185 млрд және 18 млрд: Қазақстан мен Қырғызстан деректері неге 10 есе алшақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бір жарым жыл ішінде Қырғызстаннан Қазақстан мен Ресейге 79 163 автокөлік тасымалданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік шекарадан тауар өткізу процесін мониторингтеу нәтижесі бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті мынаны анықтады:

Экспорттық бақылау бойынша:

- Алып қою тізбесіне енгізілген тауарларды әкетудің 389 әрекеті (133 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды);

- тыйым салынған тауарларды әкетудің 2 302 әрекеті (мұнай өнімдері, медициналық маскалар, медициналық қолғаптар, түсті және қара металл сынықтары, ағаш материалдары, картоп, ұн және басқа);

- экспорттық бақылау нормаларын сақтамаудың 181 фактісі (химикаттар, жарылғыш заттар, рентген аппараты. Сондай-ақ табиғи уранды заңсыз әкетуге әрекет жасалды - қылмыстық іс қозғалды, әскери үлгідегі қаруға арналған патрондар - ҚР экспорттық бақылау саласындағы уәкілетті органының транзиттік өнімдеріне рұқсатсыз)

Әкелінетін тауарлар бойынша:

- жалған алушыларға тауарға ілеспе құжаттарды ресімдеудің 2,6 мың фактісі (импортқа және банкроттыққа қатысы жоқ);

- жалған транзиттің 6 мың фактісі - бұл Қырғыз Республикасынан транзит ретінде мәлімделген барлық тауарлар ағынының 20% құрайды (РФ тарапынан 7,7 мың фактіні анықтады).

Мониторинг ҚҚС бойынша 2,1 млрд теңгенің 2,6 мың қосымша салық есебін қамтамасыз етті.

Тауардың тауар-көлік жүкқұжаттарында көрсетілген мәліметке сәйкестігіне ерекше назар аударылады. Қырғызстаннан келе жатқан автомашиналарға қатысты 1547 тақырыптық салықтық тексеруден 1505 жағдайда заңбұзушылық анықталды (98%).

Оның басым көпшілігі – Қырғызстаннан әкелінетін тауарлардың тауар-көлік жүкқұжаттарында көрсетілген атаумен сәйкес келмеуі.

Бұдан басқа, ҚХР-да шығарылған тауар-көлік жүкқұжаттарында көрсетілген тауарлардың бағасы біздің еліміздегі ұқсас тауарлардың бағасынан әлдеқайда төмен. Жекелеген жағдайларда 400 есеге дейін. Бұл Қазақстан Республикасының және әріптес елдердің бюджетіне ҚҚС толық түспеуіне әкеледі.

Мысалы, 2019 жылы «Алекс Транс» ЖШҚ Ресейге транзитті мәлімдеді. Халықаралық тасымалдаудың көлік құжатында ол 2,2 млн сомға 19,8 тонна көлемінде халық тұтынатын тауар құнын көрсетті. Қазақстанның кедендік құнының индикаторларымен салыстырғанда әйелдер джинсы бағасы 400 есе ($ 16-ға $ 0,04), футболкаға 150 есе ($ 12-ге $ 0,08), ал қой терісінің пальтосы 400 есе ($40-қа $0,1), ерлерге арналған джинсы үшін 15 есе ($17-ге $1,1), әйелдер мен ерлерге арналған аяқ киім үшін 80 есе ($16-ға $0,2) төмен.

Оған қоса, сол кәсіпкер жалған транзитке 51 мәрте жол берген. Яғни тауарлар Қазақстан аумағында қалды және ол бойынша салық төленбеді. Тек осы сыртқы экономикалық қызметке қатысушыдан келген залал 700 миллион теңге немесе 1,7 миллион АҚШ долларына бағаланады.

«Жалпы цифрларға келетін болсақ, онда Қырғыз Республикасының экспорты мен Қазақстан Республикасының импорты туралы деректер айтарлықтай өзгеріп отырады: Қырғызстанның цифрлары 10 есе төмен. Олардың ақпараты бойынша 2019 жылдың 9 айында Қазақстанға экспорт 18 миллиард теңгені, ал біздің деректер бойынша - 186 миллиард теңгені құрады. Құнды төмендету және жалған транзит фактілерін ескерсек, сәйкессіздіктер одан да көп болады» деп мәлім етті комитет.

Сонымен қатар, Қырғызстаннан Қазақстанға және Ресейге әкелінетін қытай тауарларының көлемі ҚХР-дан Қырғызстанға ресми импортының көлемінен 2 есе артық. Өткен жылы Қытайдан Қырғызстанға 75 мың тонна тауар импортталды, ал экспортталғаны - 149 мың тонна (Қазақстан Республикасына және Ресей Федерациясына тасымалданды).

Өзара саудадағы мұндай жағдай Қазақстан Республикасының бюджетіне нұқсан келтіреді және қазақстандық бизнесті бәсекелестіктің тең емес жағдайында қалдырады.

ЕАЭО туралы шарттың 3-бабына сәйкес, ЕАЭО жұмысының негізгі қағидаттары өзара тиімді ынтымақтастық, теңдік және тараптардың ұлттық мүдделерін есепке алуды қамтамасыз ету, сондай-ақ нарықтық экономика мен адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау болып табылады.

2019-2020 жылдар ішінде әртүрлі деңгейлерде бірнеше рет кездесулер өткізілді, онда тауарлардың көлеңкелі айналымын азайту мәселелері бойынша өзара іс-қимыл қажеттілігі талқыланды.

Импорттың және жалған транзиттің көлеңкелі айналымының жолын кесу үшін құзырлы органдардың өзара іс-қимылы маңызды. Қазақстан фискалдық органдары Өзбекстанмен экспорттық декларациялардың алдын ала ақпаратын онлайн алмасуда. Осы жылдан бастап ҚХР-мен де. Басқа елдермен де жұмыс жүріп жатыр.

«Өзара іс-қимыл бойынша ұсыныстар қырғыз тарапына да жолданды. Алайда, проблеманы шешуде біздің салған сұрауымыз жауапсыз қалып отыр» дейді комитет.

Жалпы, ЕАЭО елдерінен ҚҚС түсімі өткен жылы 1,2 есе немесе 122 млрд теңгеге ұлғайды.


Соңғы жаңалықтар