы жерде өтетін болды.

2013 жылы Алматыда Шейх Ахмед ибн Кудайдад Таразидің «Көркем сөз өнері» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Туынды 1436-1437 жылдары жазылған. Оның жалғыз қолтаңбасы Бодлеан кітапханасында сақталған. Осы қолтаңба негізінде кітапты филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей алғаш рет қазақ тіліне аударды.

2014 жылы Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке «KazEOSat-1» жерді қашықтан зондтау алғашқы қазақстандық жерсерігінен 700 шақырым биіктікте түсірілген Ақтөбенің суретін табыстады.

2015 жылы Беларусь мемлекетінің басшысы Александр Лукашенко Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Беларусь пен Қазақстанның достық қатынастары мен стратегиялық ынтымақтастығын дамытуда елеулі жеке үлес қосқаны үшін «Халықтар достығы» орденімен марпаттады.

2016 жылы Qatar Day ақпараттық агенттігі әлі жауабы табылмаған 8 жұмбақты жариялады. Ашылмаған құпиялардың қатарына Торғай өңіріндегі петроглифтер енді. Әлемде мұндай ғажайып тарихи орын табылған жоқ.

2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістанға өзгертілді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкенттен Түркістан қаласына ауыстырылды.

2018 жылы Шымкент қаласы бір миллионнан астам тұрғыны бар қала ретінде Астана және Алматы қалаларының қатарында республикалық маңызы бар қала деп танылды.

2018 жылы ҚР Ұлттық банкі Астананың 20 жылдығына арнап, «Көрнекті оқиғалар мен адамдар» сериясынан «Астана 20 жыл» коллекциялық монеталарын шығарды.

Соңғы жаңалықтар