Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 383.43 EUR 429.83
RUB 5.96 CNY 55.39

19 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 19 мамыр 07:00
Поделиться:

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2019 жылғы 19 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Түркияда Ататүрік күні, сондай-ақ жастар және спорт күнi 

Бүгін Түркиядағы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық күрестің басталуына 100 жыл толды. 1919 жылдың 19 мамырында тәуелсіздік үшін күрескен ұлттық-революциялық қозғалыс лидері Мұстафа Кемал Ататүрік 9-ыншы армияның инспекторы ретінде Самсунға келіп, шетелдік интервенцияға қарсы мобилизация жариялады. Бұл күн Түркияның азаттығы үшін соғыстың ресми басталған күні болып саналады. Сол кезде Түркия мен Грекия соғысып жатқан болатын. Кейіннен Ататүрік сөйлеген сөздерінің бірінде 19 мамырды өзінің туған күні деп жариялады (оның нақты туған күні белгісіз).

Тәуелсіздік үшін ұлттық қозғалыстың негізін жастар құрағандықтан, 1938 жылдың 20 маусымы күні 19 мамырды Жастар және спорт күні ретінде белгілеу туралы заң шықты.

Дүниежүзілік ЖИТС құрбандарын еске алу күні

Мамыр айының үшінші жексенбісінде әлем халқы ғасыр дерті атанған аталмыш індеттің құрбандарын еске алады. Бұл әлемдік қоғамдастық назарын осы ауруға және АИТВ-мен сырқаттанған жандарға аудару үшін жасалуда. Алғаш рет ЖИТС құрбандарын еске алу күні Сан-Франциско қаласында 1983 жылы аталып өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1995 жылы Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен банкнот фабрикасы ашылды. Банкнота фабрикасы жалған ақша белгілерінен қорғайтын, көркем және полиграфиялық өнімді жоғары деңгейде орындайтын бірегей жабдықтардан құрылған. Оның меншiктi базасынан номиналы 100, 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттар шығарылған. Қазiр фабрикада банкноталардан басқа төлқұжат, куәлiк, диплом, аттестат, куәлiк қағаз, акциз маркалары сияқты құжаттардың жүзден астам түрлерi шығарылады.

1997 жылы «Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы» Заң қабылданды.

2005 жылы Астанада Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшілігі ашылды. Елшіліктің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенко қатысты.
Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 16 қыркүйегінде орнаған.

2011 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттігі мен егемендігін нығайтуға елеулі үлес қосқан ҚР азаматтары мен шетел азаматтарын ынталандыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлау мақсатында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалі бекітілді.  

2011 жылы Әлия Молдағұлованың мемориалдық музейі жаңа экспонаттармен толықты.

Музейге тапсырылған бағалы экспонаттардың ішінде артиллериялық миналардың неміс жәшігі, гаубица зеңбірегінің бөлшегі, саперлық күрек, каскалар, Дегтярев пулеметінің дискі болды.

2014 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жібек жолы» рухын биіктеткені, өзара сенімді, достықты, ынтымақтастықты нығайтқаны, әлем елдерімен бірге өсіп-өркендеуге, татулыққа  және ортақ дамуға ықпал еткені үшін Жібек жолының бейбітшілік сыйлығы тапсырылды.

2015 жылы Қырғызстан астанасында «Ақ Ілбірс - 2015» ұлттық киносыйлығы ұйымдастырған шарада режиссер Әділхан Ержанов түсірген  қазақстандық «Қожайындар» фильмі «Орталық Азиядағы үздік фильм» номинациясын жеңіп алды.

2016 жылы Шығыс Қазақстанға осы уақытқа дейін жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған бірегей жәдігерлер жеткізілді. Олардың арасында Шілікті, Берел, Қырықкүңгір, Ақсуаттан табылған сүйектер мен тастар, керамика, қоладан жасалған заттар бар.

2016 жылы Иорданияның KASOTC оқу-жаттығу орталығында арнайы мақсаттағы топтар арасындағы 8-ші жыл сайынғы «Warrior-2016» сайысы өтті. Жарысқа қазақстандық әскери қызметшілер де қатысты. Бұдан өзге ол жерге Қытайдан «Шабуылдаушы ақ тұйғын», Колумбияның «Коммандос», Ливандық «Қара пантера», АҚШ «Теңіз мысықтары» және басқа да арнайы бөлімшелер келді. 

2017 жылы Қытайда танымал «Easy» журналы қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге бірнеше бет арнады. Кезекті нөмірде әншінің суреттері мен сұхбаты жарияланды.

2017 жылы Қазақстан киноиндустриясы тарихында алғаш рет 70-ші Канн фестивалінде (Франция) Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды.

Қазақстанның алғашқы павильоны Фестивальдар сарайының алдында, Le Village International кинобазарының аумағында орналасты.

Павильонның жұмысы бірлесіп кино шығару, ұлттық фильмдерді қаржыландыру үшін әлеуетті серіктестерді тартуға, Қазақстанның киноиндустриясын жаңғырту және туризмді дамытуға жағдай жасады.

2017 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жылдығына орай «Ел-Шежіре» қоғамдық қоры шығарған ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Алаш  қозғалысы» атты 3 томдық құжаттар жинағы мен Болат Мүрсәлімнің «Алашорда» фотоальбомының таныстырылымы өтті.

2018 жылы Шығыс Қытай педагогикалық университетінің (Шанхай) студенті Дана Тойбағарова және Қытай мұнай университетінің (Циндао) екінші курс магистранты Ерғали Саянұлы Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері арасында қытайлық каллиграфия бойынша өткен «Гочжэнь Кубогы» байқауында бірінші орын алды.

Бөлісіңіз:
MURAǴAT