19 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 19 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

19 маусым, СЕЙСЕНБІ

Халықаралық жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы күн

Бұл күн 2015 жылы 19 маусымда БҰҰ Бас Ассамблеясының №A/RES/69/293 қарарында әр түрлі кикілжіңдер жағдайында (саяси, діни, ұлттық сипаттағы халықаралық, мемлекет ішілік (азаматтық соғыстар) жыныстық зорлық-зомбылық көрсету мәселесіне көпшіліктің назарын аударту мақсатында қабылданды.

Алжирде революция күні (1965) 

Алжир Халық Демократиялық Республикасы Солтүстік Африкада, Жерорта теңізінің батысында орналасқан. Батысында Мароккомен, Батыс Сахарамен, оңтүстігінде Нигермен, шығысында Ливиямен, Туниспен шектеседі. Әкімшілік жағынан 15 әкімшілік уәлаятқа бөлінеді. Астанасы - Алжир қаласы. Ресми тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - динар.

Кувейт мемлекетінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1961) 

Кувейт Батыс Азияда, Арабия түбегінің солтүстік-шығысы мен Парсы шығанағының 9 аралында орналасқан. Астанасы - Әл-Кувейт. Ресми тілі - араб тілі. Діні - исламның сүннит және шиит тармақтары. Ақша бірлігі - Кувейт динары. Кувейттің басқару формасы - Конституциялық монархия. 1962 жылғы қараша айында қабылданған Конституция бойынша мемлекет басшысы - Кувейт әмірі. Заң шығарушы органы - Ұлттық жиналыс (бір палаталы парламент) 4 жылға сайланған 50 депутаттан және әмір тағайындаған үкіметтің 25 мүшесінен тұрады. Қазақстан Республикасы мен Кувейт мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы қаңтардың 1-інде орнатылды.

Венгрияның тәуелсіздік күні

Ресми күнтізбеге 2001 жылы енгізілді. Бұл күн Венгрияға кеңестік басқыншылықтың аяқталуына, сондай-ақ 1956 жылғы Венгрия революциясын басып-жаныштаушыларды жазаға тартуға орай белгіленді. 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1918 жылы «Ақтөбе хабаршысы» газетінің бірінші нөмірі жарық көрді. Басылымның атауы бірнеше мәрте өзгеріске ұшырағанмен, қазір бастапқы атауына қайта оралды.

1995 жылы Бейжің қаласында (ҚХР астанасы) Абай күндері басталды.

1997 жылы «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

2000 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтын Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауымен Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының түлектері театр режиссері Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбектің басшылығымен Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында музыкалық драма театрын ашты.

Ашылу салтанаты жазушы Сәбит Мұқановтың 100 жылдығымен сәйкес келгендіктен жас театрға жазушының аты берілді. С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық музыкалық драма театры шымылдығын С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз» пьесасымен ашты.

2001 жылы Қазақстанда 184,5 шақырымдық Ақсу-Дегелең темір жолы іске қосылды.

2006 жылы Қазақстан инвестициялық қорының «Investfunds.kz» деп аталатын жаңа сайты іске қосылды.

2006 жылы Қызылордадағы қалалық мәдениет және демалыс саябағының кіре берісінде «Сыр бойының батырлары» атты қаладағы ең үлкен ескерткіш-монументтің ашылу салтанаты болды. Ескерткіштің ашылу рәсіміне облыс, қала басшылары, ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жалпы қала жұртшылығы қатысты. Ескерткіш авторы - Сыр еліне белгілі мүсінші Жәркен Исмайылов.

2007 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Алматыда Достық үйінде «Достық үйі - Этносаралық қатынастардың мәселелерін зерттейтін орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды.

Орталықтың басты мақсаты - ұлтаралық қатынастар саласындағы негiзгi мәселелердi анықтау, жұртшылық пiкiрiн зерттеу.

2007 жылы қалалық мәслихат шешімімен Семипалатинск қаласы ресми түрде Семей болып өзгертілді.

2008 жылы ядролық қарусыздандыру ісіне, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке, толеранттылық пен ұлтаралық үйлесімділікке қосқан үлесі үшін ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Жапонияның ең жоғары мемлекеттік марапаты Үлкен лентадағы Хризантема (Бақытгүл) орденін иеленді.

2009 жылы Өскеменнің Аблакетка тауында Қазақстанның мемлекеттік туы орнатылды. Еліміздің басты мемлекеттік рәміздерінің бірі - көлемі 6х12 метрлік ту теңіз деңгейінен 522 метр биіктікте орнатылған. Оның қасына үлкен әріптермен «Қазақстан» деген жазу жазылған.

2009 жылы Семейде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыздануды қолдау митингісіне қатысып, Семей полигоны жабылған 29 тамызды Дүниежүзілік жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту күні деп жариялау бастамасын көтерді.

2010 жылы «Қазақстан» орталық концерт залында қазақстандық-түркиялық «Астана - махаббатым менің» атты 12 сериялық көркем фильмнің тұсаукесері болды. Фильмді көруге ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

2010 жылы Астанада қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткішінің ашылу рәсімі өтті.

Абай мен Бейбітшілік көшелерінде бой көтерген ұлы ақынның ескерткіші стилобат, постамент және мүсіннен тұрады. Монументтің жалпы биіктігі - 17,750 метр, ал Абай мүсінінің биіктігі - 7,550 метр. Мүсіндік композицияның барлық элементтері бір қалыпта әзірленіп, таза қоладан құйылған. Салмағы - 10 тонна. Ескерткіш авторы - алматылық мүсінші Болат Досжанов.

Ақынның туған күніне орай жыл сайын ұйымдастырылатын Абай оқулары енді осы жерде өтетін болды.

2010 жылы Мемлекет басшысы бағалы қағаздар мемлекетаралық нарығын реттеу туралы келісімнің қатысушысы болмау ниеті туралы ҚР Жарлығына қол қойды.

2012 жылы Бейжіңде қазақтың алғашқы «Астана» мейрамханасы ашылды.

2013 жылы Астанада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Ежелгі түріктер құпиясы» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

2013 жылы Алматыда Шейх Ахмед ибн Кудайдад Таразидің «Көркем сөз өнері» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Туынды 1436-1437 жылдары жазылған. Оның жалғыз қолтаңбасы Бодлеан кітапханасында сақталған. Осы қолтаңба негізінде кітапты филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей  алғаш рет қазақ тіліне аударды.

2013 жылы Астанада ҚР Ұлттық архивінде «Астананың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» атты деректі көрменің тұсаукесері мен салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2013 жылы Павлодардың облыстық кітапханасында «Алаштың айбын ардағы - Абылай хан» атты көрме ашылды.

Көрме Абылай ханның 300 жылдығына арналған. Оның басты бөлімі «Елім деп соққан жүрегі» деп аталды, онда қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы Абылайдың ролі көрсетілген.

2014 жылы Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке «KazEOSat-1» жерді қашықтан зондтау алғашқы қазақстандық жерсерігінен 700 шақырым биіктікте түсірілген Ақтөбенің суретін табыстады.

2014 жылы Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында екі ел Үкіметтері арасындағы визалық талаптарды өзара жою туралы шартқа қол қойылды.

2014 жылы Қостанайда «Евраз Каспиан Сталь» (ЕКС) ЖШС болат арматура зауытында өндірісті іске қосу салтанатты рәсімі өтті.

Зауыттың өндірістік қуаты жылына 450 мың тоннаны құрайды.

2015 жылы Беларусь мемлекетінің басшысы Александр Лукашенко Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Беларусь пен Қазақстанның достық қатынастары мен стратегиялық ынтымақтастығын дамытуда елеулі жеке үлес қосқаны үшін «Халықтар достығы» орденімен марпаттады.

2015 жылы Санкт-Петербургте Петербург халықаралық экономикалық форумының аясында «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ және РФ «Сбербанкі» Үндістан аумағында көліктік-логистикалық жобаларды қаржыландыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

2016 жылы Qatar Day ақпараттық агенттігі әлі жауабы табылмаған 8 жұмбақты жариялады. Ашылмаған құпиялардың қатарына Торғай өңіріндегі петроглифтер енді.

Әлемде мұндай ғажайып тарихи орын табылған жоқ.

ЕСІМДЕР

134 жыл бұрын (1884-1976) қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның  еңбек сіңірген өнер қайраткері ӘЗІРБАЕВ Кенен дүниеге келді.

Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. К.Әзірбаев - қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген өнерпаз. Әкесі Әзірбай, шешесі Ұлдар да әнші, домбырашы еді. Әр жырды әуелі ата анасынан үйренген Кенен 11 жасынан домбыраға қосылып, өз жанынан өлең, ән шығара бастады. «Бозторғай», «Көкшолақ», «Бұлбұл», «Он алтыншы жыл», «Қайран елім», «Аттан» әндерін шығарып, «Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарын жырлады. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып,  айтысқа түсті, ән сайысына араласты. Мемлекет қайраткерлері О.Жандосов, Ж.Бәрібаев, Т.Бокин, тағы басқалармен таныс-біліс болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында мәдени-үгіт бригадасын құрып, ел аралап, халқымыздан шыққан батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеңісін жырлады. «Біз жеңеміз», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Төрт батыр» сияқты көптеген өлең, жырлар шығарды. 50-70 жылдары бейбіт өмірді, республика табыстарын, замандастарын бейнелейтін өлең, терме, толғау дастандары туды. 150-дей  ән толғап, оның өлеңін жазды.

Оның әнші, композитор болуына әнші-жыршылардың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды.  Әсіресе, Жамбыл, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын, композиторлардан үлгі-өнеге алды. Ақын-композитордың «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар», тағы басқа әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналды. К.Әзірбаев сондай-ақ Қарағанды кеншілерінің, Балқаш мыс қорытушыларының, Шымкент қорғасыншыларының, Каспий балықшыларының, Түрксіб  темір жол құрылысшыларының арасында болып, сол алып құрылыстардың жетістіктерін шабытпен жырлады.

Композитордың ән шығармашылығының негізгі тақырыбы - ел өмірі. Ол ел өміріндегі маңызды оқиғалар мен тарихи кезеңдерге әрқашан құлақ түріп, оған өз үлесін қосып отырды. Әзірбаевтың композиторлығы жайында Қазақстан өнер зерттеушілері  А.Жұбанов, Б.Ерзакович еңбектер жазды. 

Әзірбаев айтыс жанрына  ерте араласып, Шалипа, Ләтипа, Кенеқожа, Әбдіғали, Бопипа, Есдәулет ақындармен сөз жарысына түсті. Ол қазақ халқының айтыс өнерінің насихатшысы, осы өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізуші тәлімгер-ұстаз да  бола білді. Оның «Шөпке барғанда», «Құдалар», «Әли батыр», «Қырғызбай», «Кенебай-Кербез», «Бұрынғы өткен батырлар», «Жалғыз қаз», «Жамбыл - жыр» атты толғау, дастандары бар. Бұл шығармалары - ақынның эпикалық дәстүрге құрылған көркем дүниелері. К.Әзірбаев халқымыздың ауыз әдебиеті нұсқаларын есінде мол сақтаған, оның айтуынан жазып алынған фольклорлық мұралар Қазақстан Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар орталығында сақтаулы.

Ол - жыр алыбы Жамбылмен жарты ғасырдай бірге жүріп, жаңа дәуірді асқақтата жырлаған замана жырауы. Бұған екі жүзден астам өлең, арнау, толғаулары айғақ. Бұл туындылары әлденеше рет жинақ болып жарияланды.

1984 жылы ақынның 100 жылдық мерекесі өткізілді. Таңдамалы шығармаларының 2 томдығы және «Шырқа, дауысым», орыс тілінде «Песни гор и степей» кітаптары жарық көрді. Деректі кино-телефильмдер түсірілді.

Кенен Әзірбаевтың есімі Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қасық орта мектебіне, Алматы қаласындағы бір көшеге, Жамбыл қаласындағы кинотеатрға берілген. Алматы консерваториясының және Шымкент мәдениет институтының үздік студенттері үшін Әзірбаев атындағы стипендия беріледі. Жамбыл облысында ақын ұзақ жылдар бойы тұрған мекен Кенен ауылы атанады. Онда К.Әзірбаевтің мұражай үйі жұмыс істейді.

«Еңбек Қызыл Ту», 2 мәрте «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.


null 68 жыл 
бұрын (1950) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ҮМБЕТОВ Серік Әбікенұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Жамбыл ауданы Прудки кеңшарында туған. Алматы зоотехникалық - малдәрігерлік институтын «зооинженер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1968 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы «Амангелді» кеңшарының жұмысшысы болып бастады. 1974-1985 жылдары - Алматы облысы Күрті ауданы Т. Бокин атындағы кеңшардың бригадирі, бөлімше меңгерушісі, бас зоотехнигі, партия комитетінің хатшысы. 1985-1992 жылдары - Алматы облысы Күрті ауданы «Желтораңғы» кеңшарының директоры, Кеген ауданы агроөнеркәсіптік кешені бірлестігінің төрағасы, Күрті ауданы Т. Бокин атындағы кеңшардың директоры. 1992-2004 жылдары - Алматы облысы Күрті ауданы әкімшілігінің басшысы, Алматы облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі. Жамбыл облысының әкімі (1999 жылғы ақпанынан бастап). 2004-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі. 2005-2011 жылдары - Алматы облысының әкімі. 2011-2012 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы. 2012 жылғы қыркүйек айынан бастап бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. 2016 жылдан бері алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

«Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен және Ұлттық олимпиада комитетінің алтын орденімен марапатталған.


62 жыл
 бұрын (1956) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саясат жөніндегі консультативтік кеңес төрағасының орынбасары, шығыстанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Әлеуметтану ғылымы академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Саясаттану ғылымы академиясының академигі және вице-президенті СЫРОЕЖКИН Константин Львович дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Африка және Азия елдері институтын, КСРО Ғылым академиясы Қиыр Шығыс институтының аспирантурасын бітірген. 1986-1991 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Ұйғыртану институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1991-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Шығыстану институты Қытай бөлімінің меңгерушісі. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері. 1997-1998 жылдары - «Kazakhstan» ақпараттық-талдау орталығыының бағдарламалар жетекшісі. 1998-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары. 2000-2005 жылдары - «Континент» журналы ақпараттық-талдау бөлімінің жетекшісі, «РR және саяси талдау орталығы» ЖШС-інің президенті, Тиімді инвестицияларды зерттеу агенттігі Сараптама орталығының басшысы, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2006 жылдан бастап істейді.

400-ден астам ғылыми еңбектің авторы.

null 59 жыл бұрын Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі ДАЛАБАЕВ Жандарбек Ермекұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін 1982 жылы философия мұғалімі, 1990 жылы Алматы малдәрігерлік институтын зооинженер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы:  1975-1976 жылдары - «Кәстек» асыл тұқымды қой зауытында шопанның көмекшісі болып еңбек етті.1982-1986 жылдары - Алматы облысы Жамбыл ауданының Октябрдің 60 жылдығы атындағы совхозда комсомол комитетінің хатшысы; 1986-1988 жылдары - Жамбыл  аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы; 1988-1989 жылдары - Жамбыл аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің нұсқаушысы, 1989-1991 жылдары - Жамбыл аудандық партия комитетінің  жалпы бөлімінің меңгерушісі;1991-1992 жылдары - Жамбыл ауданының «Салқын-Саз» ауыл шаруашылығы кооперативінің партком хатшысы, директордың орынбасары; 1992-1994 жылдары «Кәстек» асыл тұқымды қой зауытының аға зоотехнигі; 1994-1997 жылдары - «Прогресс» совхозы директорының орынбасары; 1997-1999 жылдары - Жамбыл аудандық «Маркетинг және менеджмент» орталығының директоры, 1999  жылы - Жамбыл аудандық «Отан» партиясы мекемесінің кеңесшісі, 1999-2002 жылдары  - Жамбыл ауданы әкімі аппаратының  ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі; 2002-2004 жылдары - Жамбыл ауданы әкімі  аппаратының басшысы, Жамбыл ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры, 2004 жылы - Жамбыл аудандық мәдениет және спорт бөлімінің бастығы, Жамбыл ауданы әкімі аппаратының басшысы; 2004-2012 жылдары - Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары; 2012-2013  жылдары - Жамбыл ауданының әкімі; 2013-2014 жылдары - Алматы облыстық білім басқармасының басшысы; Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы, 2014 жылдың тамыз айынан қазіргі қызметінде.

«Қазақстан Республикасының  Конституциясына 10 жыл», «10 жыл Астана», «Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медальдерінің иегері, Жамбыл ауданының құрметті Аааматы.

null 52 жыл бұрын (1966) Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының Сұлтанбек Қожанұлы атындағы сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының иегері ҚАМЗАБЕКҰЛЫ Дихан дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика  университеті) бітірген. 1990-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1996-2000 жылдары - Лев Гумилев атындағы Еуразия университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі. 2000-2001 жылдары - Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінің аға ғылыми қызметкері. 2001-2004 жылдары - Қазақ ұлттық Музыка академиясы Тіл және әдебиет кафедрасының меңгерушісі. 2004-2005 жылдары - Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гуманитарлық институтының директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2005 жылдан бастап істейді.

Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның мүшесі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның мүшесі, Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның мүшесі, Республикалық Ономастика комиссиясының мүшесі, Астана қаласы Ономастика комиссиясының мүшесі, Қазақстан халқы Кіші ассамблеясының мүшесі, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Хабаршысының» (гуманитарлық серия) жауапты редакторы, «Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары» ғылыми анықтамалығының жауапты редакторы. «Смағұл Сәдуақасұлы», «Руханият», «Алаш және әдебиет», «Пайым» атты монографиялардың, «Ағартушылық және әдебиет» оқу құралының, Жүсіпбек Аймауытовтың 5 томдығын, Смағұл Сәдуақасұлының 2 томдығын, Қошке Кемеңгерұлы таңдамалы шығармаларының, Қошке Кемеңгерұлының 3 томдығының авторы.

«Қазақтың Қошкесі», «Астана туралы бата», «Көздің қарашығындай» деректі фильмдері сценарийінің авторы. 450-ге жуық журнал мен газет мақалаларының, 150-ден астам теле-радио материалдарының авторы.

«Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгісімен марапатталған.

47 жыл бұрын (1971)  ҚР Парламенті Мәжілісінің (VI шақырылым)  депутаты, Заңнама  және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі  ДҮЙСЕМБИНОВ Берік Сәлімжанұлыдүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған.

Білімі: 1995 ж. - Шығыс-Қазақстан облысының Мемлекеттік университеті
2001 ж. - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті

Жұмыс тәжірибесі: 1995-1997 жылдары - Өскемен қаласы, Ішкі істер департаментінің тергеушісі; 1997-1998 жылдары - «Алюминий Қазақстан» АҚ вице-президентінің көмекшісі; 1998-2003 жылдары - Азаматтық партияның Орталық Комитетінің кеңесшісі; 2003-2006 жылдары - Азаматтық партияның Орталық Комитетінің іс басқарушысы; 2006-2011 жылдары - «Атамекен» ҚҰЭП атқарушы директоры; 2007 жылдан - «Атамекен» әлеуметтік жауапкершілік қорының директоры. 2011 жылдан -  Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы төрағасының аймақтық саясат жөніндегі орынбасары; 2013 жылдан - Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы ОК-нің аймақтық жұмыс жөніндегі хатшысы.

2016 жылдан бері қазіргі қызметінде.


null 42 жыл
 бұрын (1976) «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының, Қазақстан Республикасы Президентінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты БОҚАШ Ғалым Қабдулұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Пәкістанда, Үндістанда, Жапонияда еңбек өтілінен өткен. 1999-2001 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің хинди және урду тілдерінің оқытушысы. 2000-2001 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің халықаралық шолушысы, «Хабар» агенттігі» ЖАҚ-ының Пәкістандағы арнаулы тілшісі. 2001-2005 жылдары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ қоғамдық-саяси бағдарлама редакциясының жетекшісі, Ақпараттық-талдау бағдарламасының директоры және «Мезгіл» сараптамалық бағдарламаларының жүргізушісі, басқарма төрағасының орынбасары. 2005-2006 жылдары - Алматы қаласы әкімінің орынбасары. 2009-2010 жылдары - Ирандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі болған. 2010 жылдың сәуір айынан бастап Прагадағы (Чехия) «Свободная Европа-Радио Свобода» Радиосының Қазақ редакциясында қызмет атқарады.

«Хроника утраченного света» деректі фильмі сценарийінің авторы.

null 36 жыл бұрын (1982) «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары ТӘЖИЯҚОВ Ғалымжан Бисенғалиұлы дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік басқару академиясын,  Дарема университетінде іскерлік әкімшілік магистрі дәрежесін алған (2008).

Еңбек жолы: 2002-2005 жылдары - «ABN AMRO Банк Казақстан» АҚ-ның корпоративтік клиенттермен жұмыс жасау жөніндегі менеджер; 2005-2007 жылдары - «Каспи Банк» АҚ-ның қаржы институттары басқармасының басшысы; 2008-2010 жылдары - «HSBC Банк Казақстан» АҚ мұнай-газ секторы төрағасының міндетін атқарушы; 2010-2012 жылдары - «Ситибанк Қазақстан» АҚ-ның кіші вице-президенті; 2012-2016 жылдары - Еуразиялық даму банкінің басқарушы директоры; 2016-2018 жылдары - «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның активтері мен пассивтерін басқару жөніндегі Комитеттің мүшесі, жобалық және корпоративтік қаржыландыру директоры.

2018 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

Соңғы жаңалықтар