19 қазан. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 19 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырманға есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

97 жыл бұрын (1924-1988) Рейхстагқа 1945 жылғы 30 сәуірде бірінші болып Жеңіс туын тіккен қазақ офицері, «Халық қаһарманы» Рақымжан ҚОШҚАРБАЕВ дүниеге келді.

Қазіргі Ақмола облысының Целиноград ауданында туған. 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген.

1944 жылы қазан айынан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-ші взводты басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі шайқастарға қатысты. Лейтенант Р.Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Г.Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алғаш болып Жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1947-1967 жылдары Ақмола облыстық атқарушы комитетінің нұсқаушысы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармасының инспекторы. 1967 жылдан «Алматы» қонақ үйінің директоры қызметін атқарған. Қызыл Ту, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

91 жыл бұрын (1930) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының және Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті, ДДҰ тағамтану жөніндегі эксперттер комитетінің мүшесі Төрегелді Шарманұлы ШАРМАНОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген.

1958-1962 жылдары - Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орталық аурухананың бас дәрігері. 1962-1968 жылдары Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі. 1968-1971 жылдары Ақтөбе медицина институтының ректоры. 1971-1982 жылдары - Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі. 1973-1984 және 1988 жылдан КСРО Медицина ҒА-ның Тағам институты Қазақ бөлімшесінің директоры (қазіргі Қазақ тағамтану академиясының президенті). 1985-1988 жылдары - Бүкілодақтық «Тағамтану сұрақтары» атты журналының бас редакторы және Мәскеу қаласындағы Дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтының тағамтану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1995 жылдың мамыр айынан - Қазақстанның Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті. 1997 жылдан бастап «Здоровье и болезнь» журналының бас редакторы. Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады; мешел ауруының даму механизмін ашты. Оның басшылығымен емшектегі балаларға арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» тағам қоспалары шығарылды. Оның бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицина - санатының алғашқы жәрдемнің ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданды. Оның жетекшілігімен 60-қа жуық докторлық және 170-тен астам кандидатттық диссертациялар қорғалды.

«Қазан революциясы», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған. ДДҰ-ның Л.Бернард атындағы сыйлығын (2005) және «Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі де қолданбалы аспектілерін дайындау» еңбектер топтамасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығынның иегері және «Ғылым» номинациясындағы «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының иегері.

66 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қайраткері, «Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау» коммерциялық емес акционерлік ұйымы басқармасының төрағасы Есетжан Мұратұлы ҚОСЫБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында дүниеге келді. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдады.

Еңбек жолы: Қазақстан ҒА Тарих, археология және этнография институтының лаборанты (1980-1981); «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің Бас директоры (1998-2001); «Қазақстанның теледидары мен радиосы» Республикалық Корпорациясы» Жабық Акционерлік Қоғамының президенті (2001-2002); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі баспасөз қызметінің жетекшісі (2002-2004); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат басқармасының қоғам және баспасөзбен байланыс бөлімінің меңгерушісі (04.2004-09.2004); Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрі (2004-2006); «Kazenergy» қоғамдық қорының президенті (2006-2007); «Рауан Медиа Групп» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы (05.2007-06.2007); «Атамекен» одағы басқармасының мүшесі (2007). 2007 жылдың маусым айынан бастап — «Атамекен» одағы басқармасының мүшесі.

Қазіргі қызметін 2020 жылдың қараша айынан бері атқарып келеді.


65 жыл бұрын (1956-2018) жазушы, драматург Рахымжан ОТАРБАЕВ дүниеге келді.

Атырау облысының Теңіз ауданында туған. Орал педагогикалық институтын бітірген.

Еңбек жолын «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бастады. Кейін мектепте мұғалім, Теңіз ауданында радио ұйымдастырушы, Қазақ телерадио комитетінде редактор болды, «Қазақ әдебиеті», «Аруана» газеттерінде, «Жалын» альманахында қызмет етті. Қырғызстандағы Қазақстан Елшілігінің атташесі, Ақтау облыстық радиотелевизия компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры болған. Жазушының «Дүние кезек», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры» атты кітаптары, «Абай соты», «Бейбарыс сұлтан», «Әбутәліп әпенді» және жазушы М.Құлкеновпен бірге жазған «Бас», «Жәңгір» пьесалары бар.


58 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі 5-ші департаментінің басшысы Мұрат Жалелұлы ҰРЫМХАНОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысы (қазіргі Алматы облысы) Сарқан ауданы Пограничное ауылында дүниеге келді. КСРО ІІМ Қарағанды ​​мектебін (1985) тәмамдады.

Еңбек жолы: Талдықорған қалалық атқару комитетінің ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімінің тергеушісі (1985-1986); Талдықорған қалалық атқару комитеті ІІБ тергеу бөлімінің аға тергеушісі (1986-1988); Талдықорған қаласындағы КССР ІІМ Тергеу басқармасының аға тергеушісі (1988-1989); Талдықорған қалалық атқару комитетінің ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімінің аға тергеушісі (1989-1990); Талдықорған қалалық атқару комитеті ішкі істер бөлімінің Социалистік меншік ұрлығымен күрес бөлімінің бастығы (1990-1992); Талдықорған қалалық ішкі істер бөлімінің экономика бөлімінің бастығы, Талдықорған облысы Текелі қаласы ішкі істер бөлімі бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары (1992-1994); Алматы облысы Ішкі істер департаментінің экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары (1994-1995); ҚР Мемлекеттік кеден комитеті Экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаментінің ерекше маңызды істер жөніндегі бөлімінің бастығы (1995-1996); ҚР Мемлекеттік кеден комитеті жедел басқармасы бастығының орынбасары, патрульдік қызмет департаментінің бастығы (1996-1997); Талдықорған облысы бойынша ұйымдасқан қылмыс және есірткі бизнесімен күрес басқармасы бастығының орынбасары, тергеу бөлімінің бастығы, Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасы бастығының тергеу жөніндегі орынбасары (1997-1999);ІІБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, Көксу ауданы ІІБ тергеу бөлімінің бастығы, Алматы облысы Алакөл ауданы ішкі істер бөлімінің бастығы (1999-2001); Алматы облысы Ішкі істер департаменті тергеу бөлімінің бастығы, Алматы облысы Ішкі істер департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары (2001-2007); Алматы қаласы Ішкі істер департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары (2007-2010 жж.); Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің бастығы (2010-2013); Алматы облысы Ішкі істер департаментінің бастығы (2013-2020).

Қазіргі қызметінде – 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Мінсіз қызметі үшін», «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Ішкі істер органдарының ардагері» медальдарімен; «ІІМ еңбегі сіңген қызметкері», «Қазақстан полициясына 15 жыл», ІІ дәрежелі «Қайсар», «Қазақстан Республикасының полициясына 20 жыл» төсбелгілерімен марапатталды.


44 жыл бұрын (1977) «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – Бас редактор Бибинор Сұлтанқызы ТАНЕЛЬБАЕВА дүниеге келді.

Арқалық қаласында туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰМУ-ды «Телевидение» мамандығы бойынша бітірген. Өзінің еңбек жолын 1994 жылы «31 арна» телерадиокомпаниясында ақпараттық бағдарламалар журналисі болып бастады.

1994-2005 жылдары ақпараттық бағдарламалар журналисі, «Қайырлы таң» таңғы бағдарламасының шеф-редакторы, «Жаңалықтар қызметі» күнделікті және ақпараттық хабардың жетекші және шығарушы редакторы, «Информбюро» бағдарламасының журналисі және редакторы, «Радио 31» ақпараттық қызметінің журналисі және дикторы, «Радио 31» ақпараттық қызметінің бас редакторы болып жұмыс істеді. 2005-2008 жылдары –«Южная столица» («Алматы» телеарнасы) телекомпаниясында ақпараттық қызметдиректоры. 2008-2010 жылдары – BusinessResource ЖШС-да profinance.kz қаржы порталының бас редакторы. «Іскерлік жаңалықтар» күнделікті ақпараттық бағдарламасының редакторы болды.

2010-2014 жылдары – «Капитал» Баспа үйінде Kapital.kz жоба жетекшісі.

2015-2016 жылдары – «Литер-Айқын» ЖШС Liter.kz сайтының онлайн-редакциясының шеф-редакторы. 03.10. 2016 жылдан бастап – «ҚазАқпарат» ХАА» ЖШС бас редакторы. 2020 жылғы 20 қаңтарда «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – бас редактор лауазымына тағайындалды.


41 жыл бұрын (1980) «Қазақстан индустрияны дамыту институты» АҚ басқармасының басшысы Берік Темірғалиұлы БЕКЕНОВ дүниеге келді.

Ерейментауда (Ақмола облысы) туған. С. Сейфуллин атындағы аграрлық институтты, Алматы экономика және статистика академиясын бітірген. Инженер-механик, экономист. 2012-2017 жылдары ҚР ИДМ Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры болған. 2017-2018 жылдары «Индустрияны дамытудың қазақстандық институты» АҚ басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Талдау және жоспарлау орталығы басшысының орынбасары (2018-2020).

Қазіргі қызметін 2020 жылдың ақпан айынан бастап атқарып келеді.


36 жыл бұрын (1985) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Серікұлы ЖАМБАКИН дүниеге келді.

Алматы қаласында дүниеге келген. 2007 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын, 2009 жылы Манчестер университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2003 жылы «Эйр Қазақстан» ЖАҚ байланыс торабының бірінші санатты байланыс технигі болып бастаған. 2010-2011 жылдары — «HSBC Қазақстан банкі» АҚ ЕБ корпоративтік жүйелер бөлімінің басшысы, директ маркетинг бойынша офицері. 2011-2014 жылдары «Қазақстанның даму банкі» АҚ әдістеме және бизнес-процестер басқармасының басшысы, бизнес-процестер және корпоративтік даму департаменттерінің директоры болып жұмыс істеген. 2014-2016 жылдары — ҚР Ұлттық банкінің төлем жүйелерін басқару және дамыту департаменті директорының орынбасары. 2016-2017 жылдары «Қазкоммерцбанк» АҚ департаменті директорының орынбасары, директоры лауазымдарын атқарған. 2017-2018 жылдары — «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» жобалық кеңсе бағдарламаларының менеджері, басқарма төрағасының кеңесшісі. 2018 жылғы мамыр айынан бастап осы қызмеетке тағайындалғанға дейін коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.

Қазіргі қызметін 2020 жылдың қараша айынан бері атқарып келеді.




Соңғы жаңалықтар